- Advertisement -

ЖОМАРТТЫҚ ПЕН САРАҢДЫҚ

1 619

- Advertisement -

Қазақ – ауыз әдебиетіне, көркемсөзге, мақал-мәтелге, аңыз-әңгімелерге бай халық. Қандай тақырыпты алмаңыз бабаларымыздан қалған, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан, жаныңызға майдай тиетін, салмақты, есті әңгімелерін мысалға келтіруге болады. Ел арасында жомарттық пен сараңдық жайлы да әңгіме-мысал көп. Алысқа бармай-ақ мына бір әңгімеге зер салалықшы:

Күндердің бір күнінде Байлық пен Кедейлік «Кім сұлу?» деп сөз таластырыпты. Алайда, бір ымыраға келе алмаған соң, жаяулатып келе жатқан ер-азаматқа:
– Біздің сұрағымызға сен жауап бере алатын сияқтысың. Айтшы, екеуміздің қайсымыз әдеміміз, сұлумыз? – деп сұрапты.
– Қап, қалай жауап берсем екен?» – деп, жаяу жүргіншінің басы қатады, – Кедейлікті сұлу десем, Байлық ренжіп, менен кетіп қалар. Байлық сұлу десем, Кедейлік маған ызаланып, бас сала төнуі мүмкін. Қайтсем екен, ә?
Ары ойланып, бері ойланып: «Бірден бұл сауалға жауап беру қиын екен. Сендер ары-бері жүріп көріңдер, мен қарап көрейін», – дейді.
Байлық пен Кедейлік ары да өтеді, бері де өтеді. Әрқайсысы барынша бар сұлулығын көрсетуге тырысып бағады.
– Иә? Енді айтшы, қайсымыз сұлу екенбіз? – дейді екеуі жарыса.
Сонда әлгі ер адам жымиып:
– Сен, Кедейлік, кетіп бара жатқанда, яғни артыңнан қарағанда сондай сұлу әрі тартымды көрінесің. Ал сен, Байлық, керісінше жүзіңмен бері қарап, адамға қарай жүргенде сұлулана түсесің, – деген екен.
Көріп отырсыздар, әркімге байлық керек шығар, бірақ, бір мезгіл кедейлікті де ұмытпаған абзал. Барына қанағат керек. Асып-тасудан Құдай сақтасын. Есігінің бір босағасына кедей кезінде киген шапанын іліп қойған әлгі Аязби бабамыз есімізде тұрғанының несі артық?!
Қазақтан, тегі, сөз қалған ба, шіркін?! Сараңдық жайлы сөз қозғасақ, ту сонау бала кезден есте қалған Шықбермес Шығайбай, мыңғырған малына ие бола алмай көз жұмған Қарабай атты бай еске түседі. Дүние қуған, байлық қуған пейіл түбінде адамды жақсылыққа апармайтыны хақ.
Қазақ халқында: «Қас сараң өз тамағын өзінен тығады» деген нақыл бар. Өмірде қанша бай болса да, байлығын өз бала-шағасына, өзіне қимайтын бейшара пенделер бар. Америкалық қаржыгер Генриетта Хоуленд Грин өз артынан 100 миллион доллар қалдырған. Ол күллі өмірінде Чикагоның бүкіл пәтеріне иелік етіп тұрса да, арзан пәтердің бірінде өткізген. Бір күні оның баласы аяғын сындырып алады. Үш күн бойы тегін аурухана іздеп аласұрып жүргенде, ұлының зақымданған аяғы асқынып кетіп, оны дәрігерлер тізеден кесіп тастауға мәжбүр болады.
Сараңдық адамның жүрегін имандылыққа емес, дүниеқоңыздылыққа толтырады, соңдықтан ол өзін, отбасын ойлауды қойып, жатса-тұрса ойлайтыны байлығы болады. «Өзі тоймастың көзі тоймас» деген мәтелге сай, өзінің байлығы өзгенікінен аз көрініп, қайтсем бәленшенің байлығынан асып түсемін деп, нешетүрлі қылмыстық әрекеттерге барып, көлеңкелі бизнеспен айналысу, қылмыстық топтар құру сияқты әрекеттерге барып жатады. Яғни «Сараңдықтың соңы – арамдық» деген мәтелге сай болады. Өйткені, жүректе имандылық, сүйіспеншілік, адамгершілік сияқты қасиеттер қалмай, оның орнына байлыққа деген сүйіспеншілік, махаббат орнығады. Сөйтіп сараңдық адамды Алла тағалаға құл емес, дүниеге құл етеді. Дүниеге құл болып, бүкіл өмірін тек қана баюға арнаған пендені бақытты деп айта аламыз ба? Ол кімге керек?
