- Advertisement -

Тарақты тайпасы туралы ақиқат

5 751

- Advertisement -

«Ата тегін құрметтеп сүймей,
Отанды құрметтеп сүю мүмкін емес!».

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.

Кезінде «Шәмші» журналында тарихшы Т.Омарбековтің «Тарақ таңбалы қазақ руларының тарихи тамырлары» деген танымдық мақаласы жарияланды. Мұнда автор былай дейді: «Тарихымыздан белгілі, тарақ таңбасы қазақ төрелерінің, яғни Шыңғыс ханнан тараған ұрпақ — хан-сұлтандардың меншікті таңбасы болып табылады. Солай бола тұрса да, қазақты құраған басқа тайпалардың да кейбірі осы тарақ таңбасына ие болған. Олардың арасында алдымен ауызға алынатыны Жалайыр тайпасы. Одан соң Тарақтының өзін, Тарақты-Табын және Төленгіт тәрізді тайпаларды айта аламыз».
Т. Омарбеков қазақ шежіресі бойынша Тарақтының Орта жүздің ноқта ағасы саналатынын қуаттай келіп, одан әрі жұртшылықты адастыратын ескі сүрлеуге түсіп кетеді. Сондағы айтпағы Тарақтының Арғынға жиендігі туралы «жаңалық». Айтар уәжі «қазақ шежіресінде қалыптасқан «мәліметтер» екен. Бірақ, бұл «мәліметтердің» қашан, қайда айтылғанына түсінік бермейді. Еріккендердің ермегіне айналған мәселені қозғаған соң, оған ғылыми дәлел-дәйек келтірілуі тиіс еді.
Ғалым Тарақты-Табынның кім екені, қайдан шыққандығы жайлы да ештеңе демейді. Шамасы, тарихшының пайымдауынша, тарақ таңбасын алып жүрген Кіші жүздің бір руы сияқты. Тіпті де олай емес. Ол сонау аумалы-төкпелі заманда Кіші жүз жерін қоныс еткен Тарақты елінің бір бұтағы.
Мен сол елдің қолына қалам ұстаған намысы бар азаматы, баба жасындағы ақсақалы ретінде Тарақты тарихына байланысты боямасыз шындықты қалың жұртшылыққа айтып беруді өзімнің борышым деп санаймын. Осы шежіре-очерк – көп жылғы зерттеудің нәтижесі. Мұнда білікті авторлардың баспасөзде жарияланған материалдары да пайдаланылды.
Ең алдымен айтарым, Тарақты тайпасының тарихы сонау ықылым заманнан бастау алады. Мұның бұлтарғысыз ақиқат екені күмәнсіз. Ол туралы нақты дәлел бұдан он ғасыр, яғни мың жыл бұрынғы дәуірде бауырлас қырғыз халқының атақты эпосы «Манаста» жырланған. Осы жайлы қазақтың ғұлама әдебиетші ғалымы Рахманқұл Бердібайдың «Манас» және қазақ эпикалық дәстүрі» деп аталған зерттеу еңбегінде айтылған. Рахаң: «Манастың маңындағы топта түрлі ру, бірлестік, халық өкілдері ұдайы бас құрайды. Солардың қатарында алтайлықтар, Арғын Қарақожа, Найман, Дулат адамдары, тарақты Тана би, ноғай Бақай… тәрізділер болады», деп атап көрсеткен («Адамзаттың «Манасы». – Алматы: «Рауан» баспасы, 1995 ж – 193 бет). Мұнда Қарақожа бабамыздың Арғын делуінде еш оғаштық жоқ. Ол кезде Арғын мен Тарақтыны бірге туған-туыс деп санайтын дәстүр болған. Мұны Шоқан Уәлиханов та растайды. Солай десек те, Тарақты Тана бидің Манас батырдың қосынындағы игі жақсылардың қатарында аталуы тегін емес. Бұдан «Манас» эпосындағы тарихи оқиғаларға Тарақтылардың да белсене қатысқан іргелі ел екенін байқауға болады.
Орта жүзге жататын Тарақты тайпасы туралы «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Шежіре» кітапшасында былай делінген: «Қарақожаның бәйбішесінен Нұржан деген қыз, екінші әйелінен Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, үшінші әйелінен Керей, Уақ туады. Тарақты шежірелерінің сипаттауы бойынша Нұржан қыздың ұзатылып барған адамы жаугершілікте өліп, ол төркініне қайтып келіп отырғанда көптен бала көтермей кеткен анасы, яғни Қарақожаның бәйбішесі босанып, Тарақтыны туады… Қарақожа қартайып, дүниеден өткен соң оның шаңырағына ие болар сүт кенжесі Тарақты жас кезінде әпкесі Нұржанның қамқорлығында болады. Ал есейе бастағанда үлкен ағасы Арғынның қолында тәрбиеленеді. Қария сөздерінде Тарақтының әбден ержетіп, ат жалын тартып мінген кезінде бүкіл Орта жүзге ноқта ағасы атануының қисыны да осында, яғни оның әрі кенже, әрі бәйбіше баласы болуынан деп түсіндіріледі.
