- Advertisement -

Сәнгер студенттер сайысы

121

- Advertisement -

160415-108М.Х. Дулати атындағы тараз мемлекеттік университетінде «Бабалар мұрасы» халықаралық сән фестиваль-байқауы өтті

Көркі мен сән-салтанаты жарасқан көктем мезгілінің адам баласына сыйлар әсері де әдемі, тамаша тартуы да мол. Биылғы көктем де сондай маусым жарасымына ие жаңалықтарға толы десек, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен студенттер арасындағы «Бабалар мұрасы» халықаралық сән фестивалі де соның бір айғағы. 

Аталмыш оқу ордасының технологиялық факультетінің «Жеңіл өнеркәсіп ұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасы мұрындық болған фестивальға еліміздің әр аймағындағы 12 оқу орнының командаларымен қатар, Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің және Ресейдің А.Бунин атындағы Елецк, Удмурд мемлекеттік университеттерінің студенттері де қатысты. Өз жұмыстарын ұсынған студенттердің шығармашылық қабілеттері «Сәндік қолданбалы өнер» және «Костюмдер дизайны» аталымдары бойынша сарапталды. Алғашқы аталым бойынша ТарМУ-дың бас ғимаратында студенттер арасындағы қолөнер шеберлерінің түрлі жұмыстары көрме түрінде көпшілік назарына ұсынылды. Ондағы өнерлі жастардың қолынан шыққан әшекей бұйымдар, ыдыс-аяқтар, теріден және киізден жасалған түрлі тұрмыстық заттар көрермендердің көңілінен шықты. Бұл аталым бойынша барлығы 45 үміткерден 1000-ға жуық жұмыс келіп түскенін ескерсек, жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Әйтсе де, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші Мухаммед-Умар Паншаев бастаған қазылар алқасының құрамы жүлделі І орынға өздерінің ерекше қабілеттерін байқатқан Жамбыл политехникалық колледжінің студенттерін лайық деп тапты. Ал жүлделі ІІ орынды Астана менеджмент және бизнес колледжінің қолөнер шеберлері жеңіп алса, ІІІ орынды Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің студенттері олжалады. Жеңімпаздарды ұйымдастыру комитетінің төрағасы, технологиялық факультеттің деканы Әнуарбек Әймен марапаттады. Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осы күннің екінші жартысында көрермен қауым сәнгер-студенттердің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Сәнгер жастардың шығармашылығын насихаттаған фестивальдың бұл кезеңін тамашалауға көрермен қауым жиналды. Университет ректоры Махметғали Сарыбеков қонақтар мен көрермендерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, аталмыш байқауға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. «Костюмдер дизайны» деп аталған аталымда күнделікті киім, балалар костюмдері, той көйлектері және этникалық жанрдағы костюм үлгілері бойынша 37 жұмыс көпшілік назарына ұсынылды. Олардың арасында балалар костюмдерінің жиынтығын әзірлеген М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенттерінің жұмысы, той көйлектері үлгісінде Алматы технологиялық университетінің жиынтығы және этникалық жанрдағы киім үлгілері бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінің жиынтығы және тағы да басқа жұмыстар тәнті етті. Онлайн режімде таныстырылған Ресейдің А.Бунин атындағы Елецк мемлекеттік университеті мен Удмурд мемлекеттік университетінің сәнгер студенттерінің де туындылары көрерменнің көзайымына айналды.
«Ковалевтар сән үйінің» директоры Нина Ковалева бастаған қазылар алқасы ортақ шешімге келіп, халықаралық байқаудың бас жүлдесін «Дала сазы» жиынтығын көпшілік назарына ұсынған «Аспара» модельдеу өнері және бизнес колледжінің шығармашылық ұжымы жеңіп алды. Ал Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің студенті Айзада Күшчубаеваның жиынтығы І орынға лайық деп танылды. «Нұрлытау» жиынтығымен көпшіліктің көңілінен шыққан М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың сәнгер студенттері ІІ орынға табан тіресе, этникалық жанрдағы костюмдерден құралған «Дала сазы» жиынтығы үшін Астана менеджмент және бизнес колледжі студенттерінің жұмысы ІІІ орынды қанжығаға байлады.
Жеңімпаздарды ТарМУ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Сейітхан Қойбақов марапаттап, дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. Сонымен бірге, жекелеген шығармашылық ұжымдарға марапаттау сәтінде халықаралық байқауға демеушілік жасаған сән үйлері мен дүкендер және мекеме басшыларының атынан арнайы сыйлықтар берілді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support