- Advertisement -

Жасөспірімдер неге жайсыз

114

- Advertisement -

Жасөспірімдерді қылмыстық әрекетке не итермелейді? Тұрмыстық жағдай ма, араласатын ортасы ма? Жеткіншектер арасында құқық бұзушылық азаймай тұр дейміз. Оған кім кінәлі? Жүре түзеліп кетер деп баласының әрекетіне немқұрайды қарайтын ата-ана ма? Білім-ғылым жолына жетелей алмаған ұстаздар ма? Бәлкім, қылмыстың алдын алуға ұмтылмаған полиция қызметкерлері шығар?.. Ел болашағын ойлайтын кез-келген адамның осы сұраққа жауап іздеуі – заңдылық. Себебі, бүгінгі жасөспірім – ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын азамат. Бала тәрбиесін бірінші кезекке қойған бабаларымыз, оны отбасының тірегі, елін қорғайтын ер деп бағалаған.
Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналғандай. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейім болатынын ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жалпы, ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығатынын тәртіп сақшылары жиі айтады.
Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Бейсеевтің берген мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 9 айында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 97-ні құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда тұрақты деңгейде. Республикада бұл көрсеткіш 14 пайызға өскен. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ, Сарысу, Талас, Шу аудандарында өскен. Ал Тараз қаласы мен Мойынқұм, Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандарында төмендеген.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмыстың құпиясы тез ашылады дейді. Өйткені, олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрынатын көрінеді. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі – ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты.
Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасынсыз жүруге тыйым салынған. Бірақ, бұл талапты барлығы бірдей сақтай бермейді. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
Қылмыстық әрекеттің басты себебі жасөспірімнің пайдалы iспен айналыспауы десек, жоғарыда айтып кеткендей, бос сенделгендер өкінішті жағдайларға жиі ұрынатыны айтпаса да түсінікті. Ондайда психологтердің «баланы тәй-тәй басып, қолына затты мықтап ұстай бастағаннан-ақ еңбекке үйрету керек» деген пікірімен келіспеске амалың қалмайды. Баланы мектептен тыс уақытта кітап оқуға баулып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуына, не болмаса спортпен айналысуына жағдай жасау керек. Қылмысқа барған жасөспірімдердің әдебиетке қызғушылығы өте төмен дәрежеде екені дәлелденген. Ойын автоматтарына құмар жасөспірімдер жеңіл ақша табуға ұмтылады. Егер ойын автоматтарынан ұтылса, үйінен ақша ұрлайды. Не болмаса өзінен кіші балаларды ұрып, оларға зорлық көрсетеді. Сөйте-сөйте қалай қылмыс жолына түскенін білмей де қалады. Олар ата-анасынан алдап ақша сұрау, үйдегі заттарды ұрлап сатуды кәсіп қылуы мүмкін, ал мұндай әрекеттердің барлығы – жасөспірімдер қылмысының алғашқы қадамдары.
Жас жеткіншектер арасындағы құқық бұзушылық мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерін де толғандыруы тиіс. Психологтердің зерттеуіне сүйенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегелері ықпал етеді. Сондықтан, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстың өсуіне жол бермеу – жалпы қоғамның міндеті. Ал оған әрбір азамат жауапты.

Науырызбек Сарша Ақ жол

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support