- Advertisement -

Тарихтың алтын сандығы

149

- Advertisement -

Сара МӘДИЕВА,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары.
Заманның саяси, әлеуметтік, экономикалық тынысын және жекелеген тұлғалардың өміріне қатысты тарихи мәліметтерді жинақтауға қай кезде болмасын ерекше назар аударылған. Бұл міндетті ғасырлар бойы архив орындауда. Тәуелсіздік жылдары елімізде бұл жұмыс бұрынғыдан да пысықтала түсті. 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шын мәнінде архив ісін жаңа сатыға көтерді. Алдымен архив қызметін жетілдіру бағытында бірнеше құрылымдық өзгерістер жүзеге асырылды.
Қазір облысымыздағы 12 мемлекеттік архив қызметін облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы үйлестіруде.
1998 жылға дейін барлық архивтер шаруашылық есеп бойынша жұмыс істеді. Мұның өзі архивті білікті кадрлармен толықтыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға кері әсерін тигізді. Заң қабылданғаннан кейін архивтер бір орталықтан, яғни облыстық бюджеттен қаржыландырылды. Соның нәтижесінде архивтерге тарихи құжаттарды жинақтауға, сақтауға қолайлы ғимараттар беріле бастады. Тараз қаласы мен үш ауданда архив ашылды. Қазір облыста 12 архив жұмыс істейді. Архив туралы Заң қабылданғанға дейін облыста 72 мұрағатшы еңбек етсе, қазір олардың саны 201. 1998 жылы облыс мұрағаттарының бюджеті 5 миллион 558 мың теңге болса, үстіміздегі жылы бұл салаға 288 миллион 747 мың теңге бөлінген. Архив саласындағы жетістіктер туралы айтқанда Тараз қаласы мемлекеттік архивіне ғимараттың сатып алынғандығы жөнінде айтпай кетуге болмайды. 2014 жылы наурыз айында облыс әкімі К.Көкірекбаев облыс орталығындағы архив жұмысымен танысу кезінде түйінді мәселенің шешілуіне ықпал жасады. Облыс тарихында бірде-бір облыс басшысы архивке бас сұқпаған екен. Сол жылы сегіз жыл бойы көшіп жүрген қалалық архивке ғимарат сатып алынды. Бүгінгі күні бұл архивте 27 мұрағатшы жұмыс істейді. Мемлекеттік сақтауында 92 қорда 19628 сақтау бірлігі бар. Мұндай көңілге нұр құятын жақсы істер өзге де архивтердің тыныс-тіршілігінде болды. Қазір аудандардағы кез-келген мұрағатты көрсеңіз, оның сәніне көзіңіз тояды. Барлық архив ғимараттары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Оған қоса, жаңа бағдарламалық желілер жұмыс істей бастады. Сонымен бірге, барлық архивтерге автокөлік берілді.
2008 жылы облыста барлық архивтер арасында «Лотус» электрондық байланыс желісі орнатылды. Мұның өзі жергілікті жерлерден жедел түрде ақпарат алып, сұраныс берушінің өтінішін қанағаттандыруды жеделдетті. Мұрағаттық анықтамалар беру мемлекеттік қызмет көрсету тізіміне енгізілген. Сондықтан да бұл қызметтің сапалы әрі уақтылы орындалуына ерекше назар аударылады. Тек өткен бір жылда 17268 мұрағаттық анықтама берілген.
2011 жылдан бастап архив құжаттарын электрондық-цифрлық форматқа көшіру жұмысы басталды. Бұл жұмысты жүргізу үшін жаңа қуатты, заманауи сканерлер – «book 2net KOBRA», «book 2net KIOSK», «Epson 20000», компьютерлер мен өзге де техникалық жабдықтар алына бастады. Яғни, архив жаңаша жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда 30 мыңдай құжаттың 3 миллионнан аса парағы сканерден өткізілген.
Саланың материалдық-техникалық базасы нығайып, білікті кадрлармен толығып, барлық бағытта жұмыс ширай түсті. Ең бастысы ұлттық архив қоры толықты. Жаңа тарихи маңызы бар құжаттар жинақталып, сақталуда. Қазір (биылғы жылды қоспағанда) облыс архивтерінде 872798 сақтау бірліктегі 4441 қор бар. Тарихи құжаттарды жинақтау мен сақтауда ведомстволық архивтердің белгіленген реттілік пен тәртіп бойынша жұмыс істеуі аса маңызды. Сондықтан да оларға әдістемелік көмек көрсету, жұмыстарын бақылау мен қадағалау міндеті мемлекеттік архивтерге жүктелген. Қазір бұл бағытта барлық архив жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Облыстық архивте «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында «Қайта оралған тарих» атты жаңа қор құрылды. Өзге өңірлер мен мемлекеттердегі өңір тарихына қатысты құжаттардың көшірмелерін алып, құнды деректерді толықтыруда. Алматыдағы Орталық, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мемлекеттік архивтерінен көшірмелері алынған тарихи құжаттардың құндылығы өте жоғары. Алынған құнды құжаттар негізінде ғылыми конференциялар, семинарлар өткізіліп, құжат және фото көрмелері ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін архив қоры негізінде 20-ға жуық кітап, он шақты кітапшалар мен жөнсілтемелер шығарылды. Облыстың 75 жылдық тарихы, соғыс жылдарындағы өңірдің тыныс-тіршілігі, майдан хаттары, облыстан шыққан Кеңес Одағының Батырлары, облыстағы монументальды ескерткіштер, саяси қуғын-сүргін құрбандары, ашаршылық қасіреттері жеке-жеке кітап болып жарық көрді. Сонымен бірге, Қазақ хандығының 550 жылдығының тарихи тойы Таразда қорытындылануы жайлы және Тәуелсіздігіміздің 25 жылының шежіресі хроника ретінде жазылып, кітап болып басылып шыққанын ерекше айту керек.
