- Advertisement -

Бүркіт баптаған Бағдәулет

128

- Advertisement -

меркілік балғын құсбегінің  мерейі биік

Қазақ – қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халық. Сол қасиетінен де болар, әуелгіде қыран, бүркіт, қаршыға секілді құстарды аңшылық мақсатында қолға үйретіп, баулыса, кейінірек құсбегілікті өнердің биік сатысына дейін көтере білген. Бүгінде Тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық ойындарымыз бен өнеріміз қайта жаңғыру үстінде. 

Жуырда ғана Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған құсбегілердің ересектер арасындағы республикалық X чемпионаты өтті. Оған Астана қаласы мен еліміздің 10 облысынан келген құсбегілер қатысты. Оның ішінде қансонарды қызықтаған жұртшылық 33 бүркіт пен қаршығаның өнерін тамашалады. Алтай–Тарбағатай елінде тұңғыш рет ұйымдастырылған біріншілікте меркілік жас құсбегі Бағдәулет Бабажан өзінің «Қанжар» атты қаршығасымен қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Айта кету керек, бұл жарысқа Бағдәулеттің әкесі, әккі құсбегі Жалғас Әкімбековтің де бүркіті жақсы өнер көрсеткенімен, баласының қаршығасы топтан озып, бағы жанды.
Әкелі-балалы құсбегілердің бұл бірінші жетістігі емес. Елішілік, аумақтық талай қансонарларда құстарының қиқуы жұртты сүйсінткен олар ата дәстүрді жалғап, ұлттық өнерді барынша насихаттап, жаңғыртып келеді.
Бағдәулет құсын қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға түсіру және қоянға, түлкіге, қасқырға салу әдістері бойынша баулитынын айтады. «Құстарымның аңға шалымдылығы сынға түсер қан қыздырар салбурындарға қатысқан сайын ысылып, бұл өнерге деген қызығушылым арта түседі», – дейді ол.
Бағдәулет – Меркі аудандық №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы. Оны бұл жолға баулыған әкесі Жалғас Әкімбеков – аталмыш спорт мектебінің жаттықтырушысы. «Менің әкемнен үйренгенім көп. Әкем мені осы жолға баулып келеді», – дейді Бағдәулет. Құсбегілер бүгінде аталмыш жарыста жеңімпаз атанған «Қанжар» атты қаршығасынан бөлек, «Қапсалған», «Қарадолы» атты қос бүркітті баптап отыр. Отбасымен құсбегілікке ден қойған бүркітшілер әулетінің атбайлары, жас құсбегі Бағдәулеттің құс баптаудағы үлгісі көпті сүйсінтеді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support