- Advertisement -

Жаман –түсіне сенеді

215

- Advertisement -

«Адам деген не көрмейді түсінде,
Жатыр екем бүгін қабір ішінде», –
деп Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов айтпақшы, ұйқы құшағында жатып неше түрлі түс көреміз. Атам заманнан бері адам баласын қызықтырып келген, сыр мен жұмбаққа толы құбылыстың бірі – түс көру. Ұйқыда жатқан адамның шытырман оқиғаларға қатысып, қорқынышты жағдайларға ұшырап, кейбіреулердің айғайлап сөйлеуі, қара терге малынуы, әртүрлі әрекеттер мен қимылдар жасауы жиі кездесетін жағдай. Бұл құбылыстар кейде өз басымызда да кездесіп жатады. Жақсы түс көрсек қуанып, жақсыға жоримыз да, жайсыз түстер көрсек «Түс – түлкінің боғы» дейміз де қоямыз.
Харұн Рашидтің Әзірейіл періштеден енді қанша өмірі қалғанын сұрағанда, оның бес саусағын көрсеткен түсін Әбу Ханифаның ғайыптың бес хабарын Алла тағаладан басқа ешкім де білмейді деп жоруы, Абылай ханның түсін өзіңнен кейінгі ұрпағыңның ұсақталуы деп Бұқар жыраудың жоруы, Шыңғыс ханның қайын атасы Дэй шешеннің түсі, Бабырдың Самарқан қаласын алар алдындағы және оның өлімге бас байлағандағы көрген түсі, қайда барса өз көрін қазғандарды көрген Қорқыттың түсі, қазақ жерін «ақ патшаның» басып алу қаупіне алаңдап: «Бұл арадан көшпесең, айтқаныма түспесең, орыс алар қалаңды, шулатар қатын-балаңды, осыны көрдім түсімде!» деген Асанқайғы бабаларымыздың түсі әлі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай келе жатыр. Бұған химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп барып тапқан әйгілі Д.Менделеевті де қоссаңыз… Апыр-ай, сонда түс көру деген не өзі?
Ислам ғұламалары хадистерде түс туралы мынадай үш түрлі мәліметтерді келтіреді:
1. Рахмани түстер – Алла тағала тарапынан періштелер арқылы ұйықтап жатқан адамның рухына илхан (білдіру) етілетін түстер. Бұл түстердің хақ екендігіне сенген абзал. Түс туралы Құран Кәрімде «Саффат», «Фатах» сүрелерінде айтылады.
2. Шайтани түстер – адамның түсінде биік жерден құлауы, ит-мысыққа талануы, қым-қуыт нәрселердің арасында жүруі, түсініксіз нәрселерді көруі, құбыжықпен арпалысып, шошып оянуы, аяғы тайып кету сияқты шайтанның әсерімен болатын зиянды түстер. Осы тектес түстерді көрген адам «Аъузу биллаһи…»-ді үш рет оқып, басқа бүйіріне ауысып жатуы керек.
3. Қияли түстер – адамның күні бойына бір нәрсені көп ойлануынан немесе қиялға берілуі нәтижесінде күнделікті оқиғалардан, тіпті кейде қиыншылық пен аурудың әсерінен көрінетін түстер. Бұл іспеттес түстер тән мен мидың саулығына, жақсы, таза ойларға байланысты көрінеді.
Психолог мамандардың айтуынша, адам баласы 8 сағат ұйқының 90 минутын, яғни 20 пайызын түс көрумен өткізеді екен. Адам ұйықтағанда, гүлдің хош иісі мұрнына барса, онда шырын түс көреді. Ал сағаттың шықылдаған даусы адамды от теңізінің ортасында жүргендей мазасыздандырады. Ас-ауқаттың да түсіңізге ықпалы зор. Асқазан ащы тағамдарды тым баяу қорытатындықтан, оның қызметі ұйқыдағы кезде де жалғасады. Мұндай сәттерде сіз үрейлі түстен айыға алмай, әуреге түсесіз. Сондықтан, ұйықтаудан бір-екі сағат бұрын ащы тағамдарды жемегеніңіз жөн. Етбетінен ұйықтайтын адамдар түсінде көп бастырылады. Себебі етбеттеп ұйықтаған кезде, үлкен ми оттегімен толық қамтамасыз етілмейді. Тағы бір айта кетерлігі, ұйықтар алдындағы ең соңғы іс түске тез әсер етеді. Егер үрейлі немесе психологиялық фильмдер көрсеңіз, онда түсіңізде де үрейлі жағдайлар көп орын алады деседі. Түсінде көрген нәрсесі адам психологиясына да әсер етіп жатады екен. Мысалы, түсінде қайтыс болған жақынын не туыстарын көріп, «мені шақырып жатыр» деп, өмірде өз-өзіне қол жұмсап, бір кәсіп бастар алдында не іссапарға шығар кезде түс көріп, ісінен бас тартып жататындар да кездеседі.
Түсті жорудың да жөні бар. Біздің дәстүр ондай іске келгенде бейжайлық танытпаған. Мәселен, түсті таң атып келе жатқанда, күн төбеде тұрғанда және көз байланар уақытта жорытуға болмайды. Сондай-ақ, түс жорушы кісіні де дұрыс таңдаған жөн. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Кісі түсін өзі жақсы көретін, парасатты кісіге не абыройлы жанға айтсын. Ол жақсы сөз айтып, жақсыға жорысын» деуінен-ақ мұның маңызын байқауға болады.
Хош, не көрсек те қайырымен болсын деп тілейік. Түймедей нәрседен түйедей қорқыныш жасаудың да тым қажеті жоқ шығар. Түсімде шөлдеп жүріппін деп жамандыққа жоруға асықпағаныңыз жөн. Жәй ғана су ішкіңіз келіп жатуы әбден мүмкін…

Фариза АЙТБЕК,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support