- Advertisement -

Жақсы қыз — жағадағы құндыз

1 745

- Advertisement -

Қызын ардақтап, қырық үйден тыйым салып, тәрбие берген қазақ қыздарынан талай ел аналары шыққан. Солардың бірі – ерлігі ерен, Сақ патшайымы болған Тұмар ана. Томирис – Тұмар патша өз елінде талай жыл билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен, көрегендігімен халқын талай таңғалдырған. Қанішер жауыздығымен аты шыққан Кир патшаның басын өз қанына батырып, «шөлін» қандырған.
Қазақ қыздарында батыр, батылдығынан бөлек, Зере, Ұлжандар мейірімділігі мен даналығы арқылы үлгі болған. Ұрпақ тәрбиесіне де аса мән берген Ұлжан баланы дәретсіз емізбеген, атаның ұлы емес, адамның ұлы етіп тәрбиелеген. Адалдығы үшін Құнанбайдың өзі рахмет, алғысын айтқан. Ақылдылығы, зейінділігі және мейірімге толы Зеренің ізгі жүрегі арқылы Абай — Абай атанды десек те болады. Тоғжан мен Әйгерім сынды аруларымыз – өнердің, сұлулықтың, тектіліктің белгілері. Бәйдібек бабамыздың бабын тапқан Сары бәйбіше, Зеріп, Домалақ ана (Нұрилә) және келіндері Жұпар (Мапырашты), Қарашаш (Тұмарша), Сыланды, Есенейді елдің есіне айналдыра білген Ұлпан тәлім-тәрбиесі де бір халыққа аздық етпейді. Болмысы нәзіктік пен әдептен жаралған, талай батырдың жүрегіне «жара» салған Қыз Жібек, Баян сұлу сынды қыздарымыз сұлулық пен әсемдіктің ұранына айналған.
Ерлерімізбен бірдей ерлік көрсеткен Әлия мен Мәншүктей батырлар да бар. «Шығыстың қос шынары» атанған ондай аруларымызды жадыдан өшіру мүмкін емес. Өскелең ұрпақтың бақытты болашағы үшін бастарын тәуекелге тіккен Ләззат пен Сәбиралар Тәуелсіздік үшін күресті. Көк байрағымыз көгімізде желбіреген, күллі әлеммен бірге замана көшіне ілескен еліміздің ертеңі үшін батыр қыздарымыздың ерлігі ұрпаққа үлгі болып қала береді. Аңыз ғұмыр жалғаса берері хақ.
Қазақ әйелдері арасынан үлгі етер образға айналған батыр Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметованы да айтпай кету мүмкін емес. Осындай апа-жеңгелерін көріп өскен қазақ арулары қазіргі таңда неге шетел асып, күйеу іздеп кетті? Шетел азаматтарына неге құштар болып барады? Ебін тапқандардың етегінен ұстап, еріп кете беретін аруларымызды ақылсыз, дым көрмеген, сауатсыз дей алмаймыз. Көзі ашық, көкірегі ояу, бәрі гүл ашып, құлпырып тұрған бойжеткендер. Бірақ әлеуметтік желі арқылы таныса салып, «ғашық болдым, соған тимесем өле қаламын» деп, сорлап қалған қыздарымыз неге көп? Өйткені, іздеп барған жігітінің не азаматтығы, не үйі жоқ біреу болып шығады. Тағы бірінікі күн көре алмай, шетелден қаңғып келген болып шыққан. Бұл қазақ қыздарының аңғалдығы ма? Әлде, қазақ жігіттерінің осалдығы ма?
Сандуғаш Үсенова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің психология магистрі:
– Қазіргі кезде кейбір қазақ қыздары «жатжұрттық» деген сөзді тура мағынасында қабылдап жүрген секілді. Тау басып, мұхит асып өрісімізді кеңейтеміз деп, өзге ұлттың табалдырығын аттап, кетіп жатыр. Шет тілді үйренген сайын олардың қатары жылдан-жылға өсуде. Қазақ қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуының себебі көп. Кейбіреуі бақытты боп жатса, екіншісі өрескел қателікке ұрынады…
