- Advertisement -

Ең үлкен жиһад – нәпсіні тыю

496

- Advertisement -

Әрбір мұсылман адам ең алдымен өзінің нәпсісін тәрбиелеуі және тазалауы тиіс. Бұл өмірде де, ақырет күнінде де пенденің бақытсыздыққа ұшырауына адамның нәпсісінің кірленуі және жаман іс-әрекеттерге жол беруі, оның басты себептері болып саналады.
Нәпсі жайында қарапайым ғана мысалмен келтірер болсақ, мысалы, сізді таң намазына сағатыңыздың қоңырауы оятты делік. Сіз үшін жылы төсегіңізден тұрудың тауқыметінен артық қиыншылық болмасы анық. Ішіңізден «Намазға тұр» деген дауысты сезесіз. Егер ол дауысты нақты естісеңіз, намазға тұрар едіңіз. Сол кезде тағы да бір дауыстың: «Аз ғана ұйықтап ал» дегенін естисіз. Бірінші дауыс «Ұйқыдан намаз жақсы» дейді. Ал екінші дауыс болса «Ұйқы – шырын, уақыт мол, аз ғана ұйықта» деп дауыстайды. Сағаттың тықылы жарысып, әлгі екі дауыс сияқты «ұйықта, оян, ұйықта, оян» деп жатқан секілді қайталана береді. Сіз бұны нақты естімесеңіз де, сезініп жатасыз. Міне, осы екеуінің бірі – ақыл, ал екіншісі – жаман нәпсі болып саналады. Егер ол пенденің иманы кәміл болса, сол мезетте өз нәпсісіне қарсы тойтарыс беріп, намазға тұрған болса, онда жаман нәпсінің ләззатына алданбағаны және оны тәрбиелегені болып саналады. Адамдарға жер бетінде түрлі бұзықтықтар мен бүліктерді жасауға да тыйым салған. Өйткені, пенденің бойында періштелік те, шайтани да сипаттар болатыны сөзсіз. Егер пенде өз бойындағы періштелік сипаттары арқылы Раббысының әмірлерін толықтай орындайтын болса, Жаратушысының разылығына бөленеді. Ал егер шайтани амалдарды орындайтын болса, онда Жаратушысының шапағатынан мақұрым қалған болып саналады. Сол үшін де әр адам өз нәпсісін әркез тәрбиелеу жолында табандылық танытуы ләзім.
«Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мәрхамет етсе, ол басқа. Күдіксіз Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Юсып, 53)
Демек, нәпсі түрлі жағдайларда болады. Ол пендеге қауіп те, мәлімет те, жамандыққа бұйырушы да қызметтер атқарады. Күнә істері, қызғаныш, мақтаныш, жалғаншылық сияқты түрлі себептер арқылы нәпсі кірленеді және үлкен кемшіліктерге душар еткізеді. Сол үшін оны әркез тәрбиелеп, пәктеп отыруымыз керек екен. Мұны араб тілінде «тәзкиятун-нәфс», яғни «нәпсіні пәктеу» деп атайды.
Қазіргі таңда көптеген адамдар әсіресе, өзге жат ағымда жүрген түрлі бүлікші топтың өкілдері «жиһад» сөзін «соғысу» секілді мағынадағы сөздермен шатастырып жүр. Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ең үлкен жиһад – нәпсімен күресу», – деп түсіндірген болатын. Міне, байқағанымыздай, әрбір мүмін пенде ең әуелі өзінің нәпсісімен және өзінің тұла бойындағы жаман қылықтарды дұрыстау жолында күреседі. Біздің дініміз ата-ананы сыйлау, Отанды сүю, өз халқына тыныштық сыйлау сияқты қасиетті амалдарды атқаруға үгіттейді. Дінімізде өзге елдің туының астына бар немесе сол едің байрағын желбірет деген қағидалар айтылмайды. Яғни, мұның несі жиһад? Бұл дегенің барып тұрған анық жәһилеттік ғой. Тіпті, кейбіреулері «жиһад», «халифалық» сынды сөздердің анық истилахтарын (терминология) да білмей әуре болып жатады. Шариғатымызда мұсылмандар бір-біріне «Әссәләму ғалайкум!» деген жылы сөзді жеткізеді. Бұл дегеніңіз – «Сізге тыныштық тілеймін» дегені. Нақты айтар болсақ, дін исламда экстремизм жоқ, өзгеге азар беруге де жол берілмейді, дініміз әрбір пендені көркем мінез бен кешірімшілдікке баулиды. Сондықтан өзгеге қолы, тілі, тіпті діліменен еш зиянын тигізбеген адам шын мұсылман болып саналады.
Алла тағала елімізге ынтымақ, дінімізге күш-қуат берсін!

Сұлтаншәріп қажы Жадыраев,
аудандық «Сұлтан қажы» мешітінің бас имамы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support