- Advertisement -

Бесінші жыл қатарынан – бірінші

81

- Advertisement -

Сәттілік серік болды деген осы. Осымен бесінші жыл қатарынан жамбылдық оқушылар жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық пәндер олимпиадасында командалық есепте топ жарып, үздік атанды. Білім додасына қатысқан 43 үміткердің 25-і жүлдеге қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, 11 алтын, 5 күміс, 9 қола медальді жеңіп алған жас дарындар олимпиада қорытындысы бойынша «Ең үздік команда» деген атақты бесінші мәрте қорғап қалды.

Ақиқатында өңір өрендерінің бұл табысын сәттіліктен гөрі жүргізілген жүйелі жұмыстың, облыс педагогтерінің жетістігі деген дұрыс шығар. Себебі, білім – жемісін ұзақ жыл күтетін сала. Жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін ондаған жыл тер төгіп, еңбектену қажет. Соңғы жылдары өңірімізде білім сапасын көтеруге баса мән беріліп, дарынды, білімді жастарға көбірек қолдау көрсетіле бастағалы нәтиже де жақсаруда.
Жастардың жетістігіне қуанамыз, әрине. Дегенмен, мына бір статистика назар аудартпай қоймайды. Облыс оқушылары жеңіп алған 25 жүлденің 20-сы облыстық дарынды ұл балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының, ал 3-еуі облыстық «Дарын» мектеп интернатының, қалған 2-еуі Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернаты мен Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 класссикалық гимназияның шәкірттеріне тиесілі. Қазақ-түрік мектеп интернаттары 6-сыныптан бастап жаратылыстану бағытына бейімі бар балаларды іріктеп алатыны, «Дарынға» іріктеу 8-9-сыныптардан кейін жүретіні белгілі. Классикалық гимназияның да оқытудағы әдіс-тәсілі өзгеше екені мәлім. Бәлкім сондықтан шығар, осы білім ордаларында білім алушылардың көрсеткіші де үнемі жоғары. Қалай десек те, бұл ойланатын нәрсе.
Облыс оқушыларының 2014 жылы Өскемен қаласында өткен жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер олимпиадасынан жеңіп алған 29 жүлдесінің – 10 алтын, 5 күміс, 9 қола медалі қазақ-түрік мектеп интернатының дарынды ұлдарына тиесілі болған еді. Былтыр да аталмыш білім ордасының шәкірттері жақсы көрсеткіш көрсете білді. Соған орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жас дарындармен өткізген былтырғы кездесуінде: «2015 жылы халықаралық пән олимпиадаларында, әсіресе, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының оқушылары ерен табыстарға қол жеткізді» деп бір ауыз сөзбен пән олимпиадаларында білім ошақтарының жетістігіне баға бергені есте. Ал өткен жылы өңір бойынша ең жоғары 125 балды Тараздағы №45 гимназияның мектеп бітіруші түлегі жинағанын да ұмыта қойған жоқпыз. Айша бибі атындағы және «Дарын» мектеп интернаттары шәкірттерінің көрсеткіштері де нашар болған жоқ. Қарап отырсаңыз еңбек те, нәтиже де осы мектептерде. Ал табыстың кілті қайда? Басқа білім ошақтарына осы сауалдың жауабын іздеп, ойланатын кез жеткен секілді…

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support