- Advertisement -

МЕКТЕПТЕГІ ДАУ-ДАМАЙ

147

- Advertisement -

Мектеп – жас желкенге сапалы білім, саналы тәрбие беретін киелі де, қасиетті орын. Онда еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Олар сол жауапкершілікті сезінеді де. Оқушылармен қатар, былайғы жұрт та беделді, мәдениетті санайтын қоғамның зиялы қауым өкілдері қатарындағы ұстаз алдынан бала да, дана да өтеді. Осындай зиялы қауым қатарына жатқызып жүрген Байзақ ауданындағы Н.Ақшабаев атындағы орта мектептің ұстаздары екіге қақ «жарылып», соңы өзара дау-дамайға ұласты.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында мектеп директоры, партия мүшесі Қанатбек Бәйтеннің партиялық жауапкершілігі қаралғанда осыған көз жеткіздік. Комиссия төрағасы Асаубай Майлыбаев күн тәртібіндегі мәселеге қысқаша тоқталған соң, партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Төлемісова мектептің география пәнінің мұғалімі Мая Оразбаеваның арызын тексеруге байланысты құрылған комиссияның зерделеу қорытындысы туралы хабарлама жасады.
М.Оразбаева арызында мектеп директоры Қ.Бәйтеннің лауазымдық міндеттерін асыра пайдаланып, қолданыстағы заңнамаларды өрескел бұзып, ұжымда педагогке жат мінез-құлық көрсетіп, өзін заңсыз жұмыстан шығарғанын атап көрсеткен.
Білім саласындағы бақылау департаментінің тексеруінде мектеп директорының «Білім туралы» Заң талаптарын тисінше орындамағаны және басқа да заң бұзушылық фактілер анықталған. Атап айтқанда, мектепте өткізілген сауалнама нәтижесі ұжымның 44 пайызы Қ.Бәйтеннің үстінен түскен арызды қолдайтынын, директор жұмысқа кедергі келтіретінін, ақшасыз жұмыс бермейтінін, үнемі ақша жинайтынын, санаттары ескерілмейтіндігін, Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде де оқушылардан ақша жинайтынын көрсеткен.
Бастауыш сыныптарда апталық жүктемесі 18 сағатқа толмаған Г.Юсупова 11 сағат, А.Ахаева 12 сағат жұмыс істейтінін біле тұра, директор інісі Т.Бәйтеновтің жұбайы Н.Зауырбекованы жұмысқа қабылдап, толық 18 сағат жүктеме берген.
2016 жылғы 7 наурыз күнгі № 33 бұйрығымен ҚР Еңбек кодексінің 64-бап 1-тармағы 2-тармақшасына сәйкес, М.Оразбаеваға «мектепте тәрбиеге жат қылық жасағаны үшін» сөгіс жариялаған. Ал 14 наурыз күні №36 бұйрығымен «моральға қайшы қылықтар жасағаны үшін» жұмыстан босатқан. Алайда, М.Оразбаеваның арызы бойынша аудандық білім бөлімі жанындағы еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының отырысы оны қайта жұмысына орналастыру және лажсыз бос жүрген күндеріне орташа айлық жалақысы төленсін деген шешім қабылдаған. Ол 5 сәуірге дейін орындалуы тиіс еді. Мектеп директоры комиссия шешімін бүгінге дейін орындамаған. М.Оразбаева сотқа жүгініпті.
М.Оразбаева осы мектепте 1996 жылдан бері жұмыс істейді, жоғары санатты, бірінші деңгейлі курстан өтіпті.
Сөз алған мектеп директоры біршама ақталды, анықтамада көрсетілген апталық жүктеме жайлы мәліметпен келіспейтіндігін, ақша жинайтыны жалған екендігін айтты, алайда дау-дамайдың «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына дейін жеткеніне кешірім де сұрады. Тіпті, бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатқанын да ескертуді ұмытқан жоқ.
Комиссия төрағасы А.Майлыбаевтың «Біз сіздің партиялық тәртібіңізді қарап отырмыз, сіз «Нұр Отан» партиясы биліктің партиясы екенін білесіз бе, «Ұжым неге екіге бөлінді, М. Оразбаевамен жеке бас араздықтарыңыз бар ма?» деген сұрақтарына директор мардымды жауап қайтара алмады. Комиссия мүшелерінің де сұрақтары жауапсыз қалып жатты.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Мәдина Көбеева мен Фатима Момбекова сөз алып, алғашқысы директордың іс-әрекетін сын тезіне алса, екіншісі шағымданушы мұғалімнің әрекетін жөнсіз санайды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Дәмеш Ускумбаева бұл қызметке жаңадан тағайындалғанымен, мектептегі ахуалмен жақсы таныс екенін жеткізіп, мектеп директоры аудандық білім бөлімі жанындағы жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының шешімін орындамай отырғанына қынжылыс білдірді.
Комиссия мектеп директоры, партия мүшесі Қ.Бәйтеннің әрекеттері «Нұр Отан» партиясы Жарғысына және партия мүшесінің Этика кодексі талаптарымен сыйыспайтындығын ескере келе, тиісті қаулы қабылдады.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support