- Advertisement -

Әлемдік білім бәсекесінде

83

- Advertisement -

Топтан озған жамбылдық жас дарындар

Білім бәсекелерінің мәні спорттық додалардан бір мысқал да кем емес. Бірақ, дүйім жұрттың ықыласы спортқа көбірек ауатыны анық. Бұл білімді жастарға деген қолдау мен қошемет аз деген сөз емес, әрине. Дүниежүзілік пән олимпиадаларының маңыздылығы аз насихатталатындықтан, дарындылар көпшілік назарынан тыс қалып жатады. 30 маусым – 8 шілде аралығында Қытайдың Гонконг қаласында 57-Дүниежүзілік математика олимпиадасының өткенінен де көпшілігіміздің хабарсыз қалғанымыз сондықтан.

Жас математиктер жарысына 109 мемлекеттен 654 оқушы қатысқан болатын. Білім бәсекесінде Қазақстан командасы үлкен табысқа қол жеткізді. Пән олимпиадасына қатысқан 6 оқушының 5-еуі жүлделі орындарды иеленіп, 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды жеңіп алды. Ел қоржынына бір қола медальды облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы Данияр Әбесбек салғанын айта кетуіміз керек.
Ал Швейцария мемлекетінің Цюрих қаласында өткен 47-Дүниежүзілік физика олимпиадасында Қазақстан құрама командасының 5 оқушысы 3 күміс, 2 қола медальды қанжығаларына байлап, олимпиадаға қатысқан 88 мемлекеттің (440 оқушы) ішінде 19-орынға көтерілді. Бұл – еліміз үшін зор табыс. Жеңімпаз оқушылардың арасында күміс жүлдені еншілеген облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы Айвар Абрашұлы да бар.
27-Дүниежүзілік биология олимпиадасының жалауы биыл Вьетнам мемлекетінің Ханой қаласында желбіреді. Бұл білім додасына 72 мемлекеттен 288 оқушы қатысқанын ескерсек, Қазақстан құрама командасының 4 оқушысының төртеуі жеңімпаз атануы кездейсоқтық емес. Оларды әлемдік білім бәсекелерінде қазақ жастарының табысты жолын жалғастырған дарындылар деп бағалауға болады. Бір айта кететіні – төрт жүлдегердің екеуі Данияр Отарбаев пен Әлішер Назарбеков есімді Жамбыл жерінің дарынды өрендері. Қола жүлдені еншілеген жастар соңғы жылдарда пән олимпиадаларында үздіктер қатарынан көрініп жүрген облыс командасының табысы жәй сәйкестік емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Жалпы, өткен оқу жылында түрлі интеллектуалдық ойындар мен пәндік олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға облысымыздың 38056 мың оқушысы қатысып, 7617-сі (20,02 пайызы) жеңімпаз атанды. Былтырғымен салыстырғанда барлық жеңімпаздар саны 1062-ге артқан. Осы жылы өңіріміздің 123 дарынды оқушысы Білім және ғылым министрлігінің (7.12.2011 жылғы №514) бұйрығымен бекітілген 22 халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың 15-іне, 10 халықаралық ғылыми жобалар жарысының 6-ауына қатысты. Оның 68-і жүлдегер атанды. Тарқатып айтсақ, оқушыларымыздың еншілегені – 8 алтын, 27 күміс, 33 қола медаль. Былтыр 115 жас дарын 16 халықаралық олимпиадада, 6 халықаралық ғылыми жарыста бақ сынап, 56 медаль иеленген болатын.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support