- Advertisement -

Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел

1 240

- Advertisement -

«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген хакім Абай. Жүйрік уақыт бір тоқтамай қаншама қырдан асып, зымырап бара жатыр десеңізші! Зымыраған уақыт қаншама ұрпақты алмастырып үлгерді. бір мезгіл өткенді ойлап, көзден кеткенмен көңілден кетпейтін жақсылар жайлы толғанғанымыз артық болмас. «Ескі көздер бара жатыр азайып, Олар жайлы ойламаудың өзі айып. Ей, тірілер, еске алайық оларды, Солар жайлы толғанайық, жазайық» деп поэзияның мұзбалағы атанған Мұқағали да жырлады емес пе?

Төменгі Таластың күнбатысында Қызыләуіт деген ауыл бар. Ауылдан 6 шақырым жердегі зиратта қадірлі, қасиетті кісілердің жерленгені жөнінде естісем де, жақсыларды мәңгілік бауырына жасырған сол төбеге барудың жолы түспеген екен. Жергілікті жұрт бұл жерді «Тектілер тыныстаған төбе» деп те атайды екен. Ақыры шілденің бір шуақты күнінде әрбір тасы тарихқа тұнып жатқан Қызыләуітті бетке алдық. Көздеген мақсатымыз – жақсылар жатқан зиратқа барып, әруақтарға Құран бағыштау. Жолбасшымыз – осы Қызыләуіт ауылдық округінің бұрынғы әкімі, зейнеткер Шәді Мәмешов. Шәкеңнің де өткен тарихтан біраз хабары бар екен. Ал көнекөздердің айтуынша, бұл жер бұрынғы Ленин атындағы ұжымшардың қыстауы болған көрінеді. Қазіргі таңда «Қызыләуіт сазы» деп аталады. Ол негізсіз де емес. Бұл маңда әуіттер мен көлдер жетерлік. Осы бір кішкентай саздан-ақ төңіректегі шаруа қожалық еңбеккерлері 2-3 мая шөп жинап алып жүрген көрінеді. Құдайдың берген берекесі ғой. Зират осынау саздан 300 метр жердегі қыратта. Талай тарих пен оқиғаларды қойнына жасырып жатқан жұмбақ қырат дерсің.

Аппақ ишан кім?