Бұл топшылаудың тарихи шындыққа сай келетініне дәлелдер баршылық. Ауызекі айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шежіренің бізге жеткен сілемі де соны айғақтайды. Амал не, осы ақиқатты бұрмалаушылар нақты жағдайды білмейтінін, көбіне «дейді екенге» әуестенетінін байқатады. Біреулер Тарақтыны «Арғынның баласы» десе, Қазақ Совет энциклопедиясында «қыздан туған жиен» деп шатастырады. Мұны айтушылардың ел тарихынан хабарлары шамалы екені даусыз. Қазақ өз кіндігінен туған ұлы тұрғанда, қанша жақсы көрсе де билік тізгінін жиенге берген емес.
Сонымен, ел жадындағы ежелгі тарихқа жүгінсек, Қарақожаның шаңырағы кенжесі Тарақтыда қалған. Ол – жолы үлкен мұрагер. Сол себептен Тарақты бүкіл Орта жүздің ноқта ағасы болып саналады. Билік айту да, сыбаға алу да соның жолы. Басқа Орта жүз оған әрқашанда құрметпен қараған. Осы қағиданың күні бүгінге дейін Сарыарқа төрінде бұлжымай сақталып келе жатқанына қазақтың тарихы куә, елдің ата дәстүріне адалдығы куә десек, артық айтқандық бола қоймас.
Қоныс, жер жағдайына байланысты қазақты Үш жүзге бөлу жайлы Жәнібек ханның заманында сөз болғаны мәлім. Ел тағдырына қатысты осы маңызды мәселені түбегейлі шешуге тарақтылар да белсене қатысқан. Бұған байланысты Сарыарқадағы Нұраның Қаратұзы деген жерде болған алқалы жиынға: «Уақ пен Тарақтыдан – Жаубасар, Атымтай батырлар және Борық би келді» дейді жазушы Есенберлин кітабында. Сонда Орта жүзге жер ыңғайына, әдет-ғұрпы, салтына қарай Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты кіреді. Осында үш жүзге бөліну түбегейлі іске аспағанымен, басқа бір маңызды мәселе шешімін тапқан. Халықтың батагөй ақсақалы Асан қайғы бабамыз ел құрамындағы негізгі руларға таңба үлестірген. Сол таңбалар Қаратұздың күңгірт нұрасына балға мен тескіш арқылы қашалған. Басты қырық рудың бірі болып Тарақты тарақ таңбасын алады.
Тарақтының шоқтығы биік тайпа болғанына тағы бір деректі әлгі кітаптан табамыз. Жәнібек ханның жарлығымен Қазақ хандығы жау қолындағы Түркістан уәлаятын қайтарып алуға шабуылға шығатын болады. Бұдан әрі І.Есенберлин былай деп жазды: «Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты жасақтары Жәнібек ханның Ордасының қасында күзетте қалды». Бұл Тарақтының Жәнібек ханның ең сенімді тіректерінің бірі болғанын айғақтаса керек.
Қарақожа бабамыз туралы да кейбір тарихи мәліметтерді айтуды орынды санаймыз. Оның батырлығы мен мемлекеттік қайраткерлігі жайлы жазба әдебиеттерде бірқатар нақты деректер сақталған. Мұны білу кімге болса да қажетті.
Ескі ауыз әдебиетін зерттеуші білгіріміз Шоқан Уәлиханов: «Арғындар өздерін Қарақожадан таратады» дей келіп, мынадай тұжырым жасапты: «…Не известно где находится могила Токтамыша?… Каракоджа был посланником от Токтамыша к Темирлану. Курганы этих героев находятся на правой стороне реки Ишима, могила ли это их или только памятники, определить невозможно до тех пор, пока эти Курганы не будут раскопаны» (Шығармалар жинағының V кітабы, Алматы. 1968 ж. – 298 бет.) Бұдан шығатын қорытынды Қарақожа бабамыз Алтын Орданың бірлігін, тұтастығын сақтау жолындағы күреске белсене қатысқан қайраткер болған. Ол Тоқтамыс ханның Ақсақ Темірге сеніп жұмсаған елшісі, яғни сарай маңындағы ақылгөй адамдардың бірі әрі сенімді серігі.
Қарақожаның асқан батырлығын академик Қаныш Сәтпаев жазып алып, 1925 жылы Мәскеуде жариялаған «Ер Едіге» жырының мына жолдары да құптай түседі:

