- Advertisement -

«Қорқытатындар» көбейді

113

- Advertisement -

Мен өте қорқақпын. Əлде, қоян жылы туғандар сондай ма? Үйге келсем əкем:
– Əй бала, мемлекеттің қаражатына қол салма, аулақ жүр, – деп жұдырығын түйіп қорқытады.
– Құдай сақтасын, – деймін.
– Біреуге өтірік айтсаң желкеңді қиямын, – деп, шешем отыр.
Қайда барып күн көрем?.. Жұмысқа келсем онда да «батырлар» көп. Кеше біреуі келіп:
– Сені соттатып жіберемін, – дейді қолын ербеңдетіп.
Зəремді алды. Енді қайтемін? Əлде əкесі сотта істей ме? Соңғы кезде мені «қорқытқыштар» көбейіп кетті.
Телефоным шыр ете қалды. Үрейленіп отырғанымда селк ете түстім. Дегенмен:
– Əлеу, – дедім сыпайы кейіппен. Бірақ ол да:
– Оңбаған, сені театрыңмен қоса құртып жіберемін, – дейді әй-шәй жоқ.
Таныс дауыс, бірақ атын айтуға қатты қорқамын. Қаламызға белгілі ақ шашты, алпысты алқымдаған ақын.
Кабинетіме тағы біреуі аузы көпіріп кіріп келді де:
– Біз талай директордың қалпағын қайырғанбыз, – деп, үстелдің үстін сабалап кетті.
Қалпақ кимейтін болғасын қуанып отырмын. «Батырлар ел арасынан шығады» деген сөзге енді көзім жетті. Қазір қолына найза емес, қалам ұстаған «батырлар» көп. Арызқойларды айтамын.
Шынымен де қайда барып күн көрем?.. Күшеншек «батырлардан» қорқып өлетін болдық қой.

Нұрлыбек ЖҰБАТХАН,
«Екі Езу» театрының әзілкеші.

Ақтөбе облысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support