- Advertisement -

Шу вокзалының сұрықсыз сиқы

185

- Advertisement -

қала көркін ашпай тұр

20160614_16+2712 20160614_162301 20160614_164039 20160614_164058-(1)Тоғыз жолдың торабы саналатын Шу қаласының вокзалы күн сайын жүздеген жолаушыны қарсы алып, шығарып салады. Оны шаһардың «бас қақпасы» деуге де болады. Батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке қатынап жатқан пойыздардың Шу стансасына тоқтамайтыны кемде-кем. Ары-бері өткен жүргіншілердің назары да осы жерге ауатыны мәлім. Вокзал маңы таза, сәулетті болса, сол өңір жайлы
жақсы пікір қалыптасады.

Темір жолдың бойы – шулықтардың негізгі табыс көзі. Шағын қаладағы қайнаған тіршіліктің ортасы да осы жер. Тәуліктің қай уақытында барсаң да, алып ғимараттың босағасы келімді-кетімді жүргіншіден босаған емес. Жаз мезгілінде Шу стансасына тәулігіне 50-60-қа жуық пойыз тоқтайды. Перрондағы сауданың да қызатыны осы кез. Алыс сапарға шыққан жолаушылар қажетінің бәрін сол жердегі дүңгіршектерден табатындықтан, пойыздың Шуға тоқтайтын сәтін асыға күтеді. Бірақ…

Барлық гәп осында. Саудасы қызып тұрғанмен, вокзалдың сәулеті мен көркі көз қуантпайды. Уақыт өткен сайын заман өзгеріп, қоғамның жаңалыққа қарай бой түзейтіні заңдылық. Десе де, Шу қаласының темір жол вокзалы бұл үрдістен шет қалып келе жатқандай. Елімізде барлық қызмет көрсету орындары заманауи стандарттарға ыңғайластырылып жаңғыртылып жатқанда, білдей бір ауданның айнасы іспеттес вокзалдың уақыт талабына ілесе алмауы еңсені түсіреді.
Вокзал ғимараты 1989 жылы салынған. Одан бері бір рет қана күрделі жөндеуден өтіпті. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы 98 миллион 696 мың теңге қаражат бөлініп, қызылордалық «Асаназдар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі вокзалдың 3 қанаттан тұратын екі қабатты ғимараттың шатырын, негізгі блоктың ішкі терезе, есіктерін ауыстырып, 500 радиатор орнатып, жылу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Негізі күрделі жөндеу жүргізілді деген аты ғана. Әлі де кезегін күткен шаруа көп. Мәселен, ғимараттың қабырғалары ескірген, күту залы суық. Ғимараттың екінші қабатында кішігірім асхана жұмыс істеп, бір бильярд столы тұр дегені болмаса, кіші футбол алаңын орналастыруға жарайтын алаң қаңырап бос тұр. Асхананың санитарлық тазалығының өзі күмән туғызады. Тар әрі жиһаздарының бәрі ескі.
106 шаршы метр асхананы жалға алушылар ай сайын 237 мың теңге төлейді екен. Яғни, әр шаршы метрі 2243 теңге тұрады. Жалға беру құнының қымбаттығына қарай басқа жердің бос тұрғанына қарамастан, асхананы тар жерге орналастыруының себебін түсіне алмадық. Ғимараттың қалған екі қанатына қарап жатқан ешкім жоқ. Оң қанаты мүлдем қажетсіз. Сол жақ блокта шағын демалыс бөлмелері, бір медициналық кабинет және 3 кеңсеге жалға берілген кабинеттер бар. Вокзал ғимаратының қалаға қарайтын беткейінде алдымен көзге түсетіні артық темір-терсек, қираған қабырғалар мен мүжілген текпешіктер. Жалпы айтқанда, ғимараттың тозығы жеткен.
Шу вокзалы – «Вокзал Қызмет» акционерлік қоғамы оңтүстік аймақтық филиалына қарайды. Бұл филиалда 26 қызметкер бар. Олардың орташа айлығы 40 мың теңгеден. Вокзал басшысы Шолпан Арысбаева қызметкерлер қолдан келгенше көне ғимарат қабырғаларының сылағы түскен жерлерін «жамап-жасқап», тазалап отырғанын айтты. Тіпті, өздеріне қарасты емес перрон төңірегінің тазалығын да жұмысшылар қарауға мәжбүр.
Белгілі болғанындай, перрон аумағы әзірге иесіз. Ондағы сауда нүктелері де вокзал басшылығына қарамайтын көрінеді. «Перронның біздің мекемеге қатысы жоқ болса да, ондағы сауда нүктелерінің қоқыс-қалдықтарын тазалау біздің мойнымызда. Қараусыз қалғанша, перрон вокзал меншігіне өтсе, дұрыс болар еді», – дейді вокзал басшысы.
Ғимарат ішінде 20 нүкте жалға беріліп отыр. Олардың қатарына қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін жатын бөлмелері, асхана, бильярд, сауда дүңгіршектері және банкомат кіреді. Олардан түсетін қаражат қазір жылу, жарық, кәріз жүйелері, судың төлемақыларына жетпейтін көрінеді. Нысан толық жөндеуден өткізіліп, қажетті жағдай жасалса, ғимараттың сәулеті келісіп тұрса, вокзалға жан бітер ме еді?! Қанша дегенмен бұрынғыдай емес, жұрт алдымен қызмет көрсететін орындардың сыртқы келбетіне, тазалығына назар аударатын болған ғой. Кәсіпкерлерді де қолайлы жағдай жасалған нысандар қызықтыратыны анық.
Вокзал бастығының сөзін тыңдасақ, мұндай өзгерістің жақын арада жүзеге асуы екіталай сыңайлы. «Биыл ғимарат сыртын ағымдағы жөндеуден ғана өткізу жоспарланған. Соның қаражатын күтіп отырмыз. Бірақ, ғимарат күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Барлық мәселе тағы да қаржыға келіп тіреледі ғой», – дейді Шолпан Арысбаева.
Қайткенмен де тоғыз жолдың торабында тұрған Шу вокзалының сұрықсыз күйі ұят-ақ. Ары-бері өткен жолаушыр не демек? Шу өңірі басшыларының өздеріне де сын емес пе? Қалай десек те, қазіргідей өскелең уақытқа жараспайтын тірлік. Түйткілді мәселенің оңтайлы шешімін табатынына сенгіміз-ақ келеді.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support