- Advertisement -

Жақсылық жасасаң, бұлдама!

284

- Advertisement -

Бұрын ауыл жұрты ұйымшыл еді. Қатты қыста шығынға батқан шопанға «жылу» жинап беретін. Үй салып жатқанға ағайыны, көрші-қолаңы асарлатып көмектесетін. Және жасаған жақсылығын айтып, бұлдамайтын.
Қазір мұқтаж жанға қолұшын созғандар БАҚ арқылы өз-өзін жарнамалап әуре. Кей кезде қайырымдылықты насихаттаудың жөні осы екен деп, асыра сілтеп жіберетіні бар. Жетім-жесірге баспана, елге болсын деп емхана, көпір салып, жалпыға ортақ игілікті іс тындырса, жалпақ жұртқа жар салуға болады. Себебі, көпшілікті жақсылыққа жұмылдырар бастамалардан өзгелер де үлгі алсын. Ал көңілі қаяу кісіге көмектесіп тұрып, оның кемшілігін бетіне басу қайырлы іс пе?! Жақсылық жасап тұрып, бір сәт жеке адамның көңіліне қаяу түспегенін де ойланғанымыз жөн секілді.
Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы өтеді. Акцияға қатысушылар әлеуметтік қолдауды қажет ететін баланы киіндіріп, оқу құралын түгендеп берсе, міндетті түрде суретке түсіріп, газетке жариялап, мақала ішіне оқушының аты-жөнін де жазып қояды. Сол газеттен әлгі оқушының суретін көріп, атын оқыған сыныптасы «Мынау сен ғой, киімді саған әке-шешең емес, пәленше әперіпті ғой» десе, құрбысының алдында қандай күйге түсерін ойладыңыз ба? Жоқшылықтан емес, кісі қабағына жаутаңдап қалғанына қорланып жүрген әйелдің қолына азық-түлік салынған қалта ұстатып, бар мәселе осымен шешілгендей, «Көп балалы анаға азық-түлік алып берді» (әсіресе, әлеуметтік желілерде) деп те жариялап жатамыз. Осы дұрыс па?! Адам қайырымдылықты имандылық үшін жасамай ма?! Ендеше игі істің бағасын неге түсіреміз?
Адамзат ұғымында қайырымдылық жасап, жарлының мұң-мұқтажын өтеу, қиналғандарға қолұшын созу ізгі істің бірі екендігі белгілі. Сондықтан, қайырымдылық жасау адам ретінде кемелдену екенін естен шығармауымыз керек.
Негізі, қайырымдылық – адамзат қанында бар қасиет. Біз де жарлының жоғын беріп, оны ел қатарына қосуға, кедей-кепшікке қайыр сұратпай, жоқ-жітігін түгендеп, кем-кетігін бүтіндеп беруге ұмтылған халықпыз. Бұл қанмен дарып, сүтпен сіңген ұлттық болмысымыз. Ендеше жасаған жақсылығымызды неге бұлдаймыз? Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар қолы ашық азаматтарды қолқалап, суретке шырт еткізуге бейіл тұрады. Сөйтіп, тиісті мекемелерге кімге қандай көмек жасалғаны жөнінде есеп береді. Мәселе осында. Бізге кімге қандай көмек берілгенін есепке алғаннан гөрі, қоғамдық санаға серпіліс туғызуды ойлану керек. Қайырымдылық жасау өзіңді танымал етудің жолы емес, қайырлы іс кемелдену екенін түсінген жөн.
Құрбан айт мерекесінде құрбандыққа шалған малының етін туған-туыстарына, көршілеріне, кедей және мұқтаж адамдарға үлестіріп жатады. Кейбіреулері, тіпті, бірігіп, мешітке немесе қайырымдылық қорына тұтастай өткізеді, балалар үйіне апарып береді. Дұрыс-ақ. Бірақ, сол тізімде облыстық балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінің жоқтығы таңғалдырады. Бір әттеген-айы қалталы азаматтар тарапынан ондағы жеткіншектерге арналып сауапты іс жасала бермейді. Тек былтыр бірінші рет облыстық сот пен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған сот төрағалары бірігіп Құрбан айт күні 70 килограмм ет апарып берген екен. Ал биыл бұл мекемеге ешкім ат ізін салмаған.
Жұрт назарынан тыс қалатындай, бұл мектепте кімдер оқытылады? Мектеп директоры Оспан Құнтыбаевтың айтуынша, көбіне әкесі немесе шешесі жоқ балалар жағдайы болмаған соң, сабақтан көп қалғандықтан, бұзықшылық жасағандықтан, жазатайым қия басқандықтан, арнаулы мектептің тәрбиеленушісі атанған екен. Шетқақпайлайтындай анау айтқан күнәлары жоқ. Көп болып құшағымызға тартып, жөнге салса, түзеліп кетеді. Мінезі түзелсе, шыққан ортасына қайта оралады. Олар қылмыскер емес. Балалықпен жаза басқандар. Сондықтан, оларға бұзақы ретінде қарағаннан гөрі бір ауық көңілдерін демдеп, қолдан келсе мейірімділік, қайырымдылық секілді имани қасиеттер мен ізгіліктің шапағатын сезіндіре алсақ, нұр үстіне нұр болмай ма?

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support