- Advertisement -

Бензин бағасы неге қымбаттады?

172

- Advertisement -

Бүгінде елімізде мұнай – арзан, бензин – қымбат. Неге? Тұрғындар көңілін күпті еткен мәселенің бірі осы.
Үкімет халық көп тұтынатын тауар түрлерін қымбаттатпау туралы тапсырма алмай жатып, бензин бағасы тағы да көтеріліп үлгерді. Мұнай арзандаған сайын, қымбаттайтын жанармай бұл жолы да әдеттегі үрдісінен жаңыла қойған жоқ. Ең өтімді бензин маркаларының құны бірден 3 теңгеге өскен. «Гелиос» жанармай бекеттерінде «АИ 92»-нің құны көтерілді. Өнімнің бір литрі бұған дейін 123-125 теңгеден сатылса, енді оның құны Ақтауда, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Орал мен Атырау қалаларында, Таразда да 129 теңгеге өскені белгілі болып отыр. Ал дизельді отынның бағасы барлық жанар-жағармай бекеттерінде 5 («Гелиоста» – 11) теңгеге көтерілген. Үстіміздегі жылғы 8 тамыздағы жағдаймен салыстырғандағы өзгеріс осы.
Жалпы, тараздық өнім өткерушілер қамтамасыз ететін жанармай құю бекеттерінде сұйық отынның – «АИ-80», «АИ-92», «АИ-95» маркалы бензиннің құны әлі сол қалпында сақталып отыр. Олардың бірлі-жарымы ғана өнімдерін ішінара қымбаттатқан. Орын алған жағдай жөнінде тарата айтып беруін өтінгенімізде, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Әзімов:
– Баға мәселесі департамент тарапынан жіті тексерілу үстінде. Жалпы, өңірдегі жанар-жағармай құю бекеттеріндегі бағаға мониторинг күнбе-күн жүргізіліп те отыр. Бұл орайда бұған дейін Үкіметтің бензин құнын мемлекеттік реттеуден бас тартып, бағаны еркіндікке жіберуінің де әсері бар. Осыған байланысты жанар-жағармай сатушы құрылымдар «АИ-92» маркалы бензин бағасын өздерінің ішкі шығындарына сәйкес белгілеуде. Ал бағаны бірден өсірген кәсіпкерлер заңға сәйкес жауапкершілікке шақырылатын болады. Әзірге «АИ-92» бензинінің бағасын «Эврика нефтепродукт», «Синойл» ЖШС-тары – 1, «Бизнес-Оил» – 2, «Гелиос» – 3, «АИ-95» жанармайы құнын «Тараз VIP сервис» – 3, «Гелиос» – 3 теңгеге өсіргені байқалуда, – деп жұртшылықтың алаңдауына негіз жоқтығын, баға алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатынын алға тартты.
Оның айтуынша, департамент тарапынан облыстың нарық субъектілеріне «АИ-92» жанар-жағармайы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, бәсекелестікке қарсы әрекеттерді, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалануды болдырмау мақсатында және дизель отынына бағаны келісімді түрде тағайындау жөнінде сұраныс хаттары жолданған. Қазіргі таңда нарық нысандарына ұсынылған ақпараттарға сәйкес талдау жұмыстары жүргізілуде.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support