- Advertisement -

Әбігерге салған әлеуметтік желі

106

- Advertisement -

Соңғы кездері әлеуметтік желілер жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктіріп қоятынды шығарды. Ақтөбеде лаңкестер лаң салып жатқанда әлдекімдер «Ақтауда атыс болды» деп, «аттан салып» бейнетүсірілімді ғаламторға жариялап жіберді. Бейбіт тұрғындардың оққа ұшқанын естіп, онсыз да үрейі ұшып отырған көпшілік «барлық жерді лаңкестер басып алды» деп есі шықты. Сөйтсек, бұл Ақтауда «Спецназ» және «Арлан» деген сериалдардың кезекті түсірілімі екен.
Бұл әлеуметтік желілердегі жұртты шулатқан жаңалықтардың алғашқысы емес. Бұған дейін де «жау шапты» деген мәндегі ақпараттар көп тараған еді. Жуырда ғана ғаламторда атың шықпаса жер өрте дегендей, МС Сайлаубекке жарнама жасаймыз деп, жалған ақпарат таратқандары үшін екі бірдей продюсердің үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. «МС Сайлаубекке біреулер оқ атып, ауыр халде ауруханаға түсті» деген суыт хабары шын мәнінде продюсердің «қара пияры» екен. Ғаламтордағы бейнежазба «Өмірге оралу» атты фильмінен үзінді болып шықты.
Біз қолдаған әлеуметтік желілердің алғашқысы – Агент еді. Қазір қолданысқа «Facebook», «В контакте», «WhatsApp», «Twitter», «Viber», «Imo», «Instagram», «Skype» бар. Әлеуметтік желі уақыт өткізудің таптырмас «мүмкіндігі» болып отыр. Мына деректі қараңызшы, Леди Гага мен Джастен Бибердің твиттердегі қонақтарының саны Қазақстан халқынан да көп, ал «Facebook»-та тіркелушілер саны қытай халқының өсу үдерісінен де асып түсуде. Осылардың өзінен-ақ әлеуметтік желілердің қалың көпшілікті өзіне тартып, бұрын-соңды болмаған алып күшке айналғанын көруге болады. Ал Америкада жаңа медианың дамуына байланысты талай баспасөздің редакциясы жұмысын тоқтатты, талай газет-журналдар таралымы азайып, шығынға батуда.
Әлеуметтік желі қазақ тілінің дамуына да нұқсан келтіруде. Интернет беттеріндегі жаңалықтардың көпшілігін ашып қарай қалсаң, қазақ қарпі жоқ. Бұл – ғаламторда жастар арасында кеңінен тараған әлеуметтік желінің салдары қалыптастырған «заманауи жазу тәсілі». Бастапқыда «Агент» арқылы «әңгімелесушіге» тезірек жауап қату үшін агенттің «қазақша тілі» шықпағандықтан, ана тіліміздегі «ә», «і», «ң», «ғ», «ү», «ұ», «қ», «ө», «һ» секілді әріптерді таңбалауды түгелімен әліпбидегі үндес қаріптермен алмастырып алғанбыз. Кейін бұл әдетке айналып кетті. Осылайша, сауатсыздана бастадық.
Қалай десек те, ғаламтордың торына түсіп, тоқырап қалып жүрмейік. Бәлкім, әбігерге салып отырған әлеуметтік желілерге тұсау салар кез келген шығар.

Фариза АЙТБЕК,
ТарМУ-дың студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support