- Advertisement -

Сиырдың әлегі

126

- Advertisement -

Таразда Еділ Әлиев деген журналист өткен. Өз басым ол кісімен бір ұжымда бірге жұмыс істегенім жоқ. Бірақ, сәлеміміз түзу болды. Бірер мәрте дастарқандас та болдық. Әріптестерімнен естігенім, өте еңбекқор, кәсібіне адал, қой аузынан шөп алмайтын момын жан. Сыртқы түрі моп-момақан, өте сабырлы көрінгенімен, әңгімелесе қалсаңыз, бірден үйіріп әкетеді.
– Жас кезіміз, төрт жігіт жатақ-хананың бір бөлмесінде тұрамыз, – деп бастады ол кісі бірде әңгімесін. – Бәріміз бойдақпыз, көп қыдырамыз. Жарытып істеп жүрген жұмысымыз да жоқ. Ол кезде қала Тараз емес, Жамбыл деп аталатын. Содан қалта тесік, бірде бөлмеде ұйқыны соғып жатыр едік, жолдасым Қанаткелді: «Ойбай, сендерге жақсы бір жұмыс таптым. Қаланың шетінде бір шал мен кемпір бар екен, солардың үйінің шатырын жабу керек. 800 сомға келісіп келдім», – деді ол бөлмеге кіре сала.
Бәріміз қуанып кеттік. Тура бір шал мен кемпірдің 800 сомы алақанымызда тұрғандай, көрші бөлмедегі жігіттерден қарызға ақша сұрап, екі қолға бір жұмыстың табылғанын жудық па… Әйтеуір, сол түні біраз сілтеппіз.
Ертеңіне түс қайта шал мен кемпірдің үйіне бардық. Шал да, кемпір де өте бір кішіпейіл жандар екен. Көрпе салып, төрге шығарып, ет асты. Етпен бірге арақ әкелді. «Ішіп-жеңдер, айналайындар, жұмысты ертең-ақ бастайсыңдар, бүгінше жақсылап демалыңдар» деп екеуі екі жақтан бәйек болып жатыр.
Қас қарайды. Байқаймын, шал бізге бір нәрсені айта алмай отырған секілді. «Ата, бір нәрсе айта алмай отырған секілдісіз, о не болды?» – деп едім, шал: «Иә, балам, мына көрші ауылдағы бір ағайын кемпір екеумізді бүгін тамаққа шақырып еді, соған біз жүре берсек, сендер өздерің…» – деп, сөзінің аяғын жұтып қойды. «Ойбай, ата, бізге еш алаңдамаңыз, апа екеуіңіз жүре беріңіздер» деп бәріміз шу ете қалдық.
«Дұрыс қой, бірақ, қас қылғанда біраз күннен бері сиырымыз ауырып қалған еді. Қорада тұр. Бүгін қатты қиналыңқырап тұрған секілді. Мүмкін болса, соған қарайлай тұрсаңдар, егер мал болмай бара жатса, байғұс сиыр арам өліп қалмасын, пышақпен бауыздай салыңдар, ертең өзім кеп жайғап аламын», – деді ол кісі. «Болды, келістік» деп, шал мен кемпірді көшеге шығарып салдық.
Үйде оңаша қалған соң, тыныш жатамыз ба?! Оннан-мұннан тиын-тебен құрастырып, тағы да бірнеше шөлмек алдық. Ішіп жатырмыз, анда-санда барып сиырды қарап қоямыз. Ішіп жатырмыз, ішіп жатырмыз, кейінгісі бұлыңғыр… Бәріміз мас болып қалғанбыз. Әйтеуір, жігіттердің бірі «Ойбай, сиыр өлейін деп жатыр, пышақ қайда, бауыздай салайық» деп айтқаны есімде… Одан пышақты алып, қап-қараңғы қораға кіргеніміз есімде… Ары қарай білмеймін.
Сарт ете қалған дыбыстан оянып кеттім. Қарасам, таң жаңа атып келе жатыр екен. Есіктің алдындағы тапшанда жатырмын. Аулада апыр-топыр, шал қонақтан келіп қойыпты. Қолына үлкен таяқ ұстап алып, жолдасымды қуып жүр. Аң-таң болып қарап тұр едім, шал жолдасымды қуып жете алмайтынын білді ме, енді мені таяқпен жіберіп ұрды. Бұғып қалдым да, қаша жөнелдім. Бір нәрсені бүлдіргенімізді ішім бірден сезді. Кейінірек жиналып, мән-жайды анықтадық қой.
Сөйтсек, түнде сиырдың қатты қиналғаны рас екен. «Бауыздай салайық» деп пышақты қолға алып, қораға кіргеніміз де рас. Бірақ, қай қазақтың қорасында жарық болсын, Құдай ұрғанда қораның басқа есігінен кіріппіз де, қараңғыда тып-тыныш жатқан есекті бауыздап тастаппыз. Таңертең шал қараса, сиыры арам өліп қалған, есегін бауыздап тастаған. Содан айқай-шу…
Ақсақалдың ашуын зорға бастық. Сиыры арам өлді, етін жей алмайды, есегі адал өлді, бірақ, есектің етін кім жейді? Сөйтіп шал сиырды 600 сомға, есекті 200 сомға бағалады. Бір апта жатып, 800 сомға келіскен үйдің шатырын жауып беріп, екі қолды мұрынға тығып қайттық, сонымен… Бірақ күлкіге әбден қарық болдық…
Е, сөйткен Еділ ағамның да өмірден өткеніне біраз жылдың жүзі болды.

Оралхан Дәуіт.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support