Талас өңірінде Жаңабай Тауасбекұлы атты кісі ғұмыр кешкен. Ол 1880 жылы өмірге келген. Бұл кісіні замандастары «Жаңабай сопы» дейді екен. Сопылығынан емес, әрине. Жәкеңнің бес уақыт намазын қаза қылмаған, ислам дінін құрметтеген, кісіге қиянат жасамаған, ақ сөйлеп, адал жүрген қалпын танығаннан ауылдастары солай атаған екен.
«Құдай деген қор болмас» деп те бекер айтылмайды. Жаңабайдың жаман болған жоқ. Құдайдың берген 9 ұл, 2 қызынан осы күнде үш жүзден астам түтін ұрпақ тарап отыр. Әр отбасын 5 адамнан есептегенде кішігірім ауылды құрайтын аңғару қиын емес.
9 жасында керуенге ілесіп Ташкентке барған. Жаңабай сол шақтың өзінде шариғат талаптарына мойынсұна бастаған екен. Осы сапарда Аппақ ишан деген дін жолындағы кісінің бар екенін естіп, бір көріп, жолығып дидарласуды арман етіп қайтыпты.
Жаңабай тұңғыш ұлы Айтбекті 19 жасында көрген. Бұл кезде дінді мықтап мойынсұнған кезі. Ол кезде Жәкеңдер бүгінгі Көшек батыр кесенесі бой көтерген маңда – атақонысында тұрған. Ол жер «Есей қорығы» деп аталыпты. Керуеншілерге ілесіп 19 жасында Ташкентке тағы сапарлаған Жаңабай осы жолы сопы Аппақ ишанды іздеп табады. Арыстан баб әулиенің кесенесі маңындағы Қоғам деген ауылдан іздеген кісісін жолықтырып: «Сіз менің – ұстазым, пірім болыңыз», – дейді. Сөйтіп, Аппақ ишанды (шын есімі – Сейдіәшім) ауылына отбасымен көшіріп әкеледі. Жұртты жұмылдырып, үйлі болуына көмектеседі.
Содан 1932 жылы ауыл жұрты түгелдей Қызыләуітке қоныс аударады. Сонда колхоздың сол кездегі Ержігітбай, Әсем деген басшылары «Сіздер колхозға мүше болмай-ақ қойыңыздар, жақсы жерден үй-жай берейік, демалыңыздар» деп кіші Көкталдан қоныс берген екен. Бұл жерде бірер жыл қоныстанған Жаңабай жаңа заман талабына орай балаларын оқытуды ойлап, орталыққа, Қызыләуітке қоныс аударады. Аппақ ишанға да осы ауылдан асарлатып, жақсы үй салдырады.
Сейдәшім ишан мінезді, біреуге алақан жайғанды ар санайтын адам еді деседі. Өмір бойы жүріп-тұрғанға ешкімнен күш-көлік сұрамапты. Өзінің маңдайына біткен қызыл қоңыр өгізі болған. Сол өгізді ерттеп, құйысқандап мініп алып, Қасқабұлақ, Қарой, Қызылжар, Ақжар ауылдарын аралап, Аса, Талас, Көктал өзендерінен кешіп өтіп жүретін кісі болған деседі. Аудан орталығында шаруасы болса да (ол кезде аудан орталығы – Ойық ауылы болған) қызыл қоңыр өгізімен аяңдап барып, тындырып қайтады екен. Әлгі өгізі бүлкілдеп шапқанда атқа жеткізбейтін жүйрік болған дейді.
Сейдіәшім ишан елге тек жақсы сөз айтты, өнеге таратты. Жаңабай сопы екеуі түнделетіп, кітап ашып, Құран оқиды екен. Заманның зәуі ол кісілердің шариғатты кең көлемде ұстауына мүмкіндік бермеген. Құран кітапты жасырып ашса да, ол кісілер Алладан туған елге, жерге, халыққа жақсылық, абырой, береке сұрап өткен. Бір айта кетерлігі, кезінде аудан көлемінде басшылық қызметтер атқарған, Талас аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Тамабек Қартабаев осы Сейдіәшім ишанның күйеу баласы екен. Ишанның Зұлқая (Зұлқаш) деген қызы – Тамабектің жары. Тамабектің ел аузына іліккен ұл-қыздар бар. Үлкені Алғағали – академик, Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы университеттің профессоры, Ғалымы – ұзақ жыл Талас ауданы әкімінің орынбасары болды, бұл күнде «Нұр Отан» партиясы Талас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Абзалы – жеке кәсіпкер. Қыздары да өмірден өз орындарын тапқан.

