- Advertisement -

Талаптыға нұр жауар

458

- Advertisement -

Өнер-білімге құштар жастарға қашанда жол ашық. Бүгінде жоғары оқу орындарының студенттеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, пәнаралық олимпиадаға қатысып, білім бәсекесінде өздерін көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған. Білім мен ғылым жолында тынбай енбектеніп, талаптанған ТарМУ жастары бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануда. Жуырда солардың бір тобының ғылыми жобалары, зерттеулері мен тырнақалды туындылары Алматы қаласында өткен университетаралық арнайы техникалық мамандық пәндері бойынша олимпиадада жоғары бағаланды.
Нақтырақ айтсақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасының «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер аталған білім бәсекесінде озық нәтиже көрсетіп, білім жолында бағыт-бағдар берген оқытушылардың сенімін ақтады. Арнайы пән бойынша жалпы студенттердің есеп шығару сайысында 3-курс студенті Нұрдос Әлішеров жүлделі I орынды иеленсе, II және III орындарды осы курстың студенттері Есмұхан Тубашев пен Ернұр Берікбай жеңіп алды. Ал Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу-техникалық университетінде өткен пән олимпиадасында ТарМУ-дың «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасы меңгерушісі М.Жүнісбековтің шәкірттері Дамир Ильясов, Мөлдір Есмұратова, Қайсар Қамшиев ІІ орынға берілетін жүлделерді еншіледі.
Бүгінде ақпараттық технологиялар даму үстінде. Сондықтан, бәсекеге қабілетті болу үшін техникалық мамандықтарды көбейту қажет. Жалпы, жоғары білім алып, оны ғылыммен ұштастырамын деген түлектерге Тараз мемлекеттік университетіндегі «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасы толық мүмкіндік береді. Оған кафедраның барлық техникалық арнайы пәндер бойынша материалдық базасы, яғни, заманауи ақпараттық технологиялары сай. Кафедрада аудиториялық және жеке жұмыстармен айналысуға арналған оқу әдістемелік кешендер ұйымдастырылған. Факультет студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламалары негізінде алыс-жақын шетелдердегі жетекші университеттерде, мәселен, Люблин политехникалық университеті, Лодзь техникалық университеті (Польша мемлекеті), Новосибирь мемлекеттік университеті (Ресей), Костомони техникалық университетінде (Түркия) оқып білім алуларына мүмкіндіктер бар.

Айман Әбілдаева,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support