- Advertisement -

Күйдіргі ауруы және оның алдын алу жолдары

2 246

- Advertisement -

Күйдіргі ауруы зооноозды аса қауіпті инфекция, оның қоздырғышы қоршаған ортаға түскенде спораға айналу қасиеті бар. Споралар сыртқы ортада өте төзімді, мысалы топырақта ондаған жылдар бойы сақталады, сол себепті күйдіргі ауруын толығымен жою қиынға түсуде. Ауру адамдар арасында көбінесе ауыл шаруашылық және үй жануарлары (қой, ешкі, жылқы, ірі қара, ит, мысық), сонымен қатар, жабайы аңдар арқылы таралады. Ауру қоздырғышы сыртқы ортадан, әсіресе жаз уақыттарында, қуаңшылық кездерде, мал жайылғанда топырақ арқылы ағзасына түседі де ауру туғызады.
Адамдар ауру малмен тікелей қатынаста болған кезде яғни оны сойғанда, терісін сыпырғанда және тасымалдау кезінде ауруды жұқтырады. Ауру малдың айналасындағы топырақтан, жемшөптен, жұғуы мүмкін. Күйдіргі ауруының адам ағзасында таралуына байланысты терілік түрі, өкпелік түрі, ішектік түрі және септикалық түрі болып бөлінеді. Өкпе және ішек күйдіргісі ауыр өтеді және адам өліміне әкелуі мүмкін, оның қауіптілігі де осы түрлеріне байланысты.
Инкубациялық кезең (қоздырғыш енген сәттен, алғашқы ауру белгісі білінетін мерзім) 8-14 күнге дейін созылуы мүмкін, көбінесе 2-3 күнде ауру белгілері біліне бастайды. Тіркелген аурулардың өте жиі кездесетін түрі – тері күйдіргісі. Қоздырғыштың жұққан жеріне күйдіргі ауруына тән жара түседі. Инфекция жұққан жерде алдымен дақ (папула), содан кейін іші сұйыққа толы бөртпе (везикула) пайда болады. Содан ол жараға айналып, айналасына екінші қатар іші сұйыққа тола бөртпе шығады. Бұны осы инфекцияға тән «ожерелье» деп атайды. Жараның ортасы қара күйік тәрізді қотырланып (күйдіргі деп аталуы сондықтан) шеттері қызарып, іседі, бірақ басқан кезде ауырмайды. Бұл белгілердің пайда болуымен қатар, ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, ағзаның жалпы улану белгісі байқалады. Тез арада ем қабылдамаған жағдайда арты «сепсиске» айналып қайғылы аяқталуы мүмкін.
Күйдіргі ауруының алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру барысында ветеринарлық-санитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың толығымен жүргізілуін қамтамасыз ету қажет. Ветеринарлық қызметкерлер, күйдіргі ауруымен ауырған малды дер кезінде анықтап, өлген малдың арнайы мал қорымына көмілуін, ауырған малдың тұрған жерін залалсыздандыру жұмыстарының дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет. Індеттің табиғи ошақтарындағы малға жылда вакцина егу қажет және арнайы мал қорымдары ветеринарлық-санитарлық ережелер талаптарына сай болуы керек.
Күйдіргі ауруымен ауырған мал тіркелген жағдайда, ошақта барлық құзырлы мекемелер кешенді түрде шұғыл эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асырады, яғни ауру малдың өнімдері толығымен жойылады, ошақта қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ауырған малмен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынады.
Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар өздерінің жеке-бас гигиенасын сақтап, арнайы жұмыс киімін киетін болса және ауырған немесе белгісіз себеппен өлген мал туралы міндетті түрде мал дәрігерлеріне уақтылы хабарлап отырса аурудың алдын алуға болады.

Айжан Карекина,
облыс бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің карантинді және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support