- Advertisement -

Ерлі-зайыптылардың әңгімесі біткен бе?

214

- Advertisement -

Үйде отырып, күнделікті күйбең тіршіліктен шаршадың ба? Бала бағу, кір жуу, тамақ істеу, үй жинау — əйелдің міндеті болса да, мезі ететіні рас. Бұл тірлік сізді ғана емес, күйеуіңізді де мезі етеді. Ол да сізден шаршайды. Жағдайды біреу келіп дұрыстап береді демеңіз, өзгерісті өзіңізден бастаңыз.
– Үйде отырған əйелдің ең көп ауыратын жері — бас сақинасы. Күйеуі жұмыстан келгеннен бастап, басым ауырып тұр деп аяушылық күтеді. Өзімнің басымнан өткесін білем. Бірақ күнде пластинка қайталана бергесін, күйеуіңіз оған мəн бермейді. Одан да ауырмаудың жолын қарастырыңыз. Бір күні шынымен де басыңыз айналып құлап қаласыз.
– Қалжыңдап болса да күйеуіңіз «Қыз кезінде бəрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мақалды айтып қалса, «жаман қатын» рөлінен дереу шығып, қыз күніңіздегідей құлпырып жүріңіз.
– Ерлі-зайыптылардың əңгімесі таусылған жерде, отбасы тек балалар үшін ғана сақталып тұрады. Балаларға мұндай отбасы керек пе, ойланыңыз.
– Өз-өзіңізге көңіліңіз тола ма? Айнаға қарағанда өзіңізге сүйсінесіз бе? Осы уақытқа дейін «өзімді жақсы көрмеймін» деп неше рет айттыңыз? Бұл жағдай бүкіл үйде отырған əйелдерде бар. Өзіңізге көңіліңіз толмаса, күйеуіңіздің қалай көңілі толады. Айнадан жексұрын əйелді көрсеңіз, күйеуіңіз де күнде соны көреді. Өзіңізді-өзіңіз жақсы көре алмасаңыз, басқадан оны қалай талап етесіз?
– Бəріне əйел кінəлі! Рас! Əйел – үйдің іргетасы. Отбасының мықты болуы, іргетастың мықты болуымен байланысты. Ендеше бір минут болсын, əлсіздік танытпаңыз. Іргетасыңызды бекемдей түсіңіз. Əйтпесе, үстіне жаңа үй салып алатын бос іргетастар жетеді!
– Қанша қайталап көрсең де, жалықтырмайтын кинолар болады. Əр оқыған сайын қызықты бола түсетін кітаптар бар. Сіз де əр парағын ашқан сайын, өмірінің соңына дейін оқуға тұрарлық қызықты кітап болыңыз. Қызықсыз кітаптардың орнын өзіңіз де білесіз.
– Күйеуіңіздің ұнамсыз іс-əрекеттерін дұрыстаймын деп əуреленбеңіз. Ештеңе үйретпеңіз. Одан да оның осындай мінез-құлқымен қалай өмір сүру керек екенін өзіңіз үйреніңіз.
– Əйел ақшаны, жақсы дүниені өзінен аяйды. Одан да оған тамақ алайын деген «жалған қамқоршы» рөлінде жүреді. Өзіңізден аясаңыз, күйеуіңізден не күтіп жүрсіз? Қашан қымбат тон əпереді деп күтпеңіз, өйткені ол сізді арзан киіммен көріп үйреніп қалған.

Асыл Арыстанбек,
ақын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support