- Advertisement -

«Өнер ордасы жас таланттармен толығып келеді»

188

- Advertisement -

Театр – әдебиет, музыка, кескіндеме, архитектура, би және кинематогра­фияның мәнерлі әдіс-тәсілдерін бойына жинақтаған синтездік өнер. бір кездері театрды кино «жұтып» қояды деген жаңсақ пікірлер аз болмағаны мәлім. Алайда әлемнің рухани сұранысын қанағаттандыратын тірі өнер ордасы өзінің өміршеңдігін жойған емес. Талай өнер корифейлерінің тұсауын кесіп, тұлғалық келбетінің қалыптасуына ықпал еткен театр сахнасындағы трагедия, драма, комедия және өзге жанрдағы қойылымдар өз көрермендерін, театрға жаны да, жүрегі де жақын жұртшылықты бейжай қалдырмай келеді. Сан түрлі эксперименттік жолдарды бастан өткерсе де, қайта айналып Станиславскийдің жүйесіне оралатын қойылымдар халықтың жүрегіне жол тапқан. өнердегі Өзіндік соқпағы бар үлкен театрлардың бірі – Жамбыл облыстық қазақ драма театры. 1936 жылы көрермен қауымға есігін айқара ашқан қасиетті өнер ордасына бүгінде 80 жыл болыпты. Көптеген өнер саңлақтарының кәсіби шеберлігіне куә болған театр сахнасында есімі елге танымал хас талант иелері көптеген классикалық қойылымдарда басты рөлдерді сомдады. Жамбыл жұртшылығымен бірге жасасты. Тарихпен тамырлас театр бүгінгі таңда жаңа леппен, өзіндік үнімен көрерменнің көзайымына айналуда. Мерейтой аясында облыстық қазақ драма театрына арнайы бет арнауымыздың да қыр-сыры осында болса керек.

Болат Бекжанов,
облыстық қазақ драма театрының директоры.