Осылайша тарихи құжаттарды жинақтау, зерделеу және жариялау жұмыстары да қарқын алғандығы қуантады. Бұл көпшілікті өлке тарихын тануға, білуге бастауда. 1939 жылдың қазан айына дейін бүгінгі облыс аумағы Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына қарасты болған. Сондықтан да көптеген тарихи құжаттар сол облыстардағы мұрағаттарда сақтаулы. Ал 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі деректер Ташкент архивтерінде сақтаулы. Өңір тарихын түгел жинамасақ та, біразын жинастыру үшін әлі де көп тер төгу керек.
Облыстық және Тараз қалалық архивтерінде архивтік құжаттармен дайындалған арнайы көрме орны және бөлмесі ашылған. Бұл да біздің Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміздің бірі деп санаймыз. Мерекелі жылы мұрағатшылар архивтік құжаттар негізінде 24 көрме ұйымдастырды. Атап айтар болсақ, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің жеке тектік құжаттарын қабылдау рәсіміне орай өткізілген «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме өте тартымды өтті. Оған облысымызға белгілі азаматтар мен ғалымдар, жастар қатысты. Сонымен бірге «Еңбек Ер атандырады», жыр алыбы Жамбылдың 170 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмелерді қызықтаушылар көп болды.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, басқарманың архивтер және құжаттама бөлімі мен мемлекеттік архивтер іс-шаралар жоспарын бекітіп, оның орындалуы бақылауға алынған. Сол бойынша, ағымдағы жылдың мамыр айында басқарма, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві мен Мойынқұм ауданының әкімдігімен бірлесіп, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту шаралары аясында Мойынқұм ауданында «Жер тарихы – Ел тарихы» атты өлкетанулық тарихи-құжаттық көрме және «дөңгелек үстел» басында әңгіме өткізді. Іс-шарада екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың ерен еңбегін жастарға үлгі-өнеге ету арқылы қазақ халқының мал шаруашылығын дамыту тарихына қатысты құжаттар көпшіліке ұсынылды. Қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тарихшылар, ауданның еңбек ардагерлері өз ойларын ортаға салып, шараны ұйымдастырушыларға рахметтерін айтты.
Ал маусымда 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай Меркі ауданының орталығында облыстың мемлекеттік архиві мен аудан әкімдігінің бастамасымен, Ақкөз батырдың ұрпақтарының қолдауымен «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Ақкөз Қосанов және тарихи ақиқаттар» атты конференция ұйымдастырылды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен конференцияда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғараұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталықтың директоры, тарихшы-ғалым Ордалы Қоңыратбаев, жазушы, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет Ұлт-азаттық көтеріліс туралы, оның батырлары жайлы ғылыми деректерге негізделген баяндамалар жасады. Бұрын жарияланбаған құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.
Тараз қаласының мемлекеттік архиві «Ұлы елдің ұлы істері» атты «дөңгелек үстел» өткізіп, оған облыс әкімдігінің қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының басшылары, Тараз қаласының Құрметті азаматтары, облыстық БАҚ басшылары, тарихшы ғалымдар қатысты. Бұл жиында «Тараздағы тарихи той» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі және Тараз қаласының Құрметті азаматтарының жеке тектік құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдаудың салтанатты рәсімі өтті. Тараз қаласының Құрметті азаматтары Тәуелсіздік салтанаты туралы жүрек тербейтін әдемі ойларын ортаға салды.
Міне, осы мысалдардан-ақ архивтің жұмысы сан-салалы екенін байқауға болады. Жиырма бес жылда қол жеткен жетістіктер туралы айта беруге болады. Ең бастысы бұрын жертөлелерде жатқан тарихи құжаттар зәулім ғимараттардан орын алды. Олардың ашылмаған беттері ашылды. Архивтің бар екенін, ол тарихымыздың алтын сандығы болып табылатындығын халық білді. Өзге өңірлердегі өзімізге қатысты құжаттар әкеліне бастады. Міне, мұның бәрі Тәуелсіздіктің жемісі!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support