- Advertisement -

Жеңімпаз

110

- Advertisement -

Бірден айтайық, қазақстандық паралимпиялық чемпион Зульфия Габидуллина – елімізде енді екпін ала бастаған паралимпизмнің негі­зін қалаушылардың бірі. Рио-де-Жанейрода өтетін паралимпиялық ойындарға қазақстандық құрама команданы бастап барады.

zulya-tar++az1Тағдыры оған бар-жоғы алты жасынан бастап төсекке, мүгедектік арбасына таңылуды жазды. Алайда, бұл оның өзін-өзі ұдайы жетілдіруіне кедергі бола алмады. Ол суда жүзу спортымен айналысып, өмірден лайықты орнын таба білді. 

– Жол апатынан омыртқа жүйесі мен жұлыныма елеулі зақым келді. Мұндай жағдайда денсаулығың жақсарып кету былай тұрсын, аман жүрудің өзі мұң. Мен үшін спорт, міне, осы тұстан басталды. Өзі-өзіңмен, өзіңнің тәніңді басқарумен айналысу, тіпті қолыңды көтеру, қасықты ұстай алу, өз бетіңмен тамақтану – мұның бәрі жаттығу. Балалығымның көп бөлігін оңалту орталықтарында өткіздім. Сабақ үлгерімімді де төмендетпеуге күш салдым, – дейді ол.
Соған қарамастан, оның жүрегіндегі өмірге деген сүйіспеншілік оты өшкен емес. Күллі өмірі күреспен өтіп келеді. Азаматтық ұстанымы да әлеуетті-ақ. Зульфия өзінің спортшылық жолын мүгедектік арбасына отырып жарысудан бастаған, содан соң суда жүзу спортына ауысыпты. Бұл оған саламаттылық пен еркіндік сезімін сыйлады. Сол – сол-ақ, оның алдынан мүмкіндіктің жаңа бір көкжиегі ашылғандай болған. Суда жүзу оны рахат сезіміне бөледі, көп өтпей-ақ басты мұратына да айналды.
Республикалық II, III мүгедек спортшылар біріншіліктері мен паралимпиялық ойындарының, III спартакиаданың жеңімпаз жүлдегері атануы оның үлкен спортқа деген құлшынысын арттыра түскен. Ол үшін осыдан он екі жыл бұрын Олимпиадаға қатысу басты арман болды. Армандар орындалады екен. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевтың қол астында тұрақты түрде жаттығу көп өтпей өз нәтижесін бере бастады. Бар-жоғы сегіз жыл ішінде олимпиялық нормативті орындап, Лондонда өткен паралимпиялық ойындарға қатысу мәртебесіне де қол жеткізген. Оған бұйырғаны он екінші орын болды. Өкініштісі, оның мүмкіндігі мүгедектік санаты бойынша дұрыс белгіленбеуінен өзінен бір сынып жоғары қарсыласпен бәсекеге түсуіне тура келген еді.
Алайда бір жылдан кейін Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем біріншілігінде жеткен нәтижесі оның өміріне үлкен бетбұрыс әкелді. Бұл сында Зульфия елу метрлік қашықтыққа алдын ала еркін жүзуден әйелдер арасында S3 класында әлемдік рекордқа қол жеткізді. Сөйтіп, ол 0:47.40 секундық уақытты көрсетті. Бұған дейін Қытай спортшысы осы қашықтықты 0:47.79 секундта жүзіп өткен-ді. Ақтық сында ол 0:47.79 секундтық көрсеткішпен екінші орын мен күміс медальды жеңіп алды. Ал осы додада қола жүлдеге елу метр қашықтыққа шалқалай жүзу бойынша ие болды. Елге келген соң оны облыс әкімі арнайы қабылдап, 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Одан кейін Стацканал (Голландия) қаласында өткен бүкілдүниежүзілік мүгедектер ойындарында 4 алтын медаль олжалап, үш әлемдік рекордты жаңартты. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі ұйымдастырған «Үздік спортшы–2013» салтанатты іс-шарасында «Жеңіске ұмтылыс» аталымын иеленгені де бар. Оның алдында Шардж қаласында (БАҰ) жүзуден мүгедектер арасында өткен бүкілдүниежүзілік ойындарында топ жарып келген. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жалауын желбіреткен Азия паралимпиялық ойындарында да осы биігінен төмендеген жоқ. Ол үшін былтырғы жыл да табыссыз болған жоқ, Глазго (Шотландия) қаласында өткен әлем біріншілігінен екі бірдей қола медаль олжалап қайтты. Биылдың өзінде «Эйндховен кубогі» халықаралық жарысы мен Германия ашық чемпионатының жеңімпазы атанып үлгерді. Бір ауыз сөзге сыйдыра айтқанда, бүгінде ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, он бір дүркін әлем рекордын жаңартушы. Алдағы күз айында 51 жасқа толатын спортшымыздан әлі де күтеріміз көп.
Қазіргі сәтте Зульфия Габидуллина «Дос Тараз» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры болып қызмет етеді. Ұжыммен тіл табыса білетіндігімен, ашықтығымен, орындаушылық қабілеті жоғарылығымен абырой-сыйға да бөленуде. Алға қойған мақсаты үлкен, еңбексүйгіш жан. Спортта да, өмірде де жеңімпаз! Оны алда талай сын күтіп тұр. Оның ішіндегі ең бастысы – Бразилияда өтетін Паралимпиада ойындары. Жамбылдық спортшы осынау дүбірлі додаға қызу дайындалу үстінде.

Баймаханбет АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support