Аманат

Аталған қыратта осы Аппақ ишан жерленген. Ол кісі шамамен 1938 жылдары бақилық болған деседі көнекөз қариялар. Жаңабай сопы да 1953 жылы 73 жасында өмірден озарында ағайындарына, ұлдарына «Мені Аппақ ишан ұстазымның, пірімнің қасына жерлеңдер» деп аманат айтыпты. Сол аманат бойынша Жаңабай Сейдіәшім ишан жаратқан қыратқа жерленген. Бұл аманатты орындауға сопының бір баласы Бекетей ерекше атсалысқан екен. Еңбек Ері Тұрсынбай Тәттібаевтың анасы Аятай да осы зиратта мәңгілік тыныс тауыпты.
Жұмабек Беласаров деген кісі қырғыз-қазаққа бірдей танылған көкпаршы болыпты. Жұмабек заманында мың жылқы айдап, «Мырза» атанған кісі екен. Аттың майын сұрап келген кісінің өтінішін орындап, мініске берген жылқысын қайтадан сұрамайтын көрінеді. Қыс мезгілінде бір жылқыны төрт кедейге соғымға сойып бере салатын кең пейілдігі әлі күнге ел аузында. Жомарттығымен талайға жақсылық көрсеткен бұл кісіге де (бәйбішесімен бірге) топырақ осы жерден бұйырыпты. Жаңабай сопының інілері: Әділ, Бидайбек – осында жерленген.
1950 жылдары ауыл балаларына қызылша ауруы бүйідей тиеді. Кемі екі үйден бір сәби шетіней беріпті. Сол нәрестелерді де осы зиратқа жерлепті. Олар періште ғой. Тектілер мен періштелер дамылдаған зират басында бір сәт іштей толғандық. Аядай ғана зиратта қаншама ардақты адамдар тыныстап жатыр десеңізші! Мұхаммед пайғамбар өзінің хадистерінде зиратты аралап тұру қажеттігін, сол арқылы адамдардың жүрегі жібитінін, мәңгілік баратын жерін көңілге тоқып, тәубеге келетінін ескерткен. Пайғамбар хадисі еске түсіп, зират басында сан түрлі ойға берілдік. Осы қыратта жатқан марқұмдардың рухына арнап Құран оқып, Алладан жақсылық тілеп, бет сипадық.

Қарияның ұсынысы

Ішкі толғаныстың әсерінен көпке дейін айыға алмадық. Қиын заманда Жаратқанның қақ жолынан айнымаған Ақ ишан абыз жайлы ойладық.
– Әкеміз Жаңабайдың өмірге келгеніне 100 жыл толғанда ата-анамызға арнап ескерткіш тұрғыздық. Бұл шаруаны өзім басқарып жүрдім. 125 жылдығына орай Жаңабайдың немерелері Әбдімаш пен Садуақас Қызыләуіт ауылынан әкемізге арнап үлкен мешіт салдырды. Қиын-қыстау заманның өзінде шариғаттың жолын берік ұстанып өткен мұндай кісілерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес шығар. Ұрпақтарының ормандай жапырақ жайғаны да әкеміздің кең жүрегінің, үлгілі, ізгі істерінің көптігінен болар. Адамдарға жасаған қайырымды істерінің, алғыстарының қайтарымы деп ойлаймын, – дейді облыстың Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлы.
– Енді орындалмаған бір шаруа бар. Атақонысын тастап, Талас өңірінде ғұмыр кешкен Сейдіәшім ишанның ислам дінін көпшілікке таратудағы еңбегі өлшеусіз еді. Бұл күнде елеусіз ғана төмпешікке айналған. Сол кісінің басына асыл тастан әдемілеп белгі қойылса дейміз.
– Жасым болса 90-ға жақындады. Сейдіәшім ишанның өнегелі өмірін қадірлеу, мәңгілік тұрақ тапқан мекеніне белгі қою жөнінде бастама көтеруді қариялық жолым, парызым деп есептедім. Ендігісін естіген есті азаматтар жалғастырып, ескерусіз тұрған осы шаруаны оң жолға қоятын шығар деген тілегім бар, – дейді қадірлі Бәкең қария.

Әрине, заманның ызғырық желі соғып тұрғанда ислам дінін ұстанған, алыс ауылға құранның сөзін таратқан Сейдіәшім ишан десе, көнекөздердің көңілі елжірейді екен. Ол заманда дінді ұстау шоқты ұстағанмен бірдей болғаны белгілі. Сондай қиын шақта Құдайды тануды ұмытпаған кісінің басына белгі орнату, тас қою – сауапты іс. Ендеше, бұл ұсыныс, бастамаға қолдау көрсету бүгінгі ұрпақтың, баршамыздың парызымыз десек, артық айтқандық емес деп білеміз.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Қызыләуіт ауылы,

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support