- Advertisement -

Жемістегі жазулар

113

- Advertisement -

немесе «мен болмас іске ұмтылған жоқпын»

Әлемдік экономиканың дамуы – ғасырлар бойғы ғылыми ізденістердің жемісі дегенге келісесіз бе?! Меніңше, келісу керек. Өйткені бүгінде экономикасы ғылымға негізделген мемлекеттер саяси ықпалды күшті елдердің қатарында. Германияда ғылымға өте көп көңіл бөлінеді. Ғалымдарға қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Мен Германиядағы Қолданбалы ғылым Вайштефон – Триесдорф университетінде ғылыми жобам бойынша зерттеу жүргіздім. Таңның атысынан түнге дейін сарылып отыратын сәттерім болатын. Алманың түсін өзгерту үшін тоғыз айдан астам уақытымды сарп еттім.
Алғашында біз эксперименттерге тәулігіне 12 сағат бойы УФ лампаларын қолдандық. Осындай тәсілден өткен алмаларды тоңазытқышқа 180 С температураға орналастырдық. Бір апта уақыт өткенде тексердік, өзгеріс байқалмады. Алмалар жәй ғана сарғайды. Кейіннен эксперименттеріміз 48, 72, 96 сағатқа дейін барды. Нәтижесінде 48 сағатта алманың түсі қызғылт болды. Ал 72 сағатта УФ лампалар астында тұрған көк алмалар қып-қызыл түске айналды. Ғылыми жобамның бұл жетістігі университет ұжымына да қатты ұнады. Бірақ, барлық нәрсе кемшіліксіз болмайды. 72 сағат бойы УФ лампалар астында тұрған алмаларды ұзақ мерзімге сақтауға болмайды екен. Әрі кетсе, екі тәулік. Ал 96 сағат бойы лампалар астында тұрған алмалар қызғылт түстен өтіп, күйген қоңырға айналады екен. Ендігі мәселе оны қалай ұзақ сақтауға болатынында еді.
Біз көптеген алма түріне зерттеулер жасадық. Қызыл түске кез-келген алма түрі өзгере бермейді. Алайда, құрамында антоционы жоғары алмалар қызыл түске оңай боялады. Алма түсінің өзгергенін байқау үшін спектрофотометр «Konica Menolta» қондырғысы қолданылады. Әлгі қондырғының көмегімен алма түсінің 12, 24, 36, 48, 64, 72 сағаттағы өзгерістерін анықтап отырдым. Алманың ұзақ уақыт сақталмауын зерттеу өте күрделі мәселе болды. 72 сағаттан соң алынған қызыл алманың дәмі бұзылмас үшін төмен температурада тоңазытқышқа орналастырып көрдік. Нәтиже болмады.
Жапонияда шабдалыға осындай эксперименттер жасалған екен. Ал Болгарияда пісу мерзімінен екі апта бұрын талда өсіп тұрған алмаларға жазу жазып, зерттеу жүргізіліпті. Бұл – толықтай табиғи әдіс, бір әттеген-айы – жылына бір-ақ рет жүргізілетіні. Ал біз қолданып жатқан әдісті кез-келген уақытта қолдануға болады. Мен тек алма ғана емес, банан, манго, жүзім, апельсин, алмұртқа эксперименттер жасап көрдім. Айта кетер бір жайт, банан және жүзім 3 сағаттан соң бұзылып кетеді. Ал апельсин мен мангоның 96 сағат өткен соң да түсі өзгермеді.
Белгілі ғалым Томас Эдисонның «Мен болмасқа ұмтылған жоқпын, тек жұмыс істемейтін 10 мың тәсіл таптым» деген сөзі бар. Мен ізденісті тоқтатпадым. Күн 24 сағат бойы шуағын шашып тұрмайтыны белгілі. Соны ескеріп мен де алмаларды УФ лампалары астында 12 сағатқа орналастырып, келесі 12 сағат тоңазытқышқа +140 С температураға орналастырдым. Осылайша үш күн қайталанды, яғни 72 сағат. Эксперимент университет қызметкерлері дайындаған үлкен жәшікте жасалды.
Ғылыми жобалары нәтижелі болғандардың жұмысын көруге университет ректорының өзі келді. Ол ғылыми конференцияда сөз сөйлеп, озат ізденушілердің қатарында менің де аты-жөнімді атап, жұмысымды жоғары бағалады. Конференция делегаттары алма түсінің өзгергенін және жемістегі жазуларды көріп, таң-тамаша болып, қайран қалды. Бұл алмалардың түсі химиялық қоспалар арқылы емес, табиғи күн сәулесін қолдану әдісімен өзгерді. Сондықтан, экспериментте өзім түсін өзгерткен алманы жеп жүрдім.

Ғалымжан Юсупов,
ТарМУ-дың магистрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support