«Көшкенде көшін айналған,
Өткір семсер байланған.
Жау қарасын көргенде –
Жауар бұлттай торланған.
Бір Алладан қашанда,
Тілек тілеп зарланған.
Арғындардың басы едің,
Қарақожа батырым…»

Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке де Тарақты шежіресін зерттеуде көп еңбек сіңіріп, оның тарихи рөлін анықтауға лайықты үлес қосқан. Ол былай дейді: «Көбіне Арғын қауымдастығына қосып тарататын Тарақты – үлкен тайпа, оның ұраны үшеу: «Ақжол», «Қарақожа», «Жауқашар» («Жаубасар» деп те айтушылар бар). Таңбасы – үш тісті тарақ. Тарақты тегінде лақап аты болса керек. Азан аты – Ақтанберді екен. Бір соғыста ол қолына үш тісті істігі бар сойыл ұстап шығыпты да, «Жауқашарлап» ұран салып қарсы кезіккен дұшпанды сонымен түйрей беріпті. Ұрыс біткен соң қолбасшы: «Тарақ найзалы батыр, бері жақында», – деп жөнін сұрап, жаудан түскен олжаның басын беріпті. Содан былай Ақтанберді «Тарақ найзалы батыр» аталып, ақырында «Тарақты» есімін иеленіпті.
Құрамы жөнінен Тарақты – рулық деңгейден баяғыда асып, ірі тайпа, қауымдастық межесіне жеткен ел. Мәшһүр Жүсіп шежіресінде: «Орта жүз Тарақтымен қосылып жеті арыс ел атанған» дейді (Шығармалары. 14-бет).
Арғын руларының белгілі білгірі Мұса Шорманов, семейлік өлкетанушы Н.Я.Коншин өз жазбаларында Орта жүзге негізінен сегіз арыс ел қосылатынын, соның бірі Тарақты екенін атап көрсетеді.
Ал Тарақты тайпасының ноқта ағасы атануына келетін болсақ, ол қазақ қауымында ерекше статусы бар әрі көптен қалыптасқан дәреже-құрмет болып табылады. Мұндай жоғары мәртебеге Ұлы жүзде – Жалайыр, Орта жүзде – Тарақты, Кіші жүзде – Тама ие болған. Бұл тек осыларға тиесілі рәсім саналады. Басқалар бұған таласа алмайды. Бәрінің де елдік таңбасы – үш тісті тарақ. Барша қазақ хандарынан өрбіген төрелердің де елдік таңбасы – үш тісті тарақ екенін еске саламыз. Бұлардың арасында қандай байланыс барлығы анықталмаған. Ежелден орныққан салт-рәсім бойынша ноқта ағасы атанған ел өзімен туыстас руларға аға болып, қалың Алаштың ұйытқысы ретінде құрметтелген.
Бұл жерде Тарақтының басқалармен туыстығы және ноқта ағасы болуына байланысты жазушы-зерттеуші Марал Ысқақбайдың «Шыңғыс ханның нәсілі моңғол ма, түрік пе?» деген мақаласынан мына бір қисынды пікірді келтіруді жөн деп санаймыз. Ол былай дейді: «… тарақ таңбалы Жалайыр мен Тарақтыны да шежіреші қарттар бір тайпадан тараған бұтақтар деп санайтын. Жалайырдың Ұлы жүзге ноқта аға болуын, Тарақтының Арғынға ноқта аға болуын (Бұл жерде Марал жаңсақ айтып отыр. Шежіре бойынша Тарақты бүкіл Орта жүздің Ноқта ағасы, тек Арғындікі ғана емес – С.А.) сол Шыңғыс ханның құдірет-күшінің арқасы деп қарайтын… Демек, Жалайыр, Тарақты, Төре арасында белгілі бір дәрежеде ілік-шатыстық бар екені ақиқат. Әйтпесе, оларға жеке-жеке иеленер таңба табылмай қалмаған шығар».
Тарақты ұлысының қазіргі ұрпағы Қармыс бабамыздан бастау алады. Ол соған дейін бірнеше ата бойы жалғыз тамыр болып келген. Атасақ былай: Ақтанберді-Тарақтыдан Айт, одан Әлімқожа, одан Алдаберді, одан Қармыс болып жалғасады.
Қармыс бай болған, бес әйелге үйленіпті. Бірінші әйелінен – Әлі, Сары, Әйтей, Қосанақ; екіншісінен – Қарашие, Келіс; үшіншісінен – Алакөз, Жәуке; төртіншісінен – Апай, Тоқтауыл; бесіншісінен – Қыдыр, Жәші және Бөгежін (іште келген бала дейді). Сонымен Бөгежінді (Шығыс Түркістанда) қоспағанда Тарақты он екі атаға бөлінеді. Шежіреші қарттардың жадында сақталған мәліметтерді баспа деректері де растайды.
Орыстың атақты ғалымы Н.А. Аристовтың «Түрік тайпалары мен халықтарының ата тегі және олардың саны туралы» дейтін 1897 жылы Петербургтен шыққан кітабында: «Қазақтың Орта жүзі арғын, найман, керей, уақ, тарақты, қыпшақ және қоралас ұлыстарынан құралатынын» айта келіп Тарақтыны былай таратады. «Тарақты тайпасы, – дейді ол, – өте тарап кеткен, ол он екі атадан тұрады. Бұлар: Әлі, Сары, Қыдыр, Жәші, Әлеуке, Көгедей, Апай, Тоқтауыл, Бұлдырық, Әйтей, Қосанақ». (122 бет)
Сонан соң осы кітапта 1785 жылғы санақ бойынша Семей дуанында 400 отбасы Тарақты болса, ал 1833 жылғы санақта Ақмола өлкесінде – 1790, Қарқаралыда 590 отбасы өмір сүргендігі айтылады.
Сонымен бірге Баянауыл, Көкшетау және Атбасар өңірлерінде де Тарақты руларынан қайда, қанша отбасы барын шежіреші қарттар да толықтыра түседі. Мәселен, шежіреші Қанафия Сыздықұлы Ақмола уезіне қарайтын Сарысу Тарақтысында 1920 жылы 2200 отбасы, екі болыс болғанын айтады. Бұлар негізінен: Апай-Тоқтауыл, Әлеуке-Көгедей және Қыдыр. Есіл мен Нұра бойында 1800 отбасынан тұратын бір болыс қоныс тепкен. Олардың көпшілігі Сары, Қарқаралы мен Семейде 2500 отбасы, 6 старшын Әлі Тарақтысы болған.
Тарақтылардың ежелгі атамекені – Сырдария бойында болғанын, Шиеліде – Жәші, Қаратау мен Түркістанда – Қыдырлар көп екенін айтуға тиіспіз. Бұрын Жиделібайсынды мекен еткен сегіз болыс Тарақты өзбекке сіңіп кеткен. Олар: Алакөз бен Шәуке тұқымдары. Бөгежін ұрпағының 7 болыс елі Шығыс Түркістан мен Қытайда.
Статистикалық мәліметтер бойынша 1915 жылы қазақ халқының саны 5, 5 миллион адам болған. Ал Тарақты тайпасы 37 мың түтінді құрап, жалпы саны 185 мың адамға жеткен. Бұл әрине, толық мәлімет емес.
Қорыта айтсақ, Тарақты ұлысы бүкіл Қазақстанға, оның ішінде Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шымкент және Қызылорда облыстарында, сол сияқты одан тысқары жерлерде көптеп қоныстанған іргелі ел болып табылады. Өкінішке қарай, тағдыр тәлкегімен шашырап кеткен. Бытыраңқылықтың мәнісін дуалы ауыз қарттарымыз «Атамыз төресі жоқ жерге төре болыңдар, қожасы жоқ жерге қожа болыңдар» деп бата берген екен» деп түсіндіреді.
Алдымен қоғам қайраткерлері ауызға ілінеді. Қарқаралы – Семейдегі Әлі атамыздан ақыл парасатымен Тышқанбай, Байқошқар, Садырбай, Сәт деген тәуір кісілер шығып, ел-жұртқа ұйытқы болған. Атбасарда – Тәжі, Түркістанда – Шілменбет, Ташкентте Жорабай есімді жақсылар билік құрған. Бұған қоса Сағал мен Сапақ, Сапақ баласы Елқонды, сол сияқты Жазыбек, Құттыбай, Тәттібай, Әуесбай, Рахымжан, Мәдібектер болыс болған. Әлеуке Арын Айболатұлы 16 жыл бойы старшын қызметін атқарған. Бұлар Арқадағы Сораң және Қойтас болыстарында ел билеген.
Тарақтыдан шыққан, есімдері бүкіл қазаққа мәшһүр қоғам қайраткерлерінің арасында Наймантай батыр мен оның баласы Байғозы батырдың алатын орны ерекше. Есенгелді баласы Наймантай Үш жүздің басын қосып Қазақ хандығын нығайтқан, әз Тәуке ханның бас батырларының бірі болған. Ол Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Байғозы –Абылайханның сенімді серігі, Тарақты қолын бастап, жоңғар-қалмақ басқыншыларынан қазақ елін, жерін және дербестігін жан аямай қорғасқан. Шоқан Уәлиханов «ХVІІІ ғасырлардың батырлары туралы аңыз» деген тарихи очеркінде Байғозының ерліктерін сүйсіне сипаттайды.
Ақын Несіпбек Айтұлы әкелі-балалы батырларды былайша жырға қосқаны бар:

… Текті тұяқ тумағы —
Ата жаумен аңдысқан – Ерлер қанша дүние-ай, Қазақ үшін қан құсқан!
Ерлерді айтсам біртуар, Қаным тасып бұрқырар. Ойға түссе қайдағым, Сай-сүйегім сырқырар,
Тарақтыда Наймантай,
Асып одан кім туар?! Қарақұрым жау көрсе, Қамшымен-ақ ұмтылар. Қайтып тумас қаhарман, Қара дауыл бұлты бар.

Соны да алған бұл заман,
Атқан оқтай зырқырар.
Наймантайдан Байғозы,
Батыр да өзі, бай да өзі.
Тарақтының атағын
Алты Алашқа жайды өзі.
Жауға атылған жебенің
Сауыт бұзар сәйгезі.
Абылайдың тұсында
Ту ұстаған айбозы.
Серкесі жоқ халықтың
Оңған сірә, қай кезі?
Өтті-ау, шіркін қазақтың
Төрт құбыласы сай кезі…

Байғозы батырдың өзі айтыпты деген мына фактілерді келтіру де орынды сияқты. Бір жолы батырдың туған жиені, керней Жарылғап батыр былай сұрақ қойыпты.
– Ата, қазақ елін қалмақ, ойрат қонтайшыларынан қорғап көп соғыстыңыз ғой. Сонда көрсеткен бір-екі ерекше ерлігіңізді айтыңызшы?
– Ерлікті ел жасайды, атағы бастаушыда қалады. Халық жасаған ерлікті иемденіп неғылайын?! Өзіме тән үш нәрсені айтайын, – дейді Байғозы батыр. – Бала кезім, ауыл Балқаштың жағасында отырған. Ұйықтап жатсам Наймантай әкем: «Аққозы мен Қарақозы өлген соң, мені даланың тышқаны да басынды-ау! Мынау иттерді мысық ғұрлы көрмегені ғой», – деп жамылып жатқан жарғақ тонымның сыртынан қамшымен екі-үш тартып жібергені. Соның алдында ғана Аққозы, Қарақозы есімді екі батыр ағамыз қалмақтармен соғыста қаза болған-ды. «Не болды?» деп оянсам, арқандаулы шұбар атын жолбарыс соғып кетіпті. Жер ошақтың жанында жатқан темір көсеуді алып, ат арқандалған жерге келсем, шұбар ат діңкиіп жатыр, санынан жұдырық сыйғандай жерін ойып жепті. Жерге қырбақ қар түскен еді. Жолбарыстың ізімен келсем, қалың қамыстың ішінде жатыр екен. Мені көргеннен аузын арандай ашып тұра ұмтылды. Темір көсеумен қақ басқа бір ұрып сұлаттым да, үйге сүйреп әкелдім. Екіншісі: ел жайлауда отырған кез, үйде шалқамнан ұйықтап жатсам, кеудемде сұп-суық бірдеңе жорғалап келеді. Ақырын көзімді ашып қарасам, білектей қарашұбар жылан аяғымнан басыма қарай өрмелеп келе жатыр. Аузымды аша бердім. Ін деді ме үңіле берді, басын қыршып алдым. Үшіншісі – үш жылдай ешкі қотыр болдым. Құрт денемді қаншама жеп жатса да қасынып, етіме тырнақ тигізбедім. Енді ойласам, осыларым ерлік-ау деймін.
Байқозы Наймантайұлымен бірге жоңғарларға талай рет күйрете соққы берген Әлеуке Орыбай батырды және Абылай ханның қырғызға жасаған жорығында асқан ерлік көрсеткен Қабақ батырды еске алып, солардың рухына да бас иеміз.
Бізде батырлық атадан балаға мирас болып, жалғасып келеді. Кешегі қанды қырғын Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан атақты мерген, бір өзі 380 фашистің көзін жойған Ыбырайым Сүлейменовтің қаһармандығы ел есінде. Ол мәңгі даңққа бөленген. Жақында оған Тараз қаласында әйдік ескерткіш орнатылды.
Тарақтыдан шыққан, сонау заманда ел қорғаны бола білген батырлардың бірегейі – Тоғым батыр. Ол тағдырдың жазуымен өз туыстарынан ірге бөліп, Ақтөбе, Қобда бойындағы Кіші жүз Жетіру Табындармен қоныстас болған. Тоғым батырдың үлкен әулеті осы жерде өмір сүреді. Бұларды жергілікті қазақтар Тарақты-Табын деп атайды. Сол Тоғым батырдан төрт ұл тараған. Олар: Құлжа, Олжабай, Сатыпалды және Қарабатыр. Осы Қарабатырдан Атақты Бөгенбай батыр, одан Тіленші батыр (Пугачев көтерілісіне қатысқан), одан Жоламан батыр (Кенесары хан көтерілісіне қатысқан) және Еламан туған. Ал Сатыпалдының кейінгі бір ұрпағы кешегі Ұлы Отан соғысында құралайды көзге атқан асқан мерген қыз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған әкесі Нұрмағамбет екені анықталды. Бұл тарихи деректерді берген – Кіші жүз Жетіру Табынның шежіресін жазған сексен жеті жастағы Тілепберген Әбдіұлы дейтін білікті қария.
Әлі атамыздың ұрпағы Байқошқар Сұлтанкелдіұлы батырлығымен бірге қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін шешен де алғыр, қажет болса, күш көрсете білетін қолы қатты, бірақ әділ би болыпты. Ескі сөздің білгірі Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, қаракесек Шаншар абыздың Келдібегі елден таңдап жүріп Байқошқардың қызы Тоқмейілге үйленген. Сол апамыздан бүкіл қазақты аузына қаратқан атақты қаз дауысты Қазыбек би туған.
Алаш көсемі Ә.Бөкейханов «Қарқаралы уезі» кітабында: «Тышқанбай… Дегелең болысындағы Тарақтылардың бәрінің басшысы, беделді қазақ» деп атап көрсетеді. Тышқанбай «Абай жолы» романында суреттелетін Қарамола съезінде Арғын мен Найман елдерінің арасындағы дау-шарды шешу үшін Абай Құнанбайұлына қосылып билік айтыпты деген сөз бар».
Алыбай батыр және оның інісі Нұрбай ХVІІІ ғасырда қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда көзге түскен. Алыбайдың немерелері Аққозы, Байқозы, Тойқозы Кенесары ханның Ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, Ақмола бекінісін алуда ерлік көрсеткен.
Тарақтылардың орыс отаршыларына қарсы батыл күрес жүргізгенін тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесарының қозғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Меңлібай Ақсерке батыр мен Наймантай Құлжан батыр мың қолмен, ішінде Тоқа Бәйтелі батыр бар, Шоңның Қара ағашы деген жерде (қазіргі Жаңаарқа ауданының бұрынғы «Рассвет» совхозының маңайы) полковник Шубиннің солдаттарымен соғысады. Сарысу Тарақтылары (Ақтау мен Ортатауды мекендегендер) орыстың отты қаруына төтеп бере алмай, көп қырғынға ұшырайды. Міне, осы соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады.
Сарысу Тарақтылары патша әскерінен ығысып, өздерінің Сарыарқаға келгенге дейінгі атамекені – Жиделібайсынға (Ташкент маңында) ауа көшкен. Бірақ, олар діттеген жеріне жете алмаған. Бөген-Шаянға барып тоқтаған көрінеді. Ол жерде байырқалап отыруға Түркістанды билеген Қоңырат датқалары маза бермепті. Алым-салықты көбейтіп, малын барымталай берген. Содан бірер жылдан соң Тарақтылар қайтадан Сарыарқаға көшуге мәжбүр болған. Меңлібай Шалқар Рысмағанбетұлы шешеннің мына өкінішке толы қысқа толғауы осындайда айтылса керек:

– Түйең бар түймелі,
Арбаң бар күймелі,
Жігітің бар шүйделі.
Жеріңді сенің сұрасаң,

Сонау жатқан Жиделі,
Азғана ауыл Тарақты,
Адасып жүріп өткіздің,
Осынау фәни дүниені!..

Тарақтылар көптеген қиындықтармен Сарыарқаға қайта оралып, осында қалған ағайындары Көпсары Бекбас балалары Сағал-Сапақпен сағыныса қауышып, есін жиған соң Қоңырат датқаларынан есе қайтаруды ойлап, екі рет жорық жасайды. Алғашқыда 700 адам аттанып 3,5 мың жылқы, кейін 850 адаммен барып 6000 жылқыны барымталап қайтады. Сөйтіп, зорлықшылардан осылайша кек қайтарған.
Бұл елде заманында шешендіктің туын ұстаған Тұяқ Құмалақұлы деген кісі болған. Ол өзінің Құдай берген дарыны арқасында шешендік-тапқырлығымен ешкімге есесін жібермей, үлкен жиындарда елінің сөзін сөйлеп, мүддесін қорғай білген. Атақты Шөже ақынның Тұяқтың қоғамдық орнын жоғары бағалағаны мына өлең шумағынан айқын байқалса керек:

– Ішінде Тарақтының Тұяғы бар,
Қырандай қанаты мен қияғы бар.
Жақсылар бабын тауып баға білсе,
Ел сұрап, би болғандай сияғы бар…

Бір жолы жиынға кешігіп келген Тұяқ сәлем берсе, дуанбасы Ыбырай тәкаппарланып қолын созбай, таяғын ұсыныпты. Сонда Тұяқ: «Маған ұры иттің мойнына байлайтын кескек ағаштың керегі жоқ», – деп таяғын қағып жіберіпті.
Жамбастап қисайып жатқан Ыбырай басын көтеріп: «Ат төбеліндей аз ғана Тарақты аттың түгіндей Алтай-Қарпықты екі күн күттіріп, жолынан қалдырдың. Өзіңді протоколдап аттырып, күліңді көкке ұшырайын ба?» – дейді.
– Тарақты аз болса, өз ағайыны Алтай-Қарпықтан аз шығар. Бірақ, Қазаннан қаңғып келген естектен аз емес. Аспанға ұшсам көк тіреп ұшатын қанатым бар, қонсам жер тіреп қонатын құйрығым бар. Қанат, құйрықсыз аз ауыл естек, сен атылсаң құнсыз, жоқтаусыз кетерсің, – депті Тұяқ шешен.
– Ерлер ырғасып сынасады,
Ездер былғасып сынасады,– деген ғой деп дуанбасы Тұяқтың сөзін кек тұтпапты. Шынында да Ыбырайдың ата тегі қыпшаққа сіңген естек, ежелгі түркінің бір бұтағы екен.
Тағы да бір алқалы жиында Тарақтыны нағашы санап қалжың айтқан дуанбасы Ыбырайға Тұяқ былай жауап беріпті:
– Тарақтының орны қашанда қазақтың төрінде. Тек өзі емес, оның қыздарынан туған жиендері де шетінен мықты, марқасқалар. Атап айтсам:

–Қаз дауысты Қазыбек – о да менің жиенім,
Шақшақұлы Жәнібек – о да менің жиенім,
Қаракерей Қабанбай – о да менің жиенім,
Қанжығалы Бөгенбай – о да менің жиенім,
Дулат, Байзақ, Мәмбет – о да менің жиенім,
Қуандық, Байбек, Құлыбек – о да менің жиенім,
Ошақтыда Сапабек – о да менің жиенім,
Ботпай мен Шымыр – о да менің жиенім,
Әлтекеде Жидебай – о да менің жиенім,
Шұбыртпалы Ағыбай – о да менің жиенім,
Өтебай мен Қосыбай – о да менің жиенім,
Карсондегі Көпбай – о да менің жиенім,
Байдалы мен Байтоқа – о да менің жиенім,
Дуанбасы Ыбырай – сен де менің жиенім, – дейді.

Содан соң, Ыбырайға барлай көз тастап: «Тарақты шыңға шыққан шынар емес пе, сен де соның бір бұтағында жанған шырақ емессің бе?» – депті.
– Еліңнің аздығы, жеріңнің тарлығы болмаса, жақсы мен жайсаңнан тапшылығың жоқ екен, нағашы, – дейді Ыбырай Тұяқ шешеннің тапқырлығына риза болып.
Діттегенін нысанаға тигізбей қоймайтын Тұяқ шешен сөзін одан әрі жалғастырады.
– Сұлтаным, жалғыз десең Аллаға тілің тиеді, жарлы десең Пайғамбарға тілің тиеді. Аздығым атамнан болсын, су – Сүлеймендікі, жер – Тәңірдікі еді ғой. Шыққан тегін білмейтін, білсе де сыйламайтын кейбір тентектер ғой жерімді тарылтып отырған, – деп Тұяқ шешен сөз соңын дуанбасының өзіне тірепті. Жиналған көпшілік үнсіз таңдай қағып, қайран қалыпты.
Тұяқтан тосылған аға сұлтан Ыбырай Тарақтыға Шажағай өзенін, Бөріліні, Қоңырқұлжа, Сарықұлжа, Бәйбіше тауларын және Қурайлы даласын шөп салып, бөліп берген екен, – дейді біздің қариялар.
Қаракесекте болған үлкен астың иесі қаз дауысты Қазыбек шешеннің немересі Алшынбай би екен. Осы асқа ішінде Байғозы батырдың шөбересі Жәуен бар, бірыңғай ақ жібек киінген, күміс ер-тоқымды ылғи ақ боз ат мінген қырық жігітті бастап Тарақтының белгілі мырзалары Сағал мен Сапақ барыпты. Олар әрі жиен, әрі құда деп, ылғи қаракөктен бір үйір жылқы апарыпты. Құда болатыны – Байғозының немересі Құлжан Алшынбайдың Маңқан деген қызын алған. Содан Жәуен туған.
Сағал-Сапақ елінің атынан тартуын тапсырмаққа сәлем бере барғанда:
– Бұлар мен көрмеген қай балалар? – депті Алшынбай жыға танымай.
– Біздің ағаларымыз Сағал мен Сапақ, – дейді жиені Жәуен.
– Е, Тарақтыда елге қамқоршы екі бала бар деуші еді, солар екен ғой,–депті би разы пейілмен.
Сағал-Сапақ үйден шығып кеткен соң, ол Жәуенді қасына шақырып: «Тарақтыда сендердің алдарыңа түсетін кім бар, басқалары талапсыз-ау деп ойлаушы едім. Мына Сағал мен Сапақ адамның қызыл қайың сұлтаны ғой. Солардан кейін жүрсең де кем болмайсың, шырағым», –депті.
Аста сән-салтанатымен, өнер, сауығымен және сыпайы әдептілігімен Сағал-Сапақ бастаған Тарақты жігіттері көзге түссе, керейлерді бастап келген Барақ төре жеке басының күш-қайратымен жиналғандардың көңілінен шығыпты.
Ас тарқар алдында жақсы мен жайсаңдарын ертіп, құдасымен қоштаса келген Тобықты Құнанбай:
– Алшеке, сізге елден кім ұнады, ерден кім ұнады? – деп сұрапты. Сонда Алшынбай біраз ойланып отырып: «Қазіргі ел жақсысы Тарақты, ер жақсысы Барақ екен», – депті.
«Ел жақсысы – Тарақты,
Ер жақсысы – Барақты», – деген нақыл сөз содан қалған көрінеді.
Бізде Құдай жолын, ислам құндылықтарын жетік білген қасиетті абыздар өткен. Әлі атамыздан Сеңкібай қажы Меккеге үш рет барған. Бұғыбай хазірет Бұхара медресесін бітіріп, мешіт-медресе ашып, ел-жұртын мұсылмандыққа үйретіп, үлкен алғысқа бөленген. Әлеуке Айболат Қалдыбайұлы ғұлама діндарлығымен Сарысу Тарақтыларына кеңінен танылған. Бұл кісі менің атам еді. Сол үшін әкем Арын Айболатұлы 1937 жылы қуғынға түсіп, көп азап шекті. Отбасында дінді берік ұстанған анам Бибі-Айша болды. Ол 9 жасынан намаз оқып, осы құлшылығын 94 жасқа келіп, дүниеден озғанынша тоқтатқан емес, жарықтық. Ал Оразхан ақсақал тамаша емшілігімен, ауа райын болжағыш көріпкелдігімен бүкіл Ертіс өңіріне танылған. Ақыбайқызы Жәмила апамыздың білгір тәуіпшілігімен Жамбыл облысына аты шықты.
Кеңес заманында кемеңгер басшы адамдарымыз халқына ұйытқы бола білді. Бұлар: Қазақстан Орталық Атқару комитетінің мүшесі Мұхтар Шалқарұлы, министр Иса Халимов, ауданның басшылары Құсайын Бекішев, Әбіл Бейсенбаев, Ысқақ Бекжанұлы, Қырықбай Асанов, шаруашылық жетекшілері Ерубай Жылқыбаев, Жұмағұл Ысмағұлов, Мекіш Жақыпұлы, Төлеубай Айжолов және тағы басқалары.
Әлемге аты танымал ұлы диқан, екі рет Социалистік Еңбек Ері Ыбекең, Ыбырай Жақаев, туралы арнайы тоқтап кету ләзім. Ол асқан еңбекқорлығымен күріштің әр гектарынан 180 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады. Осындай теңдесі жоқ жоғарғы көрсеткішті бірнеше рет қайталап, жапонның жағасын ұстатып, кәрісті қайран қалдырған. Сөйтіп, далалық тамаша ақыл-ойдың, сарқылмас күш-жігердің ғажайып үлгісін паш етті. Қазағымның қасиетті қара шалын қалай мақтан етсек те артық болмайды. Сондықтан Д.Қонаев: «Қазақтың сөз патшасы – Абай, Сыр бойында дән патшасы – Ыбырай», – деп жоғары баға бергені мәлім. Ал ақын болса, Ыбекең туралы былай деп жыр төкті:

– Мейлі оны таныстырма-таныстыр,
Нан иесін құрметтейді халық бұл.
Бір Жақаев жұлдыз болып жүздеген, Қазақтың аспанында жанып тұр.

Сол сияқты Шиелі тарақтыларының арасында даңқты күрішшінің үлгісімен абыройға бөленгендердің қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаевадай абыройлы еңбеккерлердің де болғаны белгілі.
Қазақ әдебиеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесіміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Ең алдымен күміс көмей әнші Әміре Қашаубаевтың есімін зор ілтипатпен айтамыз. Ол қазақтың ән өнерін жеті қат көкке көтерді. Парижде, Майндағы Франкбургте (Германия), Мәскеуде әуелетіп ән шырқап, әлемнің зиялы қауымын таңғалдырды. Қазақтың алғашқы халық әртісі болды. Парижден келген соң, оны НКВД тыңшылары түрткілеп маза бермеген. Күнде тергеу, күнде азаптау. Сондағы кінәсі Мұстафа Шоқаймен бірге болып, ән салғаны. Ақыры, ұлы әнші ағамыз Әбекең сол жендеттердің қолынан қазаға ұшырады. Тағы бір асқан өнерпазымыз Ашай еді. Ол Ықыластың қобызшылығын жалғастырған саңлақ болатын. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында тебірене жазды.
Бұларға қоса ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген екі ақын Аманбай Жолдыбайұлы мен Дәріжан Бәйімбетқызын ерекше атау орынды. Олар әлеуметтік және саяси теңсіздікке қарсы өлеңдер шығарған. Тағы бір дарынды ақынымыз Ұлы Отан соғысында шейіт болған – Нақып Бердібекұлы.
Елімізге барынша танымал әдебиет қайраткерлері қатарында ақындар әрі ірі ғалымдар Балтабай Адамбаев пен Бүркіт Ысқақовты орынды мақтан етеміз. Балтекеңнің зерттеулері нәтижесінде қазақтың шешендері халқымен қауышты. Бүркіт ағамыздың ақындықтан басқа тағы бір қыры көпке мәлім. Ол «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегі мультфильмінен айқын байқалса керек. Бұған ақынның өлеңмен жазылған әдемі ертегісі негіз болған. Атақты жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты роман-эссесін оқырман қауым зор ілтипатпен қабылдады. Ғұлама Қанекең (Қаныш Сәтбаев) туралы оның жазған тамаша шығармасы әлемнің 112 еліне тараған. Марқұм Ақселеу Сейдімбек танымал жазушылығымен қатар үлкен ғалым, Астанадағы Еуразия университетінің профессоры болды. Оның «Қазақтың күй өнері» кітабы іргелі ғылыми-зерттеу, шығарма-оқулық деп саналады. Сол еңбегі үшін ҚР-ның Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Ақаң сазгерлігімен де құрметке бөленген. Атап айтсақ, «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндері үзбей шырқалып келеді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, суретші Дулат Әлиевті өнерсүйер қауым жақсы біледі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосып жүрген тағы бір азаматымыз – талантты жазушы Қуандық Түменбаев.
Қазақ елінің саяси еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресті сонау бозбала шағынан бастап, кеңестік тоталитарлық заманның зорлық-зомбылығына бас имеген, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысушы, «Азат» қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі және талантты композитор Хасен Қожа Ахметтің есімі ел-жұртқа кеңінен белгілі. Ол әділетсіздікті батыл әшкерелеп, қазақ халқының жоғын жоқтауда алдыңғы сапта келеді. Мұның көптің көкейінен шыққан сан алуан музыкалық шығармаларының жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде жасайтын ықпалы зор.
Ғылым саласында да Тарақты балалары алғырлығымен көзге түсуде. Осындай таңдаулы азаматтар қатарына ең алдымен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің кепілдіктер жөніндегі инспекторы Достай Раманқұловты қосамыз. Оған әлемге танымал ғалым Эль-Барадей басқаратын МАГАТЭ-нің басқа да қызметкерлерімен бірге 2005 жылдың қазан айында Нобель сыйлығы берілген. Елімізге кең танымал ғалымдарымыз – ғылым докторлары Арғынғазы Егеубаевты, Бауыржан Исабековті, Келіс Жайлыбайды, ғылым кандидаттары Қазыбай Мұқановты, Ғазиза Құсайынды, Үсенбек Рахметовті, Ғалым Сағатұлын, Серік Байсаловты, Жаныс Байтуғановты, Серік Байназаровты және басқаларын орынды мақтан етеміз.
Біздің талапты да іскер жастарымыз нарық заманында да өз қатарынан қалмай, басқаларға үлгі-өнеге көрсетуде. Олар: Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болған Ермұхамед Ертісбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында жауапты қызмет атқарған Сансызбай Ілиясов, Қазақ темір жолына көп еңбек сіңірген білікті маман Қанағат Әбенұлы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Қадыржан Асанов, журналист-жазушы Әділ Дүйсенбеков, белгілі саясаткер, ҚР Президенті сыйлығының иегері, «Айқын» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденді Нұртөре Жүсіп, қаламы жүйрік журналист, «Спорт» газетінің бас редакторы болған Амангелді Жақсыбеков.
Сонымен, қарағай тамырлы (қарға тамырлы емес) қазақ елінде Тарақтының ежелден өз орны бар. Тарақты ұлдары мен қыздары қандас бауырластарымен қоян-қолтық араласа отырып, тәуелсіз қазақ елінің іргесі бекіп, көркейе беруіне бұдан былай да лайықты үлес қосуға мүдделі. Ол үшін бәрімізге тас түйіндей мызғымас бірлік керек. Алаштың жеңімпаз туы астында бөлінбей, жарылмай бақытты өмір кешуге, өркениет көшінен қалмауға аянбай күш-жігер жұмсайық. Жақсылығымызды асырып, күйкі тірліктен, пәтуасыз пендешіліктен аулақ болайық. Осы ізгі ниетімізге бір Алла жар болсын!

Сағат
АРЫНҰЛЫ,
облыстың
Құрметті
азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support