- Advertisement -

Әлеуметтік желіде: жастар сауатты ма?

190

- Advertisement -

осы мәселе семинар барысында талқыланды

Бүгінде ақпараттық технологиялардың жылдам дамып келе жатқандығы сондай, интернетке тәуелдіміз. Жас та, жасамыс та ел өміріндегі өзгерістерден ғаламтор арқылы хабардар боп отырады. Ғаламтор дегенде әлеуметтік желілердің әлеуеті жоғары бәрінен. Әлеуметтік желілердегі белсенділік тым жоғары екені рас, бірақ сол желілердегі жазбалардың деңгейі қандай? Жалпы, әлеуметтік желілерді оң мақсатта қолданудың қыр-сырын «Хабар» агенттігінің Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі, белгілі блогер Өркен Кенжебек және блогер Яков Федоров Жамбыл политехникалық колледжінде жамбылдық жастармен өткізген семинарда айтып берді.


«ZhastarUP» жастарды оқыту жобасы аясында өткізілген семинардың ашылуында Өркен Кенжебек: «Интернеттің кең таралуынан да болса керек, қазіргі жастар кітап оқымайды. Олардың алатын негізгі ақпарат көзі – интернет. Белгілі ақын Бекболат Тілеуханның «интернет деген – күн сияқты. Күнді алақаныңмен жаба алмайсың. Сондықтан, ғаламтор желісінен елге кері әсер ететін келеңсіз дүниелер көп екен деп, іргеңді аулақ салмай, қайта сауатты, ақпараты мол, түйсікті жастар көбею үшін интернетті қолдануымыз қажет. Жағымды, жақсы пост жазсақ, жақсылықтың қатары көбейеді. Жастарға осыны түсіндіруіміз керек. Мысалы, мен журналистен гөрі, блогер болумен көп танылдым. Шетелдерге шығып, танымал тұлғалармен кездесуім, санамдағы серпілістер – осы блогерлік тәжірибемнің арқасы. Интернет – бүкіл адам баласына теңдей берілген үлкен мүмкіндік. Біреу оны жақсылыққа, енді біреуі жамандыққа пайдаланады. Ал біз жақсылыққа қолдануымыз керек. Елді бірлікке, ынтымаққа шақыруға, ой-танымды кеңейтуге ұмтылғанымыз жөн. Бірақ біздің бір кемшілігіміз – бір істі біреуге жүктей салғымыз кеп тұрады. Біреуі болмаса, біреуі жазар деп екінші адамға сілтейді. Сосын мен жазсам, «сіз менің ойымнан дөп шықтыңыз. Мұны мен де ойлағанмын» деп коммент жазады». Ал неге сол ойыңызды өзіңіз бөліспейсіз, жазбайсыз. Басқа біреу айтады деп жүргенде, ол адам айтпай қалса, ойыңыз өзіңізде қалады және басқаларға тарамай қалады. Жаңа көзқарастағы жастардың жаңа жазбалары арқылы жаңа әлем қалыптастыруымыз керек», – деп жастарды әлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырды.
Әлеуметтік желі белсенділерінің қатысуымен қазақ интернет кеңістігін сапалы мәтінмен, бейне, фото контентпен толықтыру, шын мәнінде еліміздің имиджін көтеріп, келешегін кемелдендіруге ықпал ететіні сөзсіз. Ол үшін әлеуметтік желілер мен блог-тұғырнамаларда жеке парақшалар ашудың маңыздылығы, жағымды әрі сауатты пост жазу және пост жазуда оның конструкциясын құра білу, ал ол үшін ғылыми-техникалық журналдарды көптеп оқу керектігі, белгілі бір мақаламен немесе фото, бейнемен болсын адамдарға ой салу, ақпаратты жариялағанда, оның шынайылығына көз жеткізу, оң және теріс тәжірибемен бөлісу керек. Семинар барысында мұның барлығы тәптіштеп түсіндірілді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер өз шығармашылығын халыққа танытып немесе жеке бизнесін дамытып, тіпті, жақсы жұмыс орындарын тауып, жұмысқа орналасуға да мол мүмкіндік беретіні айтылды.
– Қазіргі қоғамда интернет қолданушылардың белсенділігі жоғары. Алайда, жастардың көбісі «В контакте», «Инстаграм» желілерін ғана қолданады. Онда өзіне қажетті мәліметті алумен ғана шектеледі. Ал елімізде, шетелде болып жатқан түрлі саяси маңызды мәселелер мен оқиғалардан бейхабар. Мұндай мемлекеттік маңызды оқиғалар «Faceboоk», «Twitter» желілерінде көптеп айтылады. Және мұнда танымал тұлғалардың пікірлері жазылады. Осындай жазбаларды оқу арқылы ой-санамыз дамып, өзіміз де пікір айтуға үйренеміз. Енді аталған желілерде тіркеліп, жеке парақшамды ашамын. Бүгінгі дәрістен осындай ой түйдім, – деді семинарға қатысушы Ләззат Әділханқызы .
Шынтуайтында, басқа қалаларға қарағанда, әлеуметтік желілерде жамбылдық жастардың белсенділігі төмен екен. Қатарын көбейту үшін мұндай семинарды алдағы уақытта да өткізу керек-ақ.

Шынар АСАНҚЫЗЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support