- Advertisement -

Қиындықты қажырлы еңбегімен жеңген қайсар ана

273

- Advertisement -

социалистік еңбек ері мәрзия ибрагимова 98 жасымен тың қалпында қауышты

Оңласын ЕСІРКЕПОВ,
«Байзақ ата» қоғамдық қорының төрағасы,
Тараз қаласы мен
Байзақ ауданының
Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.

dsc_7513Облысымызда қант қызылшасы дақылын жаппай өсіру ісі 1934 жылы қолға алынғаны тарихтан белгілі. Сол кездегі Свердлов (қазіргі Байзақ), Меркі, Луговой (Т.Рысқұлов), Жамбыл аудандарында жаңа істі тез-ақ игеріп, тәжірибе жинақтап, төселе келе рекордтық өнім алғандар шыға бастады. 1948 жылы бір ғана «Қызыл жұлдыз» ұжымшарынан жеті адам бейбіт еңбектегі ерліктері үшін сол тұстағы ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағын алды.
Өлкеміздегі осы алғашқы Алтын жұлдыз иелерінің бірі – Мәрзия Ибрагимова бүгінде ортамызда аман-сау, балаларының, немере-шөберелерінің қамқорлығына бөленіп отыр.Күні ертең сегіз мүшелін – 98 жасқа толғанын тойлайтын апамыз әлі тың, жады мықты. Ол кісінің осынау ғасырға тең ұзақ ғұмырында бастан өткерген, отызыншы жылдардағы алапат аштық пен кешегі сұрапыл соғыс жылдары елмен бірге көрген небір азап пен қиыншылықтары туралы айтқандарын тыңдау ғажап әсерлерге бөлейді…
Тұлымшақты қыз кезінде қуыршақ ойнап, ешнәрседен тарықпай еркін өскен Мәрзия апамыздың 1918 жылы Ақыртасқа таяу Ұзынбұлақ аталатын жерде кіндігі кесіліпті. Әрі батыр, әрі әулие, есімі тарихи жырларда Абылай ханның жорықтас сенімді серігі қатарында аталатын ұлы бабамыз Мәмбет Күнбасұлының ұрпақтары жайлаған. Солардың бірі – Мәрзия апамыздың әкесі Рысбай өз заманының малды, дәулетті кісілерінің бірі болған.
Қазақ даласына орасан зор ауыртпалықтар әкелген 1928 жылы жүргізілген байлардың мал-мүлкін тәркілеу, өздерін өзге өңірлерге жер аудару, одан кейінгі халық қынадай қырылған аштық, күштеп ұжымдастыру берекелі де мамыражай күн кешіп келе жатқан бақуатты отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Әсіре белсенділер алдындағы бар малын сыпырып алып қана қоймай, қол-аяғын кісендеп әкеткен әкесі сол бойы хабарсыз кетті. Анасы, аға-інілері 1932 жылғы ашаршылық құрбаны болды. Бір үйдегі 15 баладан жалғыз өзі аман қалған жас қыздың басына түскен қасірет-қайғының салмағы зіл батпан ауыр еді. Егер нағашы атасы Сарымық пен оның әйелі Сара панасыз қалған жиендерін өз қолдарына алмағанда жас ғұмыры үсікке ұрынған гүлдей ерте солары сөзсіз-ді.
Қай қазақтың болмасын қиындық көрсе сүйенері – нағашы жұрты ғой. Бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ Мәрзия апамызды Қостөбе ауылындағы қыпшақ нағашылары заманның таршылығына, қиыншылыққа қарамастан өз қыздарынан кем етпей өсірді. Басына түскен қайғы-қасірет ерте есейткен апамыз да оларға көмегін тигізуді ойлап, ұжымшарға мүше болып кірді, еңбекке араласты.
Қаланың дәл іргесіндегі Қостөбе аталатын ауылда 1929 жылы құрылған, қаланың кендір өндіретін зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін кендір, мақта, басқа да дақылдар өсіретін шағын ұжымшарда егіс-дала жұмыстарының бәрі дерлік қолмен атқарылатын. Малы көп байдың әлпештеген қызы болып, үкілі бөрік, қос етек көйлек киіп, тайпалған жорға мініп өскен Мәрзия апамыз ауыртпалық атаулыға қайсар рухын қарсы қоя отырып, өмір үшін күресті, өз қатар-құрбыларынан қалыспай кетпен шауып, арық қазды. Қиындықтың нешеме түріне төзді. Жұмысқа деген ынтасымен, үлкендердің алдын кесіп өтпейтін иба-ілтипатымен тез-ақ танылды. Диқаншылықтың өте ауыр тірлігіне көндіккенінде қант қызылшасын өсіру қолға алынып, нағыз бейнетті күндері басталды. Алайда, жаңа істі тез-ақ игеріп алды. Өзгелерге үлгі бола білді.