– Бұрындары облыстық қазақ драма театрында орта буыннан кейінгі жастардың қатары үзіліп қалғандай көрінетін. Сол олқылықтың орны сезіле ме?
– Қазіргі таңда өнер академиясында кәсіби тұрғыда білім алған жастардың өңірлік театрларға келуі өте қиын. Оның түрлі себептері де баршылық. Бірінші себебі – өңірлерде жас актерлерге әлеуметтік жағдай жасалмайды. Пәтер беру тағысын тағы мәселелерді шешу қиындау. Тек мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлестіріледі ғой пәтер деген. Екінші бір себебі – бүгінгі күні жастардың бәрі танымал болуға ынтық. Сол мақсатпен Астанаға барғанды, Алматыда қалғанды қолайлы көреді. Сөйтіп телеарна, кино арқылы елге таныламыз деген ойда жүреді.
Біраз жылдан бері бізге академия бітірген актерлер келуді ұмытқан. Алайда бізді тұйыққа тіреген бұл мәселені шешу жағын ойластырдық. Ойлана келе, Жамбыл жерінде кіндік қаны тамып, қазіргі кезде өзге облыстарда еңбек етіп жүрген жастарды елге шақыруға бел будық. Осы мақсатты орындау ниетімен сонау Ақтаудан Кенен Ақүрпеков деген талантты жерлесімізді, Петропавлдан Қажыбай Айтибаев, Шолпан Айтибаева, Алматыдан Анар Алтыбаева, Талдықорған театрынан Ақан Ізгібаев секілді жерлесімізді шақырдық. Олар біздің театрымызда әлбетте өзгеріс жасайтын, жаңа леп қосатын жастар. Жаңалықты жастар жасайды ғой. Міне, сол жастардың бір легі біздің қатарымызға қосылды. Бәрі де тәжірибе жинақтаған қыз-жігіттер. Туған жеріне оралған театрдың жас тарландары келе сала жақсы рөлдерді сомдап жатыр. Мұндай өзгерістің болғаны дұрыс.Өз актерлеріміз жаңадан келген жастардың ойынын көреді. Іштей бәсекелестік туады. Жарыс болған жерде өнердің өркендейтіні мәлім.
– Енді 80 жылдық мерейтой туралы сөз етсеңіз…
– Мерейтойға театр ұжымы сақадай сай дайын отыр. Ең бастысы, театр қолдаусыз қалған емес. Осы ретте облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлының үлкен қолдауын сезініп отырғанымызды айта кеткен ләзім. Сондай қолдаудың арқасында 80 жылдық мерейтойымызды республика көлемінде тойлауға мүмкіндік туды.
Биыл біз ішкі фестивалімізді өткізген жөн деп ұйғардық. Оның маңызы зор. Республкалық, халықаралық деңгейдегі фестивальдарды өткізіп жүрміз ғой. Ол жерде біз қонақтардың өнерін тамашалайтынбыз. Әр театр өз спектаклімен келетін. Бұл жолғы мақсатымыз 80 жылда біздің театрымыз қай деңгейге көтерілді, қандай классикалық туындыларды қоя алды, қай межені бағындыра білді деген сауалдарға еліміздегі айтулы сыншыларды шақырып, соларға көрсетіп, ұжымның, актерлердің, режиссерлердің, жалпы алғанда труппаның көтерілген биігін байқасақ деген ой болды. Алла қаласа, бес спектакль ұсынып отырған жайымыз бар. Сол қойылымдарда актерлер өз өнерлерін ортаға салады. Сол арқылы сыншылардың әділ бағаларын алады деген ниеттеміз. Әлбетте, бүкіл республика театрларынан режиссерлер, Алматы мен Астанадан белгілі өнер тарландары, драматургтер, театртанушылар, әдебиетшілер шақырылды. Осылайша Тараз төрінде үлкен бір театр мерекесі өтетін болды.
– Тоқпановтың «тоқпағынан» өткен талай таланттар өнер көрсеткен ұжым соған лайық та шығар?..
– Бүгінгі таңда елімізде бір-екі театрдың атауы жоқ. Осыдан біраз жылдар бұрын қазақ театр өнерінің майталмандарын тәрбиелеген қазақтың тұңғыш кәсіпқой режиссері Асқар Тоқпановтың атын біздің театрға беру туралы мәселе қозғалған болатын. Ұсыныс беріліп жатыр. Құдай сәтін салса, бұл мәселе оң шешімін тауып қалатын шығар деп отырмыз. Ол кісі біздің театрда кезінде бас режиссер болып қызмет еткені көпшіліктің есінде болар. Тамаша шығармалар қойып, халықтың ықыласына бөленген хас талант. Өзі де, өнері де, тағдыры да күрделі тұлға ғой. Тоқпановтың қазақ театрларында қайталанбас, үлкен орны бар екенін жұрт біледі. «Тоқпанов атындағы театр» дегеннің өзі жарасымды естіліп тұратын секілді.
– 80 жылдық тарихы бар театрдың репертуары жаңарып, жастармен толығып отыр. Тағы қандай өзгерістер болады, репертуар жағынан болсын, басқа қырынан болсын…
– Театрдың аты – театр. Заман, уақыт талабына сай түрлі эксперименттерге барып жатамыз. Дегенмен, әртүрлі дүниелерді сынақтан өткізгенімізбен, театрдың әу бастағы сара жолына қайтып оралатынымыз бар. Кезінде бейнеклубтар шыққанда бәрі секілді мен де енді театрға халық келмейтін шығар деген ойда болдым. Кино шыққанда да сондай ой жетегінде жүрдік. Ал қазір сол бейнеклубтар қайда? Осының өзі-ақ театрдың ешқашан жабылмайтынын дәлелдеп тұр емес пе? Жыл сайын өзгеріс болып тұрады. Оны көрермендеріміз жылы қабылдап та жатыр. Лық толған залдың өзі соның дәлелі болса керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support