- Advertisement -

«Кәусардың» керім әндері-ай

110

- Advertisement -

Жас таланттардан құралған вокалдық ансамбльдің алар асуы алда

Талантты жастардан құралған «Кәусар» вокалдық ансамблінің өнері бүгінде өңірдегі әнсүйер қауымның көңілінен шығып жүр десек, артық айтпаған болар едік. Екі жыл бұрын ғана облыс филармониясының жанынан құрылған ансамбльдің бүгінде өз тыңдармандары, жанкүйерлері бар. Өйткені, бұл топ тек жанды дауыста ғана ән шырқап, шынайы өнердің болмысын ашуымен ерекшеленіп, сонысымен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленуде.
«Кәусар» вокалдық ансамблінің құрамында 11 өнерпаз бар. Вокалдық ансамбльдің кәсіби өсуіне және репертуар жинақтауына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Вокал және дирижерлеу» факультетінің деканы Ғалымжан Берекешев арнайы шақыртылған. Сондай-ақ, ұжымның кәсіби қалыптасуы үшін белгілі, сауатты музыканттардың қатысуымен шеберлік-кластарын үздіксіз өткізіп келеді.
Ансамбльдің дирижері Дидар Игіліков қазіргі уақытта репертуарларында 20-дан аса достық, бейбітшілік, патриоттық тақырыптағы әндер мен халық және шетелдік композиторлардың әндері бар екенін жеткізді. Өңіріміздегі кез-келген мерекелік шараларда өнерімен тыңдармандарды тәнті етіп жүрген ансамбль мүшелері Алматы, Талдықорған, Астана, Шымкент, Тараз қалаларында өткен үлкен концерттерде де өнер көрсетіп, ел ықыласына бөленіп үлгерген. Жуырда ғана олар әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев атындағы II Халықаралық ән байқауының I орын иегері атанып, мерейлері үстем болған еді.
– Топ құрамындағы әншілердің барлығы талантты, талапты жастар. Олар сайдың тасындай іріктеліп алынған. Атап айтсақ, облыс жұртшылығына танымал «Лашын» тобының әншісі Азамат Алмерек, продюсері әнші-композитор Жандос Омаров жетекшілік ететін «Достар» тобының талантты жігіттері Нұржігіт Баймұратов, Мағжан Сержанов, Байжігіт Аян, Қайрат Болысбек, сондай-ақ «Brais» жобасының әнші қыз-жігіттері: Альбина Ерубаева, Ерұлан Бахыт, Темірлан Жұмаханов. Жеке дауыстағы әншілер Динара Маханова, Мөлдір Абланбекова, Ақтөре Орынбасар, Перизат Орынбекова, Жансая Божбан да топ құрамында жұмыс істейді, – дейді топ жетекшісі Нәзима Үсенова.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support