- Advertisement -

Бойына қарасаң… бала, жасына қарасаң…жігіт

137

- Advertisement -

Тағдыр тәлкегі мен басқа түскен тауқыметке қасқайып қарсы тұрып келе жатқан жандар арамызда аз емес. Солардың бірі сарысулық Қожамқұл. Ол бүгінде жасы 27-ге толған азамат болса да, бойы 12 жастағы жасөспірімдікіндей, өспей қалған. Дауысы да кішкентай баланыкі. Ал салмағы бар-жоғы 28 келіден аспайды. Біз бұл туралы ғаламтор беттерінен біліп, алдымен жеңгесі Кенжеге, содан img-20161111-wa0054 img-20161111-wa0053Қожамқұлдың өзіне де телефон арқылы хабарласып, ол жайлы түрлі мәліметтерге қанықтық.
Қожамқұл Байкеев Сарысу ауданына қарасты Шағала ауылында өмірге келген. Сол ауылдағы Шағала орта мектебінде 9-сыныпқа дейін оқыпты. Кейіннен Байзақ ауданындағы Бурыл ауылына қоныс аударған ол мектепті толық бітіре алмаған. Оқуын колледжде жалғастыруға ниеттенгенімен оған денсаулығы мүмкіндік бермепті.
Бала кезінде басым жиі ауырғанымен, оған балалық қызбалықпен Қожамқұл аса мән бермепті. Алайда, 8-9-сыныпқа дейін жақсы оқыған ол кейіннен басының шыдатпай ауырғанына байланысты сабақ үлгерімін нашарлатып алады. Ал жігіт өзінің науқас екенін 9-сыныпты бітіріп, колледжге құжат тапсырар кезде бір-ақ білген.
– Медициналық тексеруден өтіп жатқанымда дәрігерлер менен күдіктеніп, томографияға түсірді. Сол кезде барып миымда ісік бары анықталды. Дәрігерлер дереу тіркеуге алып, мені Астанадағы нейрохирургиялық орталыққа жіберді. Бірақ маған ота жасауға болмайды екен. Ісік мидың ең белсенді, қажетті бөлігінде болып шықты, сондықтан «алып тастаса мүгедек болып қалу қаупі бар» деді дәрігерлер. Бір қуантарлығы, ол ісік өспейді екен. Дегенмен, ол менің дамуыма, физикалық тұрғыдан жетілуіме, гармондардың дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізген. Соның салдарынан бойым бүгінде 12-13 жастағы балалардыкімен бірдей болып қалған. Бойым – 1 метр, 32 сантиметр, ал салмағым – 28,5 келі, – дейді Қожамқұл Байкеев.
Қожамқұл осыдан біраз уақыт бұрын ғана Алматыда болып, білікті дәрігерлерге көрініпті. Телеарнадағы бір бағдарламадан Жангелхан Абылайұлы деген дәрігерді көріп, оны іздеп, тауып жолығыпты. Дәрігердің айтуынша, Қожамқұлдың бойындағы кемшілікті түзетуге мүмкіндік бар екен. Бірақ, ол үшін алғашқы емнің өзіне 5 миллион теңгедей қаражат қажет.
– Профессор, эндокринолог Жангелхан Абылайұлы Қожамқұлды бастан-аяқ тексерді, түрлі сараптамалар тапсырды. Қысқасы, бойының өзге жігіттер секілді өсіп, жетілуіне мүмкіндік бар екен. Бірақ ол үшін оған бір жыл бойы ампуласы 120 мың теңге тұратын екпе салу қажет. Жангелхан Абылайұлы: «Оны өзім тауып, қалай салу керегін, бойына, салмағына лайықты дозаны да белгілеп беремін. Бір апта бақылауда болады, сосын ауылына қайтып, сонда салдыра беруге болады», – деп отыр. Алдында алпыс мың теңгеге сынамасын салдырып көрдік. Соның өзінде бойы 1-2 сантиметрге өсті. Соған қарап, үмітіміз оянып отыр. Енді қажет қаражатты таба алсақ жақсы болар еді. Жомарт, қайырымды жандар қолұшын берсе дейміз. Дәрігердің айтуынша, өсу үдерісі 29-30 жасқа дейін ғана жүреді екен. Ал Қожамқұл қазір 28-де. Уақыт жоғалтуға болмайды, – дейді жеңгесі Кенже.
Қожамқұл – отбасындағы 4 баланың кенжесі. Өзінен үлкен аға-әпкелері үйленіп-жайланған. Анасы – зейнетте, ал әкесі ертеректе, ол 1-сыныпқа барар жылы қайтыс болыпты. Кенеттен жүрегі тоқтап қалған әкесінің жансыз денесін көрген бала қатты шошынып қалған, мидағы ісік соның салдарынан пайда болуы мүмкін деп болжайтын көрінеді анасы. Жеңгесі Кенже Қожамқұлдың өлең жазатын қабілеті бар дейді. Өнерге жақын, ширақ, әзілге жүйрік екен. Әсіресе, ол ғаламтордағы дене бітімі келісті, бойы ұзын жігіттердің суретін монтаждағанды ұнататын көрінеді. Бәлкім, өзімде сондай болсам деген арманы шығар.
– Өзім қатарлы жігіттердің бәрі отбасын құрып жатыр. Мен де соларға қарап үйленсем, бала-шағам көп болса деп армандаймын. Бірақ қазіргі жағдайыма, түр-әлпетіме қарап, қыздарға қырындауға қорқамын. Көбісі мені кішкентай, мектеп оқушысы деп қалады, – дейді Қожамқұл күмілжіп.
Бойы болмаса да, ойы биік, арманы асқақ Қожамқұлға қолұшын берер қайырымды жандар табылса, дәрігер айтқан дәріні ертерек салдырып, сауығуына мүмкіндік туар еді. Өйткені, көптің көмегі талайлардың дертіне дауа, сырқатына ем болып жатқаны баршаға аян.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support