Маңдай терін тамшылата төгіп баптаған алқабын көріп, дән риза болатындардың бірі – Дариға Жантоқова еді. Екеуін көп нәрсе байланыстыратын. Ауылға бір жылда келін болып түскендері үстіне екеуі де Шымыр-Жаңабайдың қыздары, тағдырлары да ұқсас-ты. Мойынқұмның жиегіндегі Ақжар ауылында өскен Дариға апамыз ашаршылықта отбасымен Қырғызстанды сағалаған. Жағдай кішкене оңалып, қайта көшкенде әкесі осы Қөстөбені қалап осында тұрақтаған. Жаңа мекенде Дариға апамыз Балатай деген жігітке тұрмысқа шыққан. Ол ұжымшар төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болып істеді.
Ал Мәрзия апамыз тағдырын байланыстырған Ташболат Ибрагимов өзіндей бір үйдің жалғызы болатын. Осы Қостөбені мекендеген Қарақожа әулетінің бір бұтағы. Оның отбасында анасы және оның ашаршылықта барлық туыстарынан айырылып, жалғыз қалып, әпкесінің қолына келген сіңлісі бар еді. Екі енесі де таңның атысы күннің батысына дейін алқапта жүретін келіндеріне жақсы қарады. Мәрзия апамыз бұл туралы ризалықпен еске алып отырады.
Қант қызылшасын өсіруге төселіп қалғанда Ұлы Отан соғысы басталды.Талай құрдастарымен бірге Ташболат та майданға аттанды. Ал тұңғышын босанған Мәрзия апамыз болса, белін бекем буынып, қызылша даласына шықты.
Батыста қан қасап соғыс жүріп жатқан сол бір қиын-қыстау күндерде шаруашылық жұмысының бар ауыртпалығы әйелдер мен қарттардың иығына артылды. Жұмыс күші жетіспейді. Еңбегі үлгі, тәжірибесі мол Мәрзия апамыз звено жетекшісі болды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен уақытпен санаспай, жанқиярлықпен еңбек еткен, күн шықпай алқапқа барып, қараңғылық қоюланғанда ғана үйге қайтатын әйелдер кетпенімен қоса бір-бір құшақ отынын да арқалай қайтатын. Үй шаруасын тындырған соң, түннің бір уағына дейін сығырайған май шамның жарығымен жылы қолғап, шұлық тоқитын. Өйткені, майдандағыларға жылы киім жөнелту ауыл әйелдері үшін міндетті жұмыстардың бірі болды. Осы мақсатта әр үйден жиналған соғыс салығының өтеуіне жүн таратылатын. Мәрзия апамыз өзіндей көптеген қыз-келіншектер сияқты тоқыған заттары соғысып жүрген ері Ташболатқа жетсе деп қиялдайтын.
Майданға жылы киім-кешек қана емес, азық-түлік те жөнелтіліп жатты. Ленинград қаласын қорғаушыларға облыс еңбекшілері 9 вагон азық-түлік жібергенде, олардың арасында өздері өсірген өнімнен алынған 800 центнер құмшекер де болғаны, осы оқиғаға арналған жиында майданға көмекті ұлғайта беру туралы міндеттеме алғандары да Мәрзия апамыздың есінде.
Келесі 1942 жылы ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбсамат Қазақбаев қызылшашылардың облыстық кеңесіне арнайы келіп қатысты, 1941 жылдың қорытындысында мол өнім алғандарды марапаттап, Құрмет грамоталарын тапсырды. Сол озаттардың сапында Мәрзия апамыз да болды, көпшілік алдында алған тұңғыш марапатының қуаныш-әсерін көпке дейін ұмытқан жоқ.
Соғыс жылдарының тағы бір жарқын естелігі – күйеуі Ташболаттың 1944 жылы ұрыс даласында ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделген соң, екінші топтағы мүгедек болып елге оралуы еді. Оның келе жатқан хабарын жеткізген қызға мойнындағы моншағын бергені, үйдегі жалғыз ешкісін сойып құдайы тамақ таратқаны қалай ұмытылар! Аман-сау оралған соң Ташболат та шаруашылық жұмысына араласып кетті. Қатардағы ұжымшар мүшесі ретінде талай шаруаны атқарды, трактор жүргізген кезі де болды.
Соғыс аяқталар жылы ұжымшарға Қостөбеге жақын Ақбұлым ауылында туып-өскен Мұқаметқали Нұрбаев төраға болып келді. Бұған дейін Жамбыл ауданындағы Ильич атындағы, «Октябрь» ұжымшарларын басқарып, оларды озат шаруашылықтар қатарына қосқан, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып істеген.
Көп жыл өткеннен кейін кезінде облыстың бірінші басшысы болған Асанбай Асқаров өзінің «Тағдыр» атты кітабында Мұқаметқали Нұрбаев туралы «Өзі іскер ұйымдастырушы, ұшан-теңіз тәжірибелі, өмір мектебінен өткен адам еді. Сауаты да бір басына жетіп артылатын. Көбіне араб қарпімен жазатын. Агротехниканы, өндірісті жүргізудің принциптерін өте терең білетін. Асыққан сәттерде сәл-пәл тұтыға сөйлегенімен, ойларын келістіріп жеткізетін. Бір сөзбен айтқанда, талай қасиет дарыған адам еді. Ол басқарған колхоз ауыл шаруашылығы дақылдарынан, әсіресе, қант қызылшасынан өнім алудан бірнеше рет рекорд жасаған-ды. Ол сонымен қатар талай тамаша адамдарды тәрбиелеп шығарған-ды», деп жазды.
Ұлтымыздың мақтанышы болған Асанбай Асқаровтың осындай жоғары бағасын алған Мұқаметқали Нұрбаев бас-аяғы бір жыл ішінде бұрын атағы шықпай келе жатқан шаруашылықты берісі республикаға, әрісі Одаққа танытты. Тәжірибелі де іскер ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы «Қызыл жұлдыз» ұжымшарының жер жағдайын, ағын судың мол, қалаға, қант зауытына жақын орналасқанын, еңбеккерлерінің балтамыр өсіруде мол тәжірибе жинағанын тиімді пайдалана білді. Озық атаулыны өндіріске енгізуге, техникалық жарақтануды жедел жүргізуге күш салды. Білікті, білімді мамандарды жұмысқа шақырды. Бас агроном Мұстапа Бұралхиев негізгі қызметіне қоса Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Жамбыл облысындағы өкілі болып істеген. Ғылыми жұмыспен көп айналысқан. Ауыспалы егістің жаңа әдісін ұсынып, ол шаруашылықтарда табысты қолданылған.
«Жақсы басшы – елге құт» деген ғой. Оның арқасүйер мамандары шетінен білікті, білімді болса істің өрге басқаны. 1947 жылы дәл осылай болды. Ерте көктемде қызылшашы төрт құрбы – Дариға, Сындыбала, Қанымқыз және Мәрзия әрқайсысы төрт гектардан қант қызылшасын баптауға кірісті. Бригада жетекшілері соғыс кезінде еңбек армиясында болған Айтжан Бөгенбаев, майдан даласынан елге аман оралған кешегі жауынгер Керімбай Мырзақұлов болатын.
Қызылшашыларды еселі еңбекке жұмылдырған тағы бір жәйт – сол жылы Одақ астанасы – Мәскеудегі басшылар қант қызылшасын өсіруде әр гектардан 800 центнерден асыра өнім алғандарға Социалистік Еңбек Ері атағы берілетіні туралы Жарлық шығарған-ды.
Атақты емес, жұмысты ғана ойлайтын Мәрзия апамыз бұл хабарға онша мән бере қойған жоқ.
– Бізді табысқа жетелеген намыс еді. Еңбек Ері болуды, немесе жоғары марапат алуды ойға да алмадық. Жұмыста елден қалмауға ұмтылдық, – дейді сол күндерді еске алғанда апамыз.
Шындығы да осы болатын. Құрбыларынан қалыспай, Мәрзия апамыз күзде сүдігер жыртылуын қадағалап, қыста күл, көң төгіп тыңайтқан алқабының әр сүйемін дерлік көз алдында ұстады десек болар. Ерте көктемнен бастап, қашан жиын-терін аяқталғанша балаларын үйіндегі екі енесіне тапсырып, егіс басынан табылды. Жекелеу, арамшөбін отау, қатараралығын қопсыту, жаз бойы суы қанық болуына жету үшін көп қайрат-жігер жұмсады, звено мүшелерін де осыған жұмылдыра білді. Әсіресе, жаз бен күз көп суаруға маңыз берді. Мұнсыз жақсы өнім болмасын тәжірибеден түйген-ді. Өйткені, бұл кезде балтамыр жақсы салмақ қосады. «Ырыс көзі – ылғал» дегенді бекер айтпайды.
Қоңыр күз де жетіп, қызылша қазығы басталғанда Мәрзия апамыздың алқабында тәтті түбір тау-тау болып үйіліп жатты. Аршылғанын қолмен автомашиналарға тиеп, қабылдау орнына жөнелтудің басы-қасында Мәрзия апамыздың өзі жүрді. Қолына басы доғал айыр алып, автомашинаға тиесті. Өнімді жөнелту қағазы дұрыс толтырылуын бақылады. Үш дана етіп толтырылатын оның өзіне қалдырылғанын ұқыпты сақтады. Бұл сақтығы кейін басына қара бұлт үйірілгенде өзін ақтады да. Бұл туралы сәл кейінірек айтамыз.
Соңғы үймек тиеліп жөнелтілгеннен кейін көп ұзамай-ақ звеноның жыл бойғы еңбек нәтижесі де шығарылды. Әр гектардан 820 центнерден айналыпты. Рекордтық көрсеткіш еді. Құрбыларының көрсеткіштері де осы деңгейде. Тіпті, озғандары да бар. «Жақсы хабар жерде жатпайды» деген. Шаруашылықтың даңқы алысқа кетті.
Келесі жылдың көктемінде көптен күткен қуанышты хабар келіп жетті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1948 жылдың 28 наурызындағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілген қазақстандықтар арасында «Қызыл жұлдыз» колхозынан звено жетекшілері Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова, Қанымқыз Тортаева, Мәрзия Ибрагимова, бригада жетекшілері Айтжан Бөгенбаев, Керімбай Мырзақұлов, ұжымшар төрағасы Мұқаметқали Нұрбаев бар еді. Ал бас агроном Мұстапа Бұралхиев Еңбек Қызыл Ту орденін алды. Өндірістің нағыз технологі бола білген бұл кісінің де өңіріне Алтын жұлдыз қадалуына әкесі Бұралхының патша заманында ұзақ жыл болыс болғаны, өзінің нәубет жылдары алаш қайраткерлерінің ісі бойынша тұтқындалып, айдауда болып келгені кедергі жасағанын бағамдауға болатын.
Айта кеткенді жөн санаймыз, Мәрзия мен Дариға апамыз сияқты Мұқаметқали Нұрбаев та, Мұстапа Бұралхиев та Мәмбет бабамыздың ұрпақтары болып келеді. Тағдырлары бұларды облыстың әр түкпірінен келіп, «Қызыл жұлдыз» ұжымшарында бірге еңбек етуді жазыпты.
Бір өзінен жеті бірдей Еңбек Ері шыққан «Қызыл жұлдыз» ұжымшарының атағы шарықтап, Одақтық, республикалық, облыстық, аудандық газеттер көлдей-көлдей мақалалар арнады. Алтын жұлдызды республиканың сол кезгі бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовтің өзі келіп тапсырды. Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының ол кездегі ең тәуір мәдениет орны теміржолшылар клубы еді. Салтанатты жиналыс та осында өтті.
Келесі, 1948 жылдың қорытындысында жоғары көрсеткішке жеткен жетеуі де Ленин орденін алды. Осынау жоғары марапатпен өзге емес, КСРО Ауыл шаруашылығы министрі И.Бенедиктовтың өзі құттықтап, үкіметтік жеделхат жібергені мерейлерін тасытқан еді-ау. Шаруашылыққа осы министрдің орынбасары, Кеңес Одағының даңқты маршалы С.М.Буденныйдың 1948 жылы арнайы келіп танысып кеткені де бар.
