- Advertisement -

Бурабайда демалу тым қымбат

140

- Advertisement -

Бурабай курортты аймағындағы қызмет көрсету бағасы демалушылар үшін тым қымбат. Тәулігіне 65 мың теңге талап ететін элиталы демалыс орындарына екінің бірі бара алмайды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

 Щучинск-Бурабай курортты аймағы еліміздің туристік кластерін дамытуда үлкен рөлге ие. Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, курортты аймақты дамыту жоспарының екінші кезеңі 47 миллиард теңгеден асатын 85 іс-шарадан тұрады. Бөлінген қаражат курортты аймақтың инфрақұрылымын дамытуға, туристік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ экологиялық мәселелерді шешу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалады.

«Бурабайға күніне 5 мыңға жуық саяхатшы ат басын тірейді. Ал, курортты аймақтың тәулігіне он мыңнан астам турист қабылдауға қауқары бар. Әсіресе, Ресейдің Омбы, Челябі, Новосібір, Түмен қалаларынан келетін туристер көбейді. Тіпті, бұл өлкенің бір жұтым ауасын аңсап, сонау кәрі құрлықтан да келетіндер көп», – дейді Ақмола облыстық туризм басқармасының жетекшісі Шынарбек Батырханов.

Курортты аймақта шағын және орта кәсіп те қарқынды дамып келеді. Жыл сайын туристерге көрсететін қызмет түрі көбейген. Дегенмен, туристерді толғандыратын мәселелер де жетерлік. Демалушылардың айтуынша, жаңа жолдардың салынғанынан басқа курортты аймақта айтарлықтай өзгерістер байқалмайды. Қарапайым адамдар баратын санаторийлердің көбі кеңес заманында салынған. Оның үстіне қызмет көрсету саласы да жетілмеген.

«Бурабайдың табиғаты керемет қой, шіркін! Бірақ, мұнда адамның көңілін сергітіп, таңғалдыра, өзіне тартып алып кететін ештеңе жоқ. Көл жағалауларында қоқыс жәшіктері, дәретханалар жетіспейді. Лас үйінділер шашылып жатады. Басты кемшілік ретінде жаяу жүргіншілер және асфальт төселген жолдардың аздығын айтар едім. Бұл Бурабайдың орталығы ғана емес, шеткі аймақтарына да қатысты. Жалдап тұру құны мен азық-түлік бағасы да тым қымбат», – дейді Есбол Рахымберлин есімді демалушы.

Мейманхана мен қонақүйлердің иелері қысқа мерзімде барынша мол қаражат табуға тырысады. Ал, демалуға келген қарапайым халық үшін бұл бағалар тым қымбатқа түседі. Арзандау санаторийлер, қонақ үйлер мен курорттық шағын үйлер де бар. Бірақ, ондағы сервистік қызмет деңгейі иелері сұрап отырған бағаға сай емес.

Бағасы қымбат демалыс нысандарына екiнiң бiрi бара алмайды. Сондықтан болса керек, орман арасында палатка тiгiп, табиғат аясында демалғанды дұрыс көретiндер көп. Өкiнiшке қарай, осылай жабайы демалушылардан кейiн қалатын қоқыстар курортты аймақтың көркiн бұзып отыр. Көл жағасының өзі сұрықсыз, тартымсыз.

Бурабайдағы қызмет көрсету деңгейi жағынан Түркияның қонақүйiне жетпейдi. Мәселен, Түркияның қонақүйлерiнде бассейндер мен миниклубтар, аквапарктер мен түрлi экскурсиялар үлкендердiң ғана емес, балалардың да демалуына өте ыңғайлы. Ал осыдан кейiн-ақ елiмiзден гөрi Түркияда демалуға асыққан отандастарымыздың жағдайын түсiнуге болатын секiлдi.

 

Ақпарат көзі. BNews.kz 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support