- Advertisement -

Ауылдын айтқыштары

134

- Advertisement -

«Сіз қарулы екенсіз»

Шу ауданы, Ақсу ауылында тұратын Нұрғазы Төлендиев бұрынғы «Калинин» (қазіргі Ақсу ауылы) колхозында бастықтың көлігіне жүргізуші болған. Бастықтар ауысып тұрады. Бір жылдары ол колхозға Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Әбішев деген кісі бастық болады. Бірде Айтекең егіс даласын аралап келе жатқанда көліктің артқы бір дөңгелегінің желі шығып, жарылып қалады. Жөндей қояйын десе, Нұрғазыда артық дөңгелегі болғанымен, құралы жоқ екен.
– Әй, Нұрғазы, ауыстырмайсың ба баллонды, – депті колхоз басшысы.
– Керек құралдар үйде қалып кетіпті, – дейді жүргізуші.
– Ол неге үйде қалады? – деп Әбішев ашулана бастайды.
– Басеке, оның себебі бар. Бұрынғы бастығым осылай жол жүргенде көлігі­мнің дөңгелегі жарылса, машинамның шоңқайып, төмен түсіп тұрған тұсын өзі көтеріп тұрушы еді, мен баллонды ауыстырып алғанша, – деп аяқ астынан әзілдеп, амал тауып кетіпті.
Батыр аңғал деген рас. Бір кезде «Әй, дөңгелегіңді ауыстырсаңшы!» деген өктем дауыс шығады. Нұрғазы көлігінен түсіп қараса, бастығы жарылған дөңгелек жағын көтеріп тұр екен. Жүргізуші дереу баллонды ауыстыра қояды. Бұлар қозғалып, жүріп кетеді. Бастық көңілді.
– Әй, Нұрғазы, жарылған дөңгелек тұсын қалай көтергенімді көрдің. Мен күштімін бе, бұрынғы бастығың күшті ме екен? – дейді.
– Шынымды айтайын, сіз қарулы екенсіз, күшті екенсіз, – депті жүргізуші.
– Неге? – дейді бастық.
– Себебі, бұрынғы бастығым жарылған дөңгелекті көтерерде «Құдайым, өзің қолда» деп, сыйынып барып көтеруші еді. Сіз үн-түнсіз шелек көтергендей көтере салдыңыз, – деген екен.
«Бір үйден қозғалатын екі зат…»

Нұрғазы кейіннен қорапты көлік жүргізіп, колхоздың қамбасына бидай тасиды. Жұмысына адал. Бір күні басқа жүргізушілер: «Нүке, сенің үйіңде малың жоқ па? Ақыры еңбек етіп жүрсің. Бір тонна бидайды үйіңе түсіріп алмайсың ба? Бәріміз көзді ала бере солай жасап, қысқы жемді де ойлап жүрміз», – депті. Сонда Нұрғазы:
– Әй, жігіттер, оларың дұрыс шығар. Бірақ, бір үйден екі қозғалатын затқа ұрлық жасауға болмайды. Мен қораптың бұрышына шелