- Advertisement -

Сабақ және смартфон

126

- Advertisement -

Еліміздің бірқатар өңірінде прокурорлар оқушылардың сабаққа планшет, смартфон, айфон ұстап келуіне шектеу қою туралы ұсыныс жасаған болатын. Прокурорлар «ақылды» телефон оқушыны сабақ үстінде алаңдатып, білім беру ісіне кері әсерін тигізетінін алға тартуда. Бұған Білім және ғылым министрлігіндегілердің айтар уәжі де бар екен. Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім: «Мектептің iшкi тәртiп ережелерiн әзiрлеу мен бекiту функциялары бiлiм беру ұйымдарының құзыретiне жататындықтан, смартфондарды қолдануға тыйым салу ата-аналардың келісімімен шешілуі керек», – дейді.

Сонымен, оқушының сабаққа смартфон ұстап келгені дұрыс па? Оның оқыту үдерісіне кері әсері бар ма? Осыны саралап көрейік. Мамандардың айтуынша, персоналды компьютердiң қызметiн атқаратын гаджеттердiң сабаққа тигізер пайдалы жақтары да бар екен. Мәселен, смартфонның көмегімен оқушы электронды поштамен жұмыс істеп, керекті мәліметке дер кезінде қол жеткізе алады дейді. Әсіресе, электронды оқыту жүйесіне көшкен білім ошақтарында оқитындар үшін қажет секілді.
Бүгінде бірқатар білім мекемелері электронды білім беру жүйесіне көшкені белгілі. Бұл әлемдік білім кеңістігіне ену мен бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің алғышарты іспетті.
– «E – learninq» электронды оқыту жүйесі әлемнің дамыған елдерінде кеңінен қолданылады. Электронды оқытуды енгізу индикаторы байынша бұрын білім мекемелерінде бір балаға 1 компьютерден келуі тиіс еді. Қазір ол талап өзгерді. Яғни, оқушылар кең көлемді ғаламтормен қамтылуы тиіс. Өңірімізде 73 орта мектеп пен 3 колледж электронды оқыту жүйесіне көшкен. Олардың барлығында да республикалық орталық сервистің Wi-Fi нүктелері орнатылған. Бірақ, Білім және ғылым министрлігі ғаламторға кіруге шектеу қойған. Оқушының тек қана министрліктің білім беру порталына ғана кіруге мүмкіндігі бар. Қалған сайттарға кіре алмайды. Сонымен қатар, балалар орындаған тапсырмасын ұстаздың жеке поштасына жолдап, өз біліміне баға алып жатады. Негізінен, оқушылардың бас-басына бір-бір компьютердің жетіспейтіні белгілі. Сондықтан, оларға смартфон, айфон емес, планшет ұстауларына рұқсат етілген, – дейді облыстық білім басқармасының білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев.
Дегенмен, смартфонның пайдасынан зияны көп екенін де қостайтындар бар. Тараз қаласы №54 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Көмекова балаларға мектепте қымбат телефон ұстаудың қажеті шамалы екенін айтады.
– Бұл үрдіс ең алдымен әлеуметтік теңсіздікті туындататыны анық. Сыныптасының қымбат телефон ұстағанын көрген бала жаңа үлгідегі смартфон алып бер деп, ата-анасына қолқа салады. Бұны жасөспірімдер арасындағы өзара бақталастық деп түсінемін. Өзге балалар секілді жаңа үлгідегі телефон ұстауға ұмтылған немесе ойындағы затқа қол жеткізе алмай күйзеліске ұшыраған оқушының бойында білімге деген құлшыныс болады деп айта алмаймын. Сондықтан, ата-аналар кеңесінде осы мәселе талқыланып, оқушының қайда жүргенін қадағалап отыруы үшін оларға тек қарапайым функциялы телефон ұстауға рұқсат етілсе дұрыс болар еді, – дейді ол.
Расында да, жылтырақ дүниесінің барын айтып мақтану – балаларға тән әдет. Мұндай мақтангершіліктен ата-аналар да ада емес. Телефонның сапалы білім алуына, денсаулығына зиянын тигізіп жатқанын елеп-ескеріп жатқан жоқ.
– Біз де оқушы болдық. Бірақ, телефонның жоқтығынан білімсіз болып қалған жоқпыз. Негізінен, оқушы сабағына қатысты ғаламтор желісін пайдаланғысы келсе, мектепте арнайы компьютер сыныптары бар емес пе? Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде шәкірттердің сабақ үстінде телефон ұстауына тыйым салынған деп естиміз. Біздің елде де мектепте оқушының қымбат телефон ұстауына үзілді-кесілді тыйым салынса, дұрыс болар еді. Өйткені, бала телефонды қолданудың мәдениетін жете білмейді. Әдейі мұғалімнің ашуына тиіп, ақыр аяғында бейнежазбаға басып, әлеуметтік желіде жариялап, ұстазының беделін түсірген оқушылардың көбеюі осыны көрсетеді. Үйде отырып мұғалімді орынсыз кінәлап, баласының сөзін сөйлейтін ата-аналар ондай оқиғалардың мән-жәйіне қанығып, байыбына барып жатпайды. Осыдан кейін мұғалімде қандай мәртебе болсын?! Бұрынғыдай, төрдегі орын – ұстаздікі дейтін ұғым қазір жоқ, – дейді Ақкөл ауылының тұрғыны Мадина Тазабекова.

Түйін: Әлеуметтік желіде жасөспірімдерді азғыратын сайттар жетерлік. Сондықтан, жеткіншектердің қымбат телефон ұстауын үлкендердің қолдауы қисынсыз. Баланың қолын қақпай, еркелетемін деп, болашағына балта шауып жүрмейік.

62f81ea0220030aaf34329d90f9Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support