Ата-бабаларымыз кезінде он, он бес баланы тәрбиелеп өсіріп, қыз қылығына аса мән берген болатын. Қазіргі таңда баба жолын жалғап, көп балалы отбасы болып отырғандар да жетерлік. Солардың бірі Шахан ауылының тұрғыны Балтабай Үмбеталиев пен жұбайы Мейрамкүл Өнетаева 5 қыз, 4 ұл өсіріп, 25 немере мен 2 шөберенің қызығын көріп отыр. Апамыз – бүгінде алтын медаль иегері. Бала тәрбиесімен қатар, 27 жыл мектеп қабырғасында музыка, сызу, отбасы және қоғам, еңбек сабақтарынан ұстаздық еткен. Көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, ауылдан «халық театрын» ашқан.
Сол Мейрамкүл:
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, отбасы болған соң оның отына күйіп, суығына тоңуың керек. Тату-тәтті өмір сүріп, үйдің берекесін кіргізу үшін қыз баласы барын салуға тиісті. Кішіге үлгі болып, үлкенге құрметпен қарау – кез-келген келіннің міндеті. Біз кезінде ата-енеміздің қабағын бағып, сол кісілердің көңілінен барынша шығуға тырысатынбыз. Қазіргі күнде «келінге «келін» болсаң ғана жағасың» деген кейіпке кетіп барамыз. Еліміздегі қыз тәрбиесіне байланысты ең ауқымды мәселелердің бірі болып тұрғаны – өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып кетіп жатқан қыздарымыздың жағдайы болып тұр. Біздің заманымызда шетелге кетіп, өзге ұлт өкілдерімен бас қосқандар болмаған. Тек соғыс уақытында қазақ жігіттері орыс қыздарына үйленгендері кездесетін. Олардың өзі саусақпен санарлықтай ғана еді, – дейді.
Мемлекетіміздің өркендеуі үшін өз үлестерін қосып жүрген іскер қыз-келіншектеріміз қаншама?! Олар кәсіпкерлік, мемлекет жұмысы, саясат, білім, денсаулық саласына және басқа да барлық салаларға белсене ат салысып жүр. Зейнетке дейін мемлекеттік қызметте болған Хадиша Оспанова – сөзімізге дәлел. Қазіргі таңда ол қаламыздағы Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары қызметін атқаруда.
Хадиша Оспанова:
– Қазақ болып туған соң, Қазақстанымызды, өз Отанымызды сүюге міндеттіміз. Елімізді, жерімізді жүрегімізбен жақсы көруміз керек. Құр сөзбен ғана сайрамай, іспен дәлелдеуіміз қажет. Әйел дегеніміз – отбасының ұйытқысы, мемлекетке үлес қосуды өз жанұямыздың тәрбиесінен бастағанымыз дұрыс. Әсіресе, бүгінгі таңда көптеген отбасылар қыз тәрбиесіне көп көңіл аударуы керек. Білім алсын, оқысын, тоқысын деп, шетелге жіберіп, қыздарынан тірідей айырылып жатқандар қаншама? Сонда жұмысқа қаламын, не болмаса өзге ұлт өкілімен отау көтеремін деп, қалып жатады, – деген.
Тараз қалалық әкімдігі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесінің мәліметі бойынша, облыс орталығында жыл басынан бері өзге ұлт өкілдерімен тұрмыс құрған 7 неке тіркелген. Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2014 жылы – 3721 неке, 2015 жылы 3349 неке құру тіркелген. Ал неке бұзғандар саны 2014 жылы – 1253, 2015 жылы 1218 неке бұзылған көрінеді.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, ананың сүтімен бойға дарыған, қазақтың иісі аңқыған, қазақы намысы бар қыздарымызға қамқор болайық, ағайын! Қызды қорғаған, аялаған ұлттың болашағы зор болады. Әйелін ардақтамаған қоғамның ар-ұяты кетеді, намысы тапталады. Намысы кеткен ел қашанда көзтүрткі болады. Ердің намысы қашанда қыздың арымен өлшенген заманда қыз бақытын биік ұстайық.

Фариза АЙТБЕК,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support