- Advertisement -

Ноқат тәлімі жерде де өсе береді

454

- Advertisement -

Облысымыздың шөл, шөлейт аудандарында, әсіресе, сүр топырақты тәлімі жерлерінде ылғал өте тапшы. Соның салдарынан кей жылдары ауыл шаруашылық жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асырудың өзі аса қиынға түседі. Қандай да бір дақылдан өнім алу мүмкін болмайтын кездер де болады. Сол себептен де сүр топырақты тәлімі жерлерде күздік бидай мен арпадан басқа дақылдардың күткендегідей өнім беруі екіталай. Әсіресе, мамыр, маусым айларында, өсімдіктің дән байлар, пісіп-жетілер кезеңінде, ылғал жетіспей қалып жатады. Дақылдарға зиянкес жәндіктерден келер қауіп те мол.
Қазіргі таңда еліміз аумағындағы тәлімі жер көлемі 2,8 миллион гектарды құрайды. Осы жерлердің 80 пайызына жауын-шашын аз түседі. Біздің облысымызда мұндай аймақтарға Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандары жататыны белгілі. Міне, осы аумақтарда егін шаруашылығын табысты жүргізу мақсатында жоғары әрі сапалы өнім беретін, экологиялық жағдайларға, ыстыққа, шөлге шыдамды дақылдар түрін таңдау бүгінгі таңда біздің мекемеміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі болып отыр. Осы тұрғыда соңғы екі жылдан бері облыстың агроэкологиялық тәлімі жерлерінде ноқат дақылын егіп, өсіру технологиясы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Айта кетелік, ноқат, бұл – біздің өңірімізде жаңадан қолға алынып, егіліп, өсірілуі келешекте жаппай өндіріске енгізіледі деп күтіліп отырған дақыл. Ол әр елде әрқалай аталады. Оның нут, ноқат, қойбұршақ, қос дәнді бұршақ, түрік бұршағы, мухорта, наут, мохнатка, гнут, пузырник секілді 39 түрі бар. Негізінен олар Азияның орталық және батыс аймақтарында өсіріледі. Ал дәнді дақыл есебінде бір-ақ түрі егіледі. Біздің елімізде жабайы түрі мүлде жоқ десе де болады.
Ноқаттың тамыр желісі тік өседі, бір метрге дейін, кейде одан да терең жайыла алады. Тамыр бүршігінен өсіп шығатын көптеген өркендері болады. Негізгі тамырлар 50 пайызға дейін түйін салады. Бұл түйіндер – ауадағы бос азотты бойына сіңіретін, топырақты азот қышқылымен байытып, жақсарта түсетін бактериялар жиынтығы. Сол себептен де ноқат дақылы егістігінің орны егілген дақылдан өнімді сапалы әрі көбірек алуға қолайлы жағдай туғызады.
Ноқат – өте бағалы бұршақтұқымдас дақыл. Оны тамаққа, малға жем есебінде де пайдалануға болады. Сондай-ақ, көк бұршақ консервісі шығарылады, басқалай да жолмен тамақ өнеркәсібінде көп қолданылады. Ноқат ұны күнделікті тамаққа пісіріліп те, қуырылып та пайдаланылады. Диета сақтау, балалалар тағамы және халуа жасау үшін тағамның түр-түріне қосып пайдалануға әбден болады. Ноқат ұны медицинада асқазан ауруларына көп жәрдемдеседі.
Ал мал шаруашылығында ноқат жоғары ақуызды қоспа түрінде қолданылады. Сауын сиырының сүтін, сүттің майлылығын көбейтуге, жас төлдің, бордақыға қойылған малдың салмағын арттыруға, қойдың жүні мен салмағын өсіруге бірден-бір керекті мал азығы.
Биологиялық қасиеттеріне келетін болсақ, 5-6 градус суыққа шыдайды, бұршақтұқымдастар ішінде ең төзімдісі де осы ноқат дақылы. Оның биіктігі бар-жоғы 65-80 сантиметр ғана. Себілген жылдың ауа райына байланысты 80-110 күн аралығында өсіп-өнеді. Ең төмендегі дәнінің жерден биіктігі 20-28 сантиметр, кейде одан да жоғары болады. Бұл аталған дақылды комбайнмен ысырапсыз орып алуға болатындығын көрсетеді. Біздің жүргізген тәжірибеміз бойынша тау бөктеріндегі тәлімі сүр топырақты жерлерде оның орташа өнімі гектарына 22-24 центнерден айналды.
Ноқаттың горох, жасымық секілді өзге бұршақтұқымдас дәнді дақылдардан айырмашылығы – өнімін тікелей комбайн көмегімен ысырапсыз жинап алуға жарамдылығы, құрамындағы ақуыз мөлшерінің көптігі және құрғақшылыққа төзімді келетіндігі. Көп артық шығынды да қажет етпейді, топырақ та талғамайды. Мейлінше қолайлы мерзімінде себілсе, жеткілікті. Сондықтан да оны қуаңшылық жайлаған өңірлерде егіп өсіру шаруаларды шаш-етектен табысқа кенелтеді деген ойдамыз.

Берік БАЙҰЛЫ,
Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми-зерттеу институты Жамбыл филиалының аға ғылыми қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support