- Advertisement -

Аруларды кескіндеген аңсаған

117

- Advertisement -

Анасы, әкесі және балалары. Бәрінің қолында бір-бір ұялы телефон. Шұқшия үңіледі. Хабарлама келгенін хабарлап тұратын саусақтың табын ғана сезетін сезімтал сымсыз телефонның дыбысынан өзге ештеңе естілмейді. Әрқайсысы өзімен-өзі әлек.

Қазақтың санаулы иллюстраторларының бірі Аңсаған Мұстафаның «Ауру» атты картинасына қарасаңыз, осылай сөйлеп қоя беретін секілді. Жұртты «тілден» айырған телефонның «қасіретін» үнсіз ұғындырып тұр. Соңғы кездері әлеуметтік желінің әлеуметтің жегісіне айналғаны туралы әңгімелер көбірек қозғалып жүр. Ал мына сурет соны жетер жеріне жеткізіп айтқан ба дерсің.
Әлеуметтік желі демекші, Аңсаған Мұстафаның суреттері ғаламтор арқылы көпшілікке кеңінен танылған. Соның ішінде сананы сілкіндіріп, қоғамға қозғау салғаны – «Анам мені өлтіретін шығар» атты еңбегі. Атырау өңірінде туып-өскен қылқалам шеберінің ерекшелігі де сол – суреттері сөйлеп тұрады. Айтарын ақ қағазға қара қарындашпен бейнелеп жеткізетін Аңсаған сөзге де шебер екен. Былтыр Тараз төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдық тойына арналған шаралардың бірінде кездесіп, тілдескенімізде осыны байқағанбыз.
Аңсаған Мұстафа сол жолы Таразда өткен «Тарих. Әйелдер. Қазақстан» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда арнайы көрме ұйымдастырған. «Қазан айында Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатынын естігенімде, «Қазақ еліне – 550 жыл» деген жазуы бар жазғы киім үлгісін ғаламторға жарияласам ба деген ой келді. Егер ол Facebook-те 550 лайк жинаса, осындай үлгінің 55 түрін жасап беремін деп ойладым. Бұл бастамама бір күнде 1000 адам қолдау көрсетті. Кейін іскер әйелдер қауымдастығы республикалық конференцияда көрме өткізу туралы ұсыныс жасады. Соның арқасында Тараздағы елдік тойға куә болдым», – деген еді.
Қазір Астана қаласында тұратын қылқалам шеберінің әлеуметтік тақырыптарға арналған графикалық суреттері шетелге де танымал. Бразилияда танымал болған суретте жүрегі мен миын кіржуғышқа салып жуып отырған қыз бейнеленген, махаббаттан жолы болмаған жас қыздың тазарып, жаңа сезімге жол ашқан сәті. Ал «Анам мені өлтіретін шығар» деген мәтін жазылған сурет он шақты тілге тәржімаланып, сайттарда жарияланыпты. Салған суреттеріне негізінен әлеуметтік мәселелерді арқау етеді.
Таразда ұйымдастырылған көрмеде түсіріп алған суреттерді назарларыңызға ұсынамыз.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support