- Advertisement -

«Өз тілің ірілігің, өзге тіл тірлігің үшін қажет»

132

- Advertisement -

АҚШ-та да қаңырап қалған өңдірістік қалашықтар, инфрақұрылымы нашар шаруашылықтар, жолы тозған ауылдар, қаусаған көпірлер бар. Дағдарыс ол жақтағы адамдарды да тұрақты жұмысынан қағуда. Бір штатта пәтер удай қымбат болса, бір штатта арзан. сөз бостандығы, ой еркіндігі, шығармашылық ізденіске шектеу жоқ.
Кезекті сұхбатымыз Оңтүстік Дакота штаты, Су-Фолс қаласында оқыған, бүгінде Тараз қаласындағы Н. Назарбаев атындағы зияткерлік мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Диана Маратовамен болды.

– Диана, әңгімені бірден ағылшын тілінен бастайықшы. Ағылшын әліпбиін жаттамаған ересектердің өзі ағылшынша жарнаманы оқи алатыны нені меңзейді?
– Әлемде жағдайымызды, экономикамызды түзейміз деген барлық мемлекет міндетті түрде ағылшын тілін мектепте оқытады. Әлемде қажетілігі жағынан бірінші орында – қытай, екінші – испан, үшінші орында ағылшын тілі тұр. Ағылшын тілінде дүниежүзінде 1,5 миллиард адам сөйлеседі, 1 миллиардтан астамы оны үйреніп жүр деген дерек бар. Осы тілде сөйлейтіндердін басым көпшілігі Үндістан мен Қытайда тұрады.
– Жер-жаһан неліктен бұл тілді мойындап отыр?
– Меніңше, әлемдегі түрлі проблемаларды көпке түсінікті, ортақ тілде шешу есті адамның жеке қалауы деп ойлаймын. Басқа қырынан, ағылшын тілі – дипломатия, БАҚ, медицина, авиация, компьютер, технология, бизнес, қаржы, туризм саласында кең қолданылатын құрал. Ағылшын тілін білген адамға алты құрлықтың есігі айқара ашылады.
Дүниежүзінде әрбір бесінші адам ағылшын тілінде сөйлей алады немесе үйреніп жүр. Ағылшын тілі әлемдегі 45 елде ресми тіл ретінде бекітілген және 20 мемлекет ана тілі ретінде оны қадірлейді. Сенесіз бе, ғаламторда жеке парақшасын ашқандардың 80 пайызы анықтамаға өз аты-жөндерін ағылшын тілінде жазады екен.
– Ағылшын тілінде сөйлейтіндердің саны қытай тілінде сөйлейтіндерден аз болу себебі неде?
– Бұл қытай демографиясының күрт өсіп кетуімен байланысты. Үндістанда да демографиялық дүмпу бар. Ағылшын тілі Үндістанда ресми тіл болғандықтан, келешекте осы тілді меңгергендер қытайтілділерден озып кетеді деген болжам бар. Өйткені, қытайлықтардың өздері сыртқа шығу үшін бірінші кезекте ағылшынша тіл сындырады.
– Қатынас құралы ретінде қанатын кең жайған ағылшын тілімен бәсекелес бола алатын қандай тіл бар?
– Мәңгілік ештеңе жоқ. «Елу жылда ел жаңа» дейміз ғой. Ағылшын тілінің мерейі үстем болып тұрғаны АҚШ экономикасының арқасы шығар. Смартфонымда сақталған деректі тізіп шығайын: қытай тілінде жер шарындағы адамның 1/7 бөлігі, хинди тілінде 497 миллион адам, испан тілінде 392 миллион адам (Испания, Оңтүстік және Орталық Америка, Куба, Мексика), орыс тілінде 277 миллион адам (ТМД мемлекеттері), араб тілінде 246 миллион адам (Таяу Шығыс, Сауд Арабия, Кувейт, Ирак, Сирия, Иордания, Ливия, Мысыр), бенгал тілінде 211 миллион адам (Үндістан, Бангладеш), португал тілінде 191 миллион адам (Португалия, Бразилия, Макау, Ангола, Венесуэла, Мозамбик), малай тілінде 159 миллион адам (Малайзия, Сингапур, Таиланд), француз тілінде 129 миллион адам (Франция, Бельгия, Канада, Руанда, Камерун, Гаити) сөйлейді.
– Ағылшын тілі бізге керек емес, біз онсыз-ақ күнімізді көреміз деушілерге не айтасыз?
– Мектеп оқушыларына келсек, бала өзіне ненің пайдалы, ненің зиян екенін ажырата алмайды. Пайдалы жолға түспесе, алдап көңдіру керек. Хәкім Абайдың қара сөзінен осыны оқығам. Байбалам салып, елді шулатып жүргендер ол – ағылшын тілін керек қылмайтын орта жастан асқан кісілер. Жеке тұлға болған соң олардың да өз ойларын ашық айтуға хақысы бар. Мен әркімнің жеке пікіріне құрметпен қараймын. Негізінде «шулайтындар» жасы келген кісілер, бірақ оларға ағылшын тілін міндеттеп, қатаң талап қойып отырған ешкім жоқ қой. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң оқушыдан «ағылшын тілін оқығың келе ме?» деп сұрап көрейікші. Оқушылардың дұрыс жауап берері анық.
– Диана, менің білуімше, сіз Ақыртөбенің қызысыз. Тау етегіндегі аядай ауылдан шыққан қыз қай мемлекеттерде оқыды?
– Тараз қаласындағы №39 мектепті бітірген соң ТарМПИ-дің педагогика факультетіне оқуға түстім. «Болон үрдісі, академиялық мобильдендіру» бағдарламасы бойынша екінші курста Чехияның студенттер қалашығы Злиндегі Томас Батт университетінде оқыдым. Чехтардың Прага, Брно, Карловы Вары қаласы туристер үшін жайлы екен. Құрбыларыммен Франция, Австрия, Италия және Германияның қалаларында еркін қыдырдық.
– АҚШ-тың түкпіріндегі Оңтүстік Дакота штатына қалай тап болдыңыз?
– Еуропадан келген соң, қарап жүрмей үшінші курстың басында тағы бір шетелдік «Ugrad Irex» бағдарламасына қатысып, бағымды сынадым. Сенесіз бе, ағылшын тілін білгендіктен, АҚШ-қа жолдама ұтып алдым. Содан Алматы – Амстердам, Амстердам – Вашингтон, Бостон, Оңтүстік Дакота штаты, Су-фолс қаласына барып аялдадым. Бізді Вашингтонда төрт күн ұстады. Америка қандай мемлекет, қандай тосын оқиғаларды күтуге болады, өзімізді қалай ұстағанымыз дұрыс – осыларды құлағымызға құйды. Чикаго, Миннеаполис, Огайо қалаларына жолым түсті…
– Алтын қорының молдығы үшін жергілікті үндіс тайпаларын қырып тастаған штат жайлы айтып беріңізші…
– Оңтүстік Дакота штаты АҚШ-та алтын өңдіруден бірінші орын алатынын жергілікті әрбір американдық мақтан етеді. Штаттың атауы үндістердің Сиу қауымдастығына жататын Дакота, Лакота және Накота атты үндіс тайпаларының құрметіне қойылыпты. Мұнда Рашмор тауы орналасқан. Атақты төрт президент (Джорж Вашингтон, Томас Джеферсон, Теодор Рузвельт, Авраам Линкольн) бейнеленген алып жартас – туристердің сүйікті мекені. Кешенді жылына үш миллион турист тамашалайды. Миссури өзені штатты екіге қақ бөліп ағады.
– Августин колледжінде біліміңізді жетілдіріп, педагогикалық тәжірибеңізді ұштаған шығарсыз…
– Колледжде бізді Лауры Вайлдер деп аталатын мектепке дейінгі балаларды оқытатын мектепке тәжірибеден өтуге жіберді. Мен бара салып бірден қиын балалармен жұмыс жасағанды ұнататынымды айттым. Бір ерекшелігі Америкада мектепке дейінгі, ортаңғы сынып және жоғары сыныптың оқушылары жеке-жеке мектепте оқиды. Оның тиімділігі – балаларды жас ерекшелігіне қарай бөліп тәрбиелеу. Бізде бірінші сынып пен он бірінші сынып оқушылары бір дәліздің бойында, бір асханада сапырылысып жүреді ғой. Біздегі осы жүйе баланың дұрыс қалыптасуына зиянын тигізеді. Мысалы, он бірінші сынып оқушысының қылықтары, сөйлеу мәнері, өз орталарында қалжыңдасуын көрген бірінші сыныптың оқушысы үлкендердікі дұрыс, солай болу керек екен деп қабылдап, қалыптасады. Америкада керек болса, дәретхананың өзін сыныбына қарай бөліп тастаған. Екі сынып жоғары оқитын балаға өзінен кішілердің дәретханасына кіруге тыйым салынған. Өйткені олардың жас ерекшелігі әртүрлі.
– Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқушының табиғи ерекшелігін ерте анықтау, соған дағдыландыруға мүмкіндік жасау үшін не істеу керек?
– Америкада оқушыны мектепке қабылдамас бұрын, ата-анасының қатысуымен одан психологиялық тест алады. Мұғалімдер кеңесі тест нәтижесі бойынша әр оқушының ерекшелігін талқылап қорытынды шығарады. Мұғалім алдында отырған он бес оқушыны жеке-дара танып алмаса, еңбегі еш кетеді. Егерде бір оқушыдан суицидке бейімділікті байқаса, соған арнайы мұғалім бөлініп, арнайы мамандандырылған кабинетте оқушымен жеке жұмыс жасайды. Түрлі әдіс-тәсілмен (ертегі айту, мейірімділік, адамгершілік, кішіпейілділік, кешіре білу, бауырмал болуды оятатын мысалдар, өмірдің әрбір секунды қымбат екенін түсіндіру, тұйық болудан қашу, өз ойын ашық әрі түсінікті жеткізуге баулиды) баланың ойын азат етуге тырысады. Ал егер спортқа, өнерге ынта танытып жатса, оларды тиісінше үйірмелерге беруге ата-аналарымен кеңеседі.
– Біздің мектептерге не жетіспейді? Біздің оқушылар қатып қалған, ескіріп кеткен ережелердің құрсауында қалып қойған секілді көрінеді маған…
– Мектепке кірсек, не көреміз? Біріншіден, мектептер көбінесе жеке тұлғалардың атына берілген. Сол тұлғаға бұрыш арналған. Керегі бар ма осының? Лайықты тұлға болса, оқушы оны кітаптан оқып, өзіне үлгі тұтады. Бәріне бірдей тықпалай беру – мәдениетсіздік, оқушының жеке талғамымен санаспау – үлкен қателік. Екіншіден, мектеп атын иемденген тұлғалардың 90 пайызы – Кеңес заманында атақ-абыройға жеткендер! Олардың тағдыры қазіргі оқушылардың санасының жан-жақты дамуына қаншалықты жауап бере алады? Бір облыста бір тұлғаның атында бір емес, екі мектептен бар. Сол тұлғаларды мектептен «қуып» шығып, арнайы мұражайға топтастыру керек. Тұлғатану кімге қызық болса, мұражайға барсын.
Оқушылардың шығармашылық мүмкіндігін ашуға мектепте мүмкіндік аз. Жас өнертапқыш, конструктор, архитектор, физик, химик, биолог мектеп партасында қаптап отыр. Дарындыларды көптің ортасынан «суырып» алу үшін тоқсан сайын мектеп ауласында өнертапқыштардың жәрмеңкесін өткізу керек. Мақсат әр сыныптан үкілеп біреуді қосып, қолдан талант жасау емес. Мектепішілік жәрмеңкеге бес-алты оқушы заттарын әкеп қойса, соның өзі жетістік. Үздіктерге жаздық лагерьге жолдама берсін, ынталандырсын. Жаңалық ашу талап емес, әуелі дайын «штрихтардың» көшірмесін жасаса да жетіп жатыр. Талантты оқушылар ары қарай өздері алып кетеді, ізденеді. Мектеп дәлізіне талантты оқушылардың бұйымдары қойылса, макет егесі шабыттанады.
– Сіздің ұстанымыңыз…
– Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін.
– Әңгімеңізге рахмет.

Қанат Тілепберген,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support