- Advertisement -

«Әй, Қайнар, көзіңе қарамайсың ба?!.»

125

- Advertisement -

Биыл Талас өзенінде су мол. Ол шалғайда жатқан біздің ауылға да әсер етпей қоймапты. Былтыр арықпен келетін бір қасық суға зарығып отырғандар биыл көл-көсір суға қарық болды. Бұрнағы жылы біздің жақта жерді қоршап алу деген үрдіс шыққан. Ол үрдіс бойынша әркім үйінің, шарбағының маңындағы бос жатқан жерді қоршай берген. Ол биік па, аласа ма? Ол жерге су бара ма, бармай ма, ол жағы екінші кезектегі әңгіме. Тек қоршау – мақсат. Сөйтсек, ауылдастар бірдеңені сезгендей екен. Енді міне, ағыл-тегіл су келді. 

Енді сол ағыл-тегіл сумен қоршап алған жеріңді суара бер. Ылғал барған жердің шөбін шалғымен орып алсаң да пайда. Дегенмен, су шарбаққа өзінен өзі келмейді. Ол үшін арығыңды дайындап, оманның түбін тазалап, тер төгуің керек. Дәл осы тұсқа келгенде біздің ауылдың адамдарының ері мойнына кетеді. Жалқаулықтары ұстайды. Шарбақты даладай қып қоршауды біледі. Алақандай арықты тазалауға келгенде мойындары жар бермейді.
Ауылдың мұрабы – Қайнар. Ол – адамды ерқашты қылатын жұмыс. Әуелі ешкімнің мұрап болғысы келмейді. Бір-біріне «Сіз болыңыз», «Сіз болыңыз» деп сызыла қалады. Ал, сайланған мұрапты қадірлеуге тағы да ешкім құлық танытпайды. Күнде кикілжің, айқай-шу. Соның бәріне Қайнар шыдап жүр. Әкесі марқұм көнбіс кісі еді. Бұл да сол кісіден айнымай қалған. Оның үстіне Қайнардың да бірнеше шарбағы бар, мұрап болса, арықпен ішетін суы тегін.
Қайнар мұрап болғалы талай қырсықты, талай жанжалды көріп келеді. Өткенде көрші Күләштің шарбағына мезгілінен бұрын су жайылып кетіпті. Олар жоңышқалығын орып жинап, жатқан шақ. Бұл жағдайға арығын тазаламаған, су келетін құлақты биіктетіп бекітпеген өздері де кінәлі. Сонда Күләштің Астанада автобус айдап жүрген баласы Талғат ауыл мұрабы Қайнарға ұялы телефонмен қоңыраулатыпты дейді. «Әй, Қайнар, көзіңе қарамайсың ба? Біздің шарбаққа уақытынан бұрын жайылып кеткен қандай су?» депті. Күнге күйіп, ыстық күнде таңдайы құрғап, арық жағалап жүрген Қайнар кінәлі болады да, Астанадан хабарласқандардың ісі оң болып шыққаны ма?
Біздің ауылда су суару мәселесін де «звонокпен» шешкісі келетіндер бар.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support