- Advertisement -

Пай -пай мен wi fi

251

- Advertisement -

– Жаным, WiFi -ды ертең үйге тастап кетсең жақсы болар еді, әйтпесе, менің ішім пысып жүр, – деді Гүлжамал күйеуіне еркелей қарап.
– Гуля, жұмыста төрт қабырғаға қадалып отырам ба?
– Жұмыста жұмыс жаса! Болмаса адамдармен сөйлесіп аралас. Сен емес мына мен төрт қабырғаға қамалып отырған. Ерік миымды жейді жылап, сонда құлағыма наушник салып алып, музыка тыңдайын десем, интернет жоқ!
– Қойшы, Гуля! Үйде істейтін шаруа жетеді ғой. Ерікті бағып-қағумен де уақытың өтеді. Интернетке мен келген соң да кіріп үлгересің!
– Жоқ, сен мені мүлдем түсінбейсің, көрер едім өзіңді баламен жалғыз қалдырсам. Еще интернет жоқ, қалай шыдарыңды?!
– Ой, сен де, қайдағыны айтады екенсің! Осы бізді анамыз интернет-пинтернетсіз де бағып-қақты ғой!
– Ол заман басқа, өтті, кетті. Қайтып оралмайды тас ғасыр. Қысқасы WiFi-ды үйге тастап кетесің. Тек ертең ғана емес, енді үйде қалатын болады!
– Гуля, миымды ашытпашы, жұмыста құжаттарды жіберу керек дегендей, керек болады маған!
– Оны маған емес, бастығыңа айт!
– Ой, онда интернет бар ғой!
– Енді?
– Жылдамдығы жай! Бір нәрсеге кіріп шыққанша, бір күнің кетеді.
– Сен бар ғой, Қайрош, – ентігіп – оңбаған екенсің! Енді осы үйден WiFi шығып көрсін, көрсетем саған, – деп жұдырығын көрсетті Гуля.
– Е, доғар болды! Миымды ашытпа, үндемеген сайын басыма шықтың ғой. Қайрат теріс бұрылып жатып алды. Күйеуінің бұл әрекеті жарылуға шақ қалған Гүлжамалдың шамына тиді.
– Албасты, тамағыңды істеп, кіріңді жуып, балаңды туып, жайыңды жасаған әйеліңе айтқан рахметің осы ма?!
– Айқайлама! Ерікті оятасың, – деп қолымен әйелінің аузын басуға ұмтылды. Басамын деп добалдай қолдарымен, қопалданып Гүлжамалдың мұрнын соқты. Бұл қылығы отқа май құйғандай болды.
– Әй, сүмелек, енді мені ұрайын дедің бе? Ұр, соқ, қадірімді білмеген қайыршы, өлтір! Енді қалмағаны осы еді. WiFi-ды қалдыр деген ем, соны да көп көріп, қол көтеріп, – көзінің жасын сүртті.
Көрші бөлмеден баланың жылаған даусы шықты.
– Ой, әкең, керегің осы болса, мә, ал! – деп, Қайрат алақандай қара түсті құрылғыны қабырғаға лақтырып жіберді.
WiFi тас-талқан болып шашылып қалды. Осы сәтте нәрестенің де даусы шар етіп қатты шықты. Ащы дауыс екеуінің де қолқасын суырып алғандай, жүректері зырқ етті. Екеуі де Ерікке қарай тұра ұмтылды. Қайрат баласын қолына алып бәйек болды. «Қарны ашып қалған болар», – деп Гүлжамал ас үйге кетті. Үстел үстіндегі жуылмаған ыдыстарды көріп, өзінен-өзі ұялды. Қайратқа құтысына құйылған Еріктің тамағын беріп, үйілген ыдыс-аяғын жууға кірісті. Сүтке сылқия тойған Ерік қайтадан ұйықтап қалды. Ас үйдегі үйілген ыдыс та орнын тапты. Татуласқандарын іспен ұқтырып екеуі жатын бөлмелеріне оралды.
Тыныштық. Күніге құлақ етін жейтін «Вконтакте», «Фейсбук», «Ватсап»-тардан келетін хабарламалардың үні өшкен. Гүлжамал терең тыныстап, басын күйеуінің кеудесіне қойып:
– Енді не істейміз? – деді.
Әйелінің маңдайынан иіскеген Қайрат:
– Ертең барып жаңа WiFi сатып аламыз, – деді жайбарақат.

Нұрдәулет Омарбек,
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support