Бірде асқан бай әрі сараң адам данышпанға келіп ақыл сұрайды. Данышпан оны терезенің алдына әкеліп:
– Терезеге қара, не көріп тұрсың? – деп сұрайды.
– Жолдан ары-бері өткен жүргіншілерді және жолдың шетінде алақан жайып отырған тіленшіні көріп тұрмын, – деп жауап береді бай.
– Данышпан басқа бөлмеге кетіп, үлкен бір айнамен оралады да, сараңнан:
– Ал бұл айнадан не көріп тұрсың? – деп сұрайды.
– Өзімді.
– Көрдің бе, айна да, терезенің әйнегі де бір зат, яғни шыныдан жасалған. Бірақ айнаның үстінде жұқа күміс қабаты бар. Сол себепті өзіңнен басқаны көре алмайсың. Дәл сол секілді, асылында адамның жүрегі де мөлдір. Алайда алтын-күміс секілді дүние әшекейлерімен жүрегімізді қаптасақ, өзімізден басқа ешкімді көре алмаймыз… Яғни берер ақылым, ол – жүрегіңді тазала, – деген екен сонда данышпан.
Тағы да мысалға жүгінейік: бірде Орынбай ақын жол жүріп келе жатып бір байдың үйіне ат басын тіресе керек. Шаңыраққа ілінген еті тұрады. Әлгі бай сараңдық жасап шешенге құр көже қайнатып беріпті. Көжені ішіп болғаннан кейін бай Орынбайдан бата қайтаруды тілейді. Сонда Орынбай шаңыраққа қарап отырып:
Иә, Құдайым оңдасын,
Тілеуіңді жолдасын!
Құр көжемен қайтарған,
Сараң бай оңбасын!
Шаңырақ толы етті қой,
Көжеге бата жетті ғой.
Еті тұрып ілулі,
Ұялмаған бетті ғой.
Сен сияқты бай көрсем,
Ат басын тарта жүрем.
Сен сияқты сараңды
Барған елге айта жүрем, –
деп бата беріпті. Сөздің құдіретін білетін, санасының саңылауы бар жанға бұдан артық не айтуға болады?
«Сəулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сəулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл», –
деп Абай атамыз айтқандай, қазақ халқының санасында ата-баба салған дағды-дəстүрден сəуле қалса, қандай ғанибет.
Мен баймын деп, мақтаншылыққа салынып, ақшасын онды-солды шаша беруге де болмайтыны белгілі. Байлықты орынды жұмсап, тым ысырапшылыққа жол бермеу керек. Үнемділік сараңдыққа жатпайды. Ол ысырапшылдыққа тыйым салады. Алла тағала: «Сараң болма, ысырап та етпе!» – деп бұйырған («Исра» сүресі, 29-аят).
«Сараңдық – емдегенмен жазылмайтын ауру; біреуге келгенде сараңның қолы тастай берік; сараң – нағыз ұятсыз; сараң жияды, ішпейді, жемейді, тістеп ұстайды» дейді халық даналығы. Ал Майқы би «Сараң үйге кісің түспесін, парақор биге ісің түспесін» деген екен. Сондықтан баймын деп мақтанбай, астамшылыққа салынып, ысырапшылдыққа жол бермей, жүрегіміздегі сараңдық сияқты жаман қасиеттердің тамырын түбірімен жұлып, оның орнына иман нұрымен нұрланған жомарттық дәнін сепкеніміз абзал болады.
«Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер,
Басында панасы жоқ пақыр да өтер.
Бұл дүние, қарап тұрсақ, тұрағы жоқ,
Жел соқса, бір-ақ сәтте ұшып кетер…»
Шіркін, біздің сөзге ұста, ойы терең, санасы толық, дуалы ауызды бабаларымыздан артық не айтамыз?! Ендеше, әманда елімізде тыныштық болып, деніміз сау, пейіліміз кең, көңіліміз көтеріңкі, мерейіміз биік, табысымыз баянды болғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, 
медицина ғылымдарының докторы, профессор.Ордабеков 

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support