Араға жыл салып шаруашылықтағы Еңбек Ерлерінің саны екі адамға өсті – бригадир, соғыс ардагері Рүстем Шөпенов пен қызылшашы, ұлты қарашай Пәтия Шидақова өңірлеріне Алтын жұлдыз тақты.
Тоғыз еңбеккері бірдей Алтын жұлдызды болған «Қызыл жұлдыз» ұжымшарының даңқы кейінгі жылдары да алысқа жетіп жатты. Мәрзия апамыз да шыққан биігінен еш төмендей қойған жоқ. Ол жылдары озат еңбеккерлерге көрсетілер құрметтің бірі – Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне ( ВДНХ) жолдама беру болатын. 1952 жылы осындай құрметке ие болған Мәрзия апамыз Мәскеуден аталған көрменің күміс медалін алып оралды.
Өмірдің осындай қуанышты сәттерімен қоса сынға салған кездері де болды. 1953 жылы әлдекімдердің көреалмаушылықпен, қызғанышпен жазған арызы «Қызыл жұлдыз» ұжымшарының тату тірлігін аяқ астынан күл-талқан етті. Тергеушілердің екпіні қатты еді. Олар ұжымшар басшысына қоса, онымен бір жылы жоғары Үкімет наградаларын алғандар іліккен «қара тізімдегі» Мәрзия апамызды жауапқа алғанымен, айыптар дәлел таба алмады. Жоғарыда жазғанымыздай, қай іске де ұқыпты апамыз қант зауытына тиеп жөнелткен өнімнің жөнелту құжаттарының барлығын өзінде мұқият сақтайтын. Соларды көрсетті. Қызылша алқабынан зауытқа тапсырылған өнімнің көлемі түгел жазулы. Есептеп жіберсең, гектарына қанша алынғаны шыға келеді. Ешқандай қосып жазу жоқ. Осыған көзі жеткен соң тергеп, тексерушілер апамызды жайына қалдырып, жөндеріне кетті. Бірақ, «қадалған адам ақтан да қара дақ табады» демекші, арасында М.Нұрбаев пен Д.Жантоқова бар жеті адам қамауға алынды. Мәрзия апамыз құрбысының мұндай халге тап келгеніне қатты уайымдады. Бірақ, не істей алады? «Аққа Құдай жақ» түбі әділдік орнар деген үмітпен өзін жұбатты. Ойлағанындай болып, араға үш жыл салып Дариға апамыз да, сәл кейінірек М.Нұрбаев та елге оралды, ақталды, атақтарын қайтарып алды.
Ұзақ жыл қажырлы еңбек ете жүріп Мәрзия апамыз шаруашылықтың бітпейтін жұмыстарына өзіндік үлесін қосқан ері Ташболат екеуі отбасында екі ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Бәрі де заманына сай білім алды, өмірден өз орындарын тапты. Ең үлкендері Рахматулла ұстаздық етсе, Ергешбай дәрігер-хирург болды. Қыздары Нарбүбі, Гүлнара, Айсаралар да әр салада еңбек етіп жүргендер. Немере, шөберелері де желкілдеп өсіп келеді. Соғыс тозағынан өткен жұбайы Ташболат 1996 жылы қайтыс болған.
Апамыз жасы жетіп зейнеткерлікке шыққан соң, Сындыбала және Дариға құрбыларымен бірге аудан, облыс, республика өмірінен сырт қалмай, талай шараларға қатысты. Әсіресе, республиканы Д.А.Қонаев, облысты А.Асқаров басқарған жылдары бұларға көрсетілген құрмет-қошемет аз болған жоқ. Бірде Дариға апамызбен бірге сол кезгі ел астанасы – Алматыға барып Қазақстанның барлық түкпірінен келген таңдаулы еңбеккер аналар бас қосқан «дөңгелек үстелге» қатысқаны, сонда журналистерге өздерінің еңбек жолдары туралы кеңінен әңгімелеп беріп, соңында соғыс кезінде егіс басында майданға кеткен ерлерін сағынып, шырқаған әндерін екеуі қосыла шырқап, жиналғандардың алғысын алғандары бар. Бірге жүріп, біте қайнасып, бірге өмірдің қуаныш-қызығын көрген қос құрбының жетпіс, сексен, тоқсан жылдық тойларын аудан, облыс болып тойлады.
Аяулы Дариға құрбысы туралы жастарға сыр айта қалса, Мәрзия апамыз көлгір Колбин республика басшылығына келгенде қуғындалған ел ардақтылары Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтарға араша түскен жамбылдық ардагерлердің сапында жүрген күндерін еске алады. Тәуелсіз еліміздің тарихына үңілген адам сол жылдары жамбылдық ардагерлер құрған «Асқаровты қорғау комитетінің» талай істі атқарғанына қанығады. Жылқыбай Аралбаев, Арыстан Өтеулин, Жапар Түйебеков, Нұрғали Торғаевпен қатар Дариға Жантоқова, Сындыбала Оңғарбаева, Мәрзия Ибрагимова апаларымыз өңірлеріне Алтын жұлдыздарын тағып алып, Асқаровтың соты өтіп жатқан Бішкекке бірнеше рет барған. Бір жолы осы елдің сол кезгі Президенті Асқар Ақаевқа, әлем таныған атақты жазушы Шыңғыс Айтматовқа жолығып, ықпал жасауларын сұраған. Тіпті, Алматыға Горбачев келеді дегенді естіп, ыңғайын тауып өтініштерін айтпаққа оның жолын тосқан кезде үй қамақтағы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа кіргендері, әңгімелесіп, кеңес алғандары қалай ұмытылар! Ел тілегін жеткізгендері текке кеткен жоқ. Асқаров ақталып, ел ортасына оралды. Кейін Қонаев та, Асқаров та аға-апаларымызды естерінен шығармай, алғыс айтып жүрді. Ұлы адаммен бірге түскен суретті апамыздың қастерлеп сақтап келе жатқанында осындай сыр бар.
Қарттықты әдетте, адамның алтын күзіне теңейді. Өмірінің осы кезеңінде құрметке бөлену бақыты көп еңбек еткендерге бұйырары – ақиқат нәрсе. Кезінде еңбегімен елге танылып аудандық, облыстық кеңестерге бірнеше мәрте депутат болып сайланған Мәрзия апамыздың есімі облыс тарихына қатысты іргелі жиындар өте қалса биік мінберден аталмаған кезі жоқ.
Еңбекпен шыңдалған, оқымаса да тоқығаны көп, саламатты өмір салтын ұстанып, ішімдік дегенді аузына татып алмайтын апамыз бертінге дейін денсаулығына шағым айтып, аурухана есігін ашып көрмепті. Алайда, өмір болған соң, қуанышы мен қайғысы алмасып тұрады ғой. 2005 жылы сүйікті ұлы, елге танылған дәрігер-хирург, үлкен отбасының иесі Ергешбай Ибрагимов қайтыс болып, бұл қаза апамызға ауыр тиді. Бір дана айтпақшы, адамның аса зор ерекшелігі қайғыны жеңе білгендігі ғой. Апамыз иілсе де сынбады. Бірақ, сол кезден бері жүрегі сыр беріп, ауруханаға жатып қалатын кездері болды.
Уақыт бәріне емші. Апамыз үшін өзіне, еңбегіне деген ел құрметі ортаймай келе жатқанын сезіну – үлкен демеу. «Қызыл жұлдыз» ауылында бір көше мен балалар бақшасы апамыздың атында. Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылының басты көшесіндегі Әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінің жанында «Батырлар аллеясы» бар. Бұл жерде ауданнан шыққан 27 Социалистік Еңбек Ерінің сапында Мәрзия апамыздың да суреті ілулі.
Сегіз мүшел – аз жас емес. Осындай белесті еңсерген Алтын жұлдызды апамыздың алдағы мүшелтойы өткелі отыр. Бұл рушылдық емес, көп жасаған ананың өмір, еңбек жолын насихаттайтын осындай той өткізу ата-баба дәстүрін құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығының жарқын өнегесін таныту десе болады. Осы арқылы біз елдігімізді, ерлерімізді дәріптеп жас ұрпаққа лайықты тәрбие береміз, оларды адал еңбек етуге, туған елі мен жерін құрметтеуге баулимыз, үйретеміз емес пе?!
Иә, Алтын жұлдызды тұңғыш алғандар сапында болып, көп жасаған анамыздың тойы – еңбек тойы, елдің тойы. Ұрпақтарыңыздың мейір-шарапатына бөленіп, халқыңызбен бірге жасай беріңіз, Мәрзия апай!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support