- Advertisement -

Құрт түрлері

565

- Advertisement -

Жас құрт. Жайғанына бір-екі күн ғана болған, әлі толық кеуіп үлгермеген құрт. Жас құртты сары маймен жентектеп, бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін өте кенеулі ас саналады.
Көбік. Қайнап жатқан кұрттың қалқып алған беті. Ағаш қасықпен бетінен жайлап қалқып, ыстық күйінде жалап жейді. Көбік құрт майлы болады. Әрі құрттың бар нәрі осы көбігіне жиылғандықтан, дәмі тіл үйіреді.
Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.
Сықпа немесе сүзбе құрт. Мұның қайнатқан кұрттан айырмашылығы – айранды ұйытып, қапқа кұйып сүзеді де, тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп, тақтайшаға кептіріледі. Ертеректе мұндай кұрт жайған әйел ауыл балаларына арнап дөңгелек жасап, жіпке тізіп, мойындарына іліп қуантқан деседі.
Малта құрт. Езілген құрттың түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас саналады. Ұзақ сапарларда сусын әрі қорек болған.
Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кептірілген құрт ұнтағы.
Ақ малта. Езілген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол өте жұғымды және тез сіңетін тағам болып саналады. Оны сол сұйық түрінде ішеді.
Ұнтақ құрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.
Ақ құрт. Іркітті қазанда қайнатып, суыған соң қапқа салып, сорғытады. Содан соң түрлі формаға келтіріп, өреге жаяды. Бұл құрттың ақ болатын себебі тұзын анағұрлым көбірек қосады.
Қара құрт. Ашыған іркітке аздап сары май қосып қайнатады. Тұзын аздап қана қосады.
Құрт-май. Сары майға батырып жасайтын кепкен құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да кұрт-май деп аталады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support