- Advertisement -

«Жаман аттан жайдағым, жаман байдан бойдағым» деп жүргендердікі жөн бе?

642

- Advertisement -

Ата-бабамыз «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген. Алайда, қазіргі қоғамда үйленіп алып, не үйі, не жұмысы жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрген отбасылар да баршылық. Оның соңы ажырасуға әкеліп соғуда. Мәселен, өткен жылы Тараз қаласы бойынша неке бұзғандар саны 1218-ге жеткен. Ал әлдебір жағдайлармен отыздың төріне шыққан азаматшаларымыздың саны еліміз бойынша 350 мыңға жуықтаса, сүр бойдақтар еліміздің әскерінен екі есе артық деседі. Бұл – өзекті өртер өкінішті жағдай ғана емес, қоғамның қасіреті.
Психолог мамандардың айтуынша, қыздарымыз оқу оқимын, мансап қуамын, мені асырай алатын жігіт керек, «Жаман аттан жайдағым, жаман байдан бойдағым» деп жүріп уақыт оздырып алса, жігіттеріміз материалдық жағдайды түзеймін деп отызды алқымдап қалатын көрінеді. Және өзіне жүктелер жауапкершіліктен қорқатындары да жетерлік.
Алайда, әр адамның тағдырына жазылған жағдай әртүрлі болатыны белгілі. Сондықтан оларға «Шал болдың», «отырып қалдың», «кәрі қыз» деу – артық. Өмір болған соң сан қилы жағдай болады екен…

«Ғашық болудан
қорқамын»

– Қазақта «атастыру» деген салт бар. Мені сол салт бойынша ата-анам атастырып қойған екен. Бірақ, бойжете келе қыз қарсы болды. Сөйтіп ол қызды басқа жігіт алып қашып кетті. Жұрттың «Босаға аттаған қызды әкелдің» деген әңгімесінен қорықтым ба, әлде өзімнің азаматтық арымды биік қойдым ба – артынан бармадым. Әрі ол қыз бәрібір маған тұрмысқа шығар ма еді, кім білсін?
Арада біраз жыл өткен соң, басқа бір қызбен шаңырақ көтерем бе деп жүргенде, ол жол апатынан қаза тапты. Тағдырым солай ма, білмеймін, қазір де үйленем бе деп жүрген қызым өмір мен өлімнің арасында өте ауыр халде жатыр.
Алдыңғы буын ағаларымыздың «25 жасқа дейін үйлен, 25-ке дейін сүйгеніңді, 25-тен кейін тигенін аласың» деген сөздің жаны бар екеніне енді көзім жетіп келеді. Жас келе таңдап қалады екенсің. Бір мінін көрсең болды ұнамай, теріс айналып шығасың. Осылай 29 жасқа да келдік. Жазмыштан қашып құтыла алмайды екенсің. Мен енді ғашық болудан да қорқып қалғандаймын, – дейді 29 жастағы Д. есімді кейіпкеріміз.

«Бойымдағы кемістіктен ұяламын»

– Қыз баласы болған соң бірінші оқу оқиық, ата-анамыздың сенімін ақтайық деп барымызды салдық. Армандаған оқу орнына түстім. Курстастармен таныса келе, ішінен бір жігіт көзіме оттай басылды. Жүрегіме жақын адамды көргендей күй кештім. Бірақ, мен көбіне өзімді басқа қыздардан төмен санайтынмын. «Ол жігіт маған қарамайды, қол-аяғы балғадай қаншама әдемі қыздар тұрғанда мені не қылсын?» деп ойлайтымын. Сосын дос болып араласып, сырттай ғашық болып жүре бердім. «Тұрмысқа шықсам, осыған ғана шығамын немесе үйленбеймін» деп, өзіме сөз бердім.
Бір күні бәріміз отырыс жасадық. Сол кеште ол мені вальске шақырды, бірақ, мен қысылып, өзімнен ұялып биге шықпадым. Содан ол «мені ұнатпайды екен» деп, өз ойымен, мен өз ойыммен екі жаққа кеттік. Сосын білімімді жалғастыруды, мансапты таңдадым. Осы уақытқа дейін мен де тұрмысқа шықпадым, ол жігіт те үйленбеді, – дейді 53 жасқа келген С. есімді әпкеміз.
«Ата-анам қарсы болды»

– Менің таңдаған жігітіме тұрмысқа шығуыма ата-анам қарсы болды. Себебі оның материалдық жағдайы біздікінен төмендеу болатын. Шешем «Тойыңды мейрамханаға жасамаса, оған тұрмысқа шықпайсың» деген шарт қойды. Жігітіме «Тойымызды асханаға емес, мейрамханаға жасай салшы, ақшасын білдіртпей бөліп төлейміз» дегеніме ол көнбеді. «Ата-анаң бермесе, бермей-ақ қойсын, жолымда кезіккен қызға үйленемін» деді де кетті. Расымен, көлігін тоқтатқан алғашқы қызға ұсыныс жасап, отбасын құрды. Содан ешқандай жігітті ұнатпай жүріп, осы жасқа да келіп қалдық. Қазір ата-анам «қазақ болсын, орыс болсын, қалағаныңа кете бер» дейді. Бірақ, бәрі кеш пе деймін, – деп мұңайды 39-дағы М. есімді кейіпкеріміз.

Мұндай кейіпкерлер қоғамымызда аз емес. Бірі мансап қуады, екіншісі тұр­мыс жағдайына қарайды, үшіншісінің ата-анасы қарсы болады. Осы орайда қазақтың «Теңін тапса, тегін бер» деген сөзін ұмытпағанымыз жөн-ау. Алайда мұндағы «теңдікті» біз байлықпен, қызметпен, мансаппен өлшемесек екен…

Фариза АЙТБЕК,
М.Х.Дулати
атындағы
ТарМУ-дың
студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support