- Advertisement -

Қайсар рух иесі

88

- Advertisement -

егер ортамызда жүргенде Қайрат Рысқұлбеков 13 наурыз күні ердің жасы 50-ге толар еді

GKgW5GXHyQ4Желтоқсан оқиғасы десе, алдымен ойымызға Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімі оралатыны белгілі. Ерлік жолында құрбан болған бозым тірі болғанда 13 наурызда ердің жасы елуге толатын еді.
Қайраттың қайсарлығы желтоқсаншыларға рух бергені анық. Ал аласапыранда шашынан сүйретіліп бара жатқан қаракөз қызымызды қызыл жағалы Алмабековтің қолынан құтқарып қалып, мінбеге шығып, алаңға жиналған жастарға: «Жігіттер, үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, дауысымыз БҰҰ-ға жетеді»,– деп үндеу тастағаны «үш әріп» тыңшыларының назарына ілігуге негізгі себеп болған еді. Біз қыршынынан қиылған боздақтың 25 жасын Кеңес одағы шаңырағы шайқалмай тұрғанда-ақ, 1991 жылы оның өзі білім алған Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылындағы мектепте атап өткен едік. Сол жылдың соңында көп айтысып-тартысып жүріп, сол мектепке Қ.Рысқұлбековтің есімін беру туралы мәселені оңтайлы шешуге тырыстық. Кейінірек Бірлік пен Киров атындағы орта мектеп қосылған кезде де білім ордасы Халық Қаһарманының есімімен аталды. Қайраттың қорғаушы-ұстазы Сейіткерім Қожаназаровтың табандылығының, Мақсат Сейдалиев, Берікбай Қадықов, Найманхан Нүпбаев, Тасболат Іңкәрбеков, Қалибек Шайжан, Қалдыбек Ақмурзин сынды азаматтардың белсенділігі мен қолдауларының арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік.
Әлі есімде 1996 жылдың 13 наурызы қарсаңында «Төле би» қорының директоры Оралжан Масатбаев пен Сейіткерім Қожаназаров үшеуіміз Алматыдағы сәулет-құрылыс академиясы тәлімгерлерімен бірлесіп, Қайраттың 30 жасқа толатын күнін атап өтуді жоспарладық. Проректо р Жангелді Отарбаевқа жолығып, мән-жайды түсіндіргенде ол менің аты-жөнімді білгеннен-ақ: «Сіз ректор Атрушкевичке көрінбей-ақ қойыңыз, өйткені осы оқу орнынан Желтоқсан оқиғасына байланысты Әркен Уақов деген доцент сотталған еді. Сізді сол кісінің бауыры екен деп, кеш өткізуге қарсы болуы мүмкін», – деді. Ректордың рұқсатын алғаннан кейін үлкен шара өткіздік. Шудан Аяз Бетбаев пен Базарбай Асқартегі келді. Сол кездегі спорт және туризм министрі Темірхан Досмағанбетов осы іс-шараны өткізуге демеушілік танытып, анасы Дәметкен Асанбаеваға Біріккен Араб әмірлігіне барып-қайтуға жолдама сыйлады. Көп ұзамай білім ордасында мұражай бөлмесі ашылды.
Қайраттың қайсар мінезін сәулет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақов әрқашан тебірене еске алатын. «Тергеушілер беттестіру кезінде Қайратқа «Мына мұғалімдерің емес пе сендерді алаңға шығыңдар деп үгіттеп жүрген?» деп шүйліккенде, ол: «Бұл кісіні танымаймын, алаңға біз өзіміз бардық», – деп, қаймықпай ұстазын ашық қорғаған. Егер, ол басқаша айтқанда, ату жазасына мен кесілетін едім», – деп көзіне жас үйірген Әркен аға 2001 жылы осы оқу орнында өткен еске алу шарасында.
Қайраттың 40 жасы да ескерусіз қалмады. Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әділхан Зәуірбеков, аудандық Мәдениет үйінің директоры Мәриямкүл Халықова мен Бақытжан Есеев, Жолдасбек Сейдазымов секілді ақ жүрек азаматтардың демеушілігімен 2006 жылы С.Шәкіров атындағы орта мектепте жас ақындардың мүшәйрасы өткізілген еді. Шу ауданының сол кездегі әкімі Болат Рысмендиев біздің мұражайдан арнайы бөлме ашу туралы ұсынысымызға қолдау көрсетіп, азаматтық танытқанын айта кету керек.
2001 жылы желтоқсанда мектептің қабырғасына тақтатас қою бастамасын көтеріп, оны іске асыруға себепкер болдым. 45 жылдығына орай Шу ауданының сол кездегі әкімі Қожахан Жабағиев Қайрат жерленген Семей қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектеп пен ол сегіз жыл оқыған Шу ауданындағы С.Шәкіров атындағы орта мектептің арасында рухани тәлім-тәрбиелі байланыс орнатуға мұрындық болып, үлкен іс-шара ұйымдастырды. С.Шәкіров атындағы орта мектептің ардагер-ұстазы Дәнен Бейсенбаева мен мұғалімі Ләйла Сатыбалдиевамен бірге озат үш оқушының Қайраттың мәңгілік мекені – Семей шаһарына барып қайтуына мүмкіндік туғызды. Бұған Н.Мадалиев демеушілік жасады.
Желтоқсан оқиғасын зерттеп, бірнеше кітап пен зерттеу мақалаларын жарыққа шығардым. Әйтсе де, бұл тақырып әлі толық ашылып біткен жоқ. Осы мақсатта 1984-86 жылдары Ресейдің Амур өлкесі, Белогор қаласында Қайратпен бірге әскер борышын өтеген достары және де Алматыдағы сәулет-құрылыс институтында қатар оқыған курстастарымен жолығып, дерек қорын толықтыра түсу үшін биыл 13 ақпанда «Хабар» телеарнасының «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына қатысып, Қайрат Рысқұлбековтің қатар құрбы-құрдастарына іздеу салдым. Ондағы ойым – Қайраттың әскердегі өмірі мен студент кезіндегі мәліметтерді жинап, елге беймәлім азаматтық қырларын аша түсу. Ел-жұрты барда Қайраттың есімі, бейнесі мәңгіге әр қазақтың жүрегінде сақталары анық.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Желтоқсан оқиғасын зерттеуші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support