- Advertisement -

Алып Аманжолов

164

- Advertisement -

Жас боксшы енді ересектер арасында топ жаруды көздейді

Нұрсұлтанның балалығы Қарақалпақ елінің Қараөзек өңірінде өткен. Отбасының тұңғышы болғандықтан, атасы – Қозыбақ пен әжесі – Нағжан бауырына басыпты. Ата-әжеге еркелеп, батыл, мінезді бала болып өсті. Балалық шағын ауыл балаларымен алысып, алаңсыз өткерді.
Он жастан асқанда мектептегі түрлі спорттық үйірмелерге барып, 15 жасында қолына былғары қолғап киді. Мектептегі спорт саласының мамандары әуелі мұның физикалық әлеуетін, дене тұрқын жоғары бағалады. Ә, дегенде, спортты денінің саулығы үшін қажетсінгенімен, оқушылар арасында екі-үш мәрте жетістікке жеткен соң, боксқа аңсары ауа түсті. Інісінің бұл қадамына, әсіресе, ағасы Нұрбол ерекше қуанған. Теледидардан Бақтияр Артаевтың, Серік Сәпиевтің жеңістерін көрген сайын «Сәті түссе, осы інімді тараздық бапкер Нұрлан Ақүрпековке тапсырамын, сол кісі баптайды» – деп ой түйетін ол іштей.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, 2012 жылы оның отбасы Таразға қоныс аударады. Нұрбол дегеніне жетіп, боксқа бейім інісін белгілі бапкер Нұрлан Ақүрпековке табыстайды. Тәжірибелі бокс маманына алдымен Нұрсұлтанның бойының ұзын болғаны (екі метр) ұнайды. Нұрлан бапкердің сол жылдары Жамбыл жерінен ауыр салмақтағы боксшы шықса деген арман-тілекпен лайықты үміткерді іздеп жүрген кезі. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп, жаттығуды бастап жібереді. Нұрсұлтан еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Ала таңнан қара кешке дейін жаттығу залынан шықпай, тер төгеді. Нұрлан тәлімгерге де керегі сол.
Шүмектеп төккен тер жемісін бермей қоймасы анық. Нұрсұлтан жастар арасында біраз жетістіктерге жетті. Көп ұзамай ересектер қатарына қосылып, еліміздің алдыңғы қатарлы боксшыларымен қолғап түйістіретін дәрежеге көтерілді. Тіпті, елдің қошеметіне бөленіп жүрген Руслан Мырсатаевпен де тең дәрежеде жұдырықтасып, көзге түскені бар. Ересектер арасында бірнеше халықаралық турнирлерде топ жарды. Былтырғы ел чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Биыл да Нұрсұлтанның бағы жанған жыл болды. Әуелі Алматыда өткен Халық Қаһарманы Қ.Рысқұлбековті еске алуға арналған халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. Содан кейін, қазан айында Тайланд елінде өткен студенттер арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде грант жүйесімен оқимын. Университет ректоры Махметқали Сарыбеков, кафедра меңгерушісі Сұлтан Қасымов, бапкерім Нұрлан Ақүрпеков ағаларға алғысымды білдіремін. Алда да ел сенімін ақтауға күш саламын», – дейді боксшы Нұрсұлтан. Ал бапкері Нұрлан Ақүрпеков: «Нұрсұлтанның бір жақсы қасиеті – айтқан тілді алатыны, сыннан қорытынды шығаратыны. Дер кезінде тез ойланып, дұрыс шешім қабылдайтыны. Студенттер арасында әлем чемпионы атануы – үлкен жеңіс. Бұл жеңіс ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тамаша тарту болды деп ойлаймын. Енді біз Павлодар қаласында осы қарашаның 19-ы күні басталатын бокстан ересектер арасындағы ел чемпионатына қызу дайындық үстіндеміз. Еліміздің аса ауыр салмағында қазір Иван Дычкодан бөлек Қамшыбек Қоңқабаев, Нұржан Бекзатов, Әли Бабаев секілді үздік боксшылар бар. Соған қарамастан, Құдай қаласа, сәтін салса жүлдегерлер қатарынан көрінуге күш саламыз», – деді.
Алдағы уақытта Керекуде өтетін ел чемпионатында Нұрсұлтан Аманжолов жақсы қырынан танылса дейміз.

Е.Жаңабайұлы,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support