- Advertisement -

Ақ кепкелі азамат

121

- Advertisement -

Бұл тілшінің жүрісі бөлек. Тыпыр-тыпыр етіп бір орнында тұр екен десең, біраздан кейін жүйрік аттай көз ұшында басындағы ақ кепкесі ағараңдап кетіп бара жатады. Ал арқалаған жүгі алты батпан. Қалжыңға да құралақан емес. Аудан орталығына Ерназар ауылынан қатынайтын Дүйсекеңнің кейде жұмысқа ертерек келіп, мекеме есігін тоқылдатып, іштегі күзетшілердің шығуын тосып тұратыны да бар. Сондай сәтте өзіне «Дүйсеке, таң алакеуімнен неғып тұрсыз бұл жерде?» десе, иегін шошаң еткізіп «Көздің құртын «өлтіріп» тұрмын» дейді екен. Онысы – көшеден өтіп бара жатқан келіншектерге көз салып тұрғанын меңзегені. Жаспен де, жасамыспен де әзілдесе беретін Дүйсекеңді дүйім жұрт сондықтан да жақсы көреді. 

Тағы бір қасиеті – кабинетте қамалып отыруды жаны қаламайды. Жағымды жаңалық іздеп, аудандық бөлімдерді жағалап жүргені. Бәкене бойлы, артық еті жоқ елгезек тілшіден ешкім сырт айналмайды. Барымен бөліседі. Ол ақпары ертесіне газет мақаласына айналып шыға келеді.
– Төртіншіде оқып жүргенімде «Қазақстан пионері» газетінде алғаш рет «Кілт» деген мақалам жарық көрді. Одан соң «Балдырған» журналына әңгімелерім жарияланып тұрды. 1974 жылы мектеп бітіргеннен кейін екі жыл әскерде болып келдім. Шенім – отставкадағы капитан. Әскерден кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірдім. Ұжымшарда талай қызметтерді абыроймен атқарсам да, бойымда жазуға деген құмарлығым басым болды. Аудандық, облыстық газеттер мен республикалық «Қазақстан әйелдері» секілді мерзімді басылымдарға үздіксіз мақала жіберіп отырдым. Жазуға деген құштарлық ақыры мені журналистика саласына әкеліп тынды, – дейді ол.
Дүйсекең автокөлік жүргізушісі де, гидротехник те, спорт нұсқаушысы да болды. Беріректе ұжымшарда тексеру комиссиясының төрағасы, ұжымшар төрағасының орынбасары қызметтерін де атқарды. Әйтеуір, қайда жүрсе де халықтың тілегін орындауға асығып тұратыны байқалады.
«Шұғыла» газетіне тілші қызметіне шақырған кезде де ұсынысты бірден қабыл алды. Өзі де шығармашылықты аңсап жүрген. Сөйтіп, аудандық газетке біржолата табан тіреді. Сол екен жан сарайы кеңіп сала берді. Себебі, бұл оның жаны сүйетін жұмысы еді.
Ол бұл күнде «Шұғылада» ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. Тілшілік тіршілікпен бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Қыстау, көктеу, күздеу дейсіз бе, жаңбырға, қарға, боранға қарамастан қажетті нүктеден табылады.
Тынымсыз тілшінің қаламынан қаймығатын дөкейлер де жетерлік. Әсіресе, «Аяқтан шалатын шенеунік» атты әзіл әңгімесі атқамінер азаматтардың біразына ой салды.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Дүйсенбек Орманов ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Журналистер одағының дипломымен марапатталған. Облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленуі де еңбегіне берілген әділ баға. Облыстық, аудандық деңгейдегі қоғамдық ұйымдардан алған марапаттары өз алдына бір төбе. «Жеңіске үлес қосқандар», «Аққан жұлдыз», «Дала дауысы» кітаптарының авторы.
Бір көрген адамға бала сияқты көрінетін ағамыз биыл асқаралы алпыс жастың төріне де аяқ басыпты.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support