- Advertisement -

Компьютер «тұтқынындағы» балалар

177

- Advertisement -

Виртуалды әлемге енуге қай жастан рұқсат берген жөн?

Қазір біздің заманымыздағыдай асық атып, ләңгі теуіп, жалаң аяқ көше шаңын кешіп, жаңбыр астында жүгіріп ойнайтын баланы көрмейсің. Бүгінгінің жеткіншегі қолдан кеме жасап, арықтағы суға ағызып ойнауды да білмейді. Әсіресе, қала балалары аулаға сирек шығады. Өйткені, асыр салып, доп қуып ойнайтын алаңқайлар қала ішінде некен-саяқ. Қайда қарасаңыз да жаңадан бой көтеріп жатқан дүкен, кафе, дәмхана. Кеудені қысып, қала тынысын тарылтып барады. Тіпті, көше жиегіндегі аяқжолдарды (тротуарларды) да «жаулап» алды. Содан да болар, көшеде құлағын құлаққаппен бітеген, қолдарына тақтайдай телефон ұстаған көзілдірікті балалар көбейді. Көзілдірік таққаны сән қуғаннан емес. Сол баяғы компьютерге, планшетке, ұялы телефонға телміргеннің әсерінен. Баласының алысты көруі нашарлап, жастайынан көзілдірікке тәуелді болғанына қарамастан, ата-аналар тентегіне түк демейді. Сөз қылсаңыз «қазіргілердің барлығы сондай ғой» деген жауабы дайын. Әйтеуір, көшеге сандалып кетпей, үйде отырғанына мәз…
ХХІ ғасырдың басты жетістіктерінің бірі ақпараттық технологияның дамуы десек те, оның пайдасынан гөрі зиянының басым екенін түсінсек дейміз. Деректерге сүйенсек, дүниежүзінде күн сайын балалардың 50 пайыздан астамы интернетке кіреді, ал 37 пайызы бос уақыттарын компьютерлік ойындар ойнаумен өткізеді екен. Яғни, әлемде «сандық ақыл-ой кемістігі» жайлап кетті деген сөз. Компьютерден, смартфоннан, планшеттен көз алмай, сағаттап тапжылмай отырған олардың айналасындағына зерттеп тануға уақыты бола бермейді. Ақыл-ойы, түсінігі барлығы виртуалды әлемде шектеліп қалған. Ал жұмыс істемеген ағза уақыт келе қызметін төмендетіп,тіпті, базбірінің өлетіні белгілі. Сондықтан болар, «қазіргі он бір жасар балалардың білім деңгейі осыдан отыз жыл бұрынғы сегіз-тоғыз жасар балалардың деңгейімен бірдей» дейді зерттеушілер.
Балаларымыз компьютерге қанша жастан отырғаны жөн? Компьютер мен смартфонның оларға қандай пайдасы мен зияны бар? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітейік.
Қазіргі уақытта ақпараттық ресурстар барынша тез дамуда. Әлі ақылы толысып үлгірмеген балалар үшін таңғажайып бір әлем ашылғандай болады. Сондықтан да, тыйым салғанымызға қарамай жасөспірімдер сол жұмбақ әлемге құштар. Ал оларға тоқтау салсақ, баланы ақпараттық кеңістіктен шектейміз. Шектемегенімізден, тек демегенімізден зиян көретін басқа емес, өзіміз.
Бүгінде оқу жүйесін компьютерсіз елестету мүмкін емес. Балалардың қауіпсіздік талаптары мен санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауын мектепте мұғалімдер қадағалайды. Ал үйге келгенде теледидар мен компьютерді қосып, жоғары технология әлемімен «бетпе-бет» қалады. Экрандардан біздің балаларымыз мультиктің құбыжық кейіпкерлерін немесе жалаңаш қыздардың билерін көреді. Соның бәрі балаға жақсы әсер ете қоймайды.
Дәрігерлердің айтуынша, баланы үш жастан бастап компьютерге отырғызуға болады. Бірақ күніне жарты сағат қана. 6 жастан бастан 12 жасқа дейінгілер – бір сағат. Ал 12 жастан бастап күніне екі сағат рұқсат етуге болады. Компьютер көзге зиян, сондықтан әр бір он бес минут сайын үзіліс жасап отыру керектігін есте сақтау керек. Балаға көзді вертикальды және көлденең айналдыру немесе жиі жыпылықтатып жасайтын арнайы жаттығуларды үйретіп қою қажет. Кейін тәуелділік пайда болмау үшін компьютер алдында отыратын уақыт нақты белгілену керек.
Бүгінде жасөспірімдер «телефон зомби» дертіне шалдықты. Яғни, телефонға тәуелді. Әрдайым телефонын іздеп, оның қоңырауын күтіп отыратын дәрежеге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, қолындағы телефонынан көзін алмайтын, жан-жағында не болып жатқанына еш көңіл аудармайтын, басқа дүниеге еш қызықпайтын жастар өсіп келеді. Олардың болашағын әзірше болжау қиын…

Компьютер балаға не үйретеді?

2-ден 6 жасқа дейін жас балалар компьютерді меңгере бастайды. Бұл кезде оларға сандарды, әріптерді, әртүрлі белгілерді үйретуден бастауға болады. Ол үшін сізге мәтіндік редактор керек. Уақыт өте келе бала толық сөздерді жазады, кейін сөйлемдерді. Сонымен бірге ол қатесін көріп, оны өзі түзей алады. Тінтуірді басқару арқылы балақайдың әрекетін жетілдіруге болады. Жалпы, баланы ойын өсіретіні белгілі. Компьютерде ой-өрісті жетілдіретін неше түрлі ойындар бар. Солардың көмегімен көптеген ғылымның ежелерін тануға болады. Мәселен, геометрия, шет тілі, арифметика, грамматика. Paint редакторын қолдану арқылы сурет салуды үйренуге болады. Өйткені, жаққышқа қарағанда тінтуірмен сурет салу қиындау. Бұл өз кезегінде қолдың моторикасын жетілдіреді.
6-дан 9 жасқа дейінгі балаларға ақпаратпен жұмыс істеуді үйретуге болады. Оған өз бетінше папка мен файлдарды ашуды үйретіңіз. Компьютер арқылы ойын ойнау ғана емес, көптеген қызық ақпаратты білуге де болатынын түсіндіріңіз. Бірақ, осы жастағы баланы компьютердің алдында жалғыз қалдыруға болмайды, өйткені ол әлі көп нәрсе білмейді. Вирусқа толы бағдарламаны жүктеп алуы мүмкін. Шамамен, 9-дан 12 жасқа дейінгі балалар әлемдік ғаламторды еркін «сүзіп» қарай алатын болады. Сондықтан, оған әуелі вирустар жайлы айтыңыз. Екіншіден, интернетте тек қана жақсы ниеттілер отырмайтынын, поштаға әдейі зиянкес тасушы хабарламалар (спам) жіберетіндер барын да түсіндіріңіз. Егер бала таныс емес кісіден хабарлама алса, үлкендерді көмекке шақырсын.
Кейбір балалар табиғатынан ұяң келеді. Айналадағы адамдармен сирек байланысқа түседі, қатарластарымен тіл табыса алмайды. Әртүрлі чаттар арқылы араласу оларды аша түседі. Егер сіздер осы бастан балаға компьютер алдында жұмсайтын уақытты қадағалауды үйретсеңіз керемет болар еді. Алайда, кез-келген бала өз-өзін қадағалай алмайды. Осындай жағдайда балаға компьютерді сөндіру керектігін еске салып отыратын бағдарламаларды қолданған жөн.
13 жастан бастап балаға компьютерді өз еркімен қолдануға рұқсат беруге болады. Ол бірнеше сағаттап өзіне қызық бағдарламаларды зерттеп отыруы мүмкін. Бұл қасірет емес. Мүмкін, ол өзінің болашағын ақпараттық технологиямен байланыстырғысы келетін шығар, сол кезде компьютер оның нағыз досына айналады. Оның таңдауына сыйластықпен қарайтыныңызды білдіріңіз. Тек таң атқаннан кеш батқанға дейін компьютердің алдында отыру денсаулыққа зиян екендігін түсіндіруді ұмытпаңыз.
Онлайн ойындар нені үйрете алады? Логикалық және стратегиялық ойлауды, адамдармен ортақ тіл табысуды, тез шешім қабылдауды. Ал зияны қандай? Біріншіден, бала шынайы өмірді ұмытып, виртуалды өмірге бүкіл санасымен еніп кетеді, яғни оның бойында тәуелділік пайда болады. «Физикалық әлемді зерттегенде, жаңа нәрселермен танысқанда еркін және тәуелсіз өз ойынан алатын дүниенің орнын еш нәрсе де толтыра алмайды», – дейді британдық психология профессоры Таня Бирон.
Жақында мектепте өткен бір басқосуда әңгіме балалардың компьютерлік клубқа тым әуес екені жайлы әңгіме болды. Сонда бір кісі: «Бұрын, яғни компьютерлік клубтар болмаған кезде әрбір аулада ойын алаңдары, спорттық клубтар, рухани орталықтар, тіпті, балаларға арналған қызықты спорттық үйірмелер көп болатын. Сол дәстүрді қазір неге қайтадан жаңғыртпасқа? Неге біз жастарды саламатты өмір салтына баулып, осындай тиімді әрі қызықты шаралар арқылы жақсылыққа тәрбиелемейміз?..» – деп өз ойын жеткізді. Бұл пікірді сол жердегі көпшілік қостады. Шараға жиналғандар жергілікті билікке балалардың бос уақыттарын өткізетін орталықтар санын көбейту туралы ұсыныс жасауға мәміле жасасты.
Әрине, бұл – игі бастама. Қаланың жеткіншектері ауыл балалары сияқты емес, физикалық тұрғыда әлжуаз. Олар мал жайғап, отын әзірлеп, су тасымайды. Сондықтан, қаланың ақсаусақ еркетотайларының мектептен кейінгі бос уақыттарын өткізуі қоғамда үлкен мәселеге айналып тұр. Десек те, осы мәселеге басын ауыртып жатқандар шамалы. Тіпті, ортамызда тентек баласына тәрбие бергеннің орнына оны оңаша қалдырып, бір сәттік жан тыныштығын ойлайтындар да жоқ емес. Бұл – ащы болса да шындық.
Жалпы, бала тәрбиесінің осалдығына, оның күні-түні үй бетін көрмей, компьютер клубтарын жағалап жүруді әдетке айналдырғанына ең бірінші ата-ана кінәлі. Елімізде бауыр еті баласына дұрыс тәлім-тәрбие бермей, қараусыз, қамқорлықсыз қалдырғаны үшін ата-аналық құқығынан айырылып жатқандар қаншама? Мұның соңы жауапсыз әке, мейірімсіз ана, көргенсіз бала, қатыгез қоғамның қалыптасуына әкеліп соқпаса игі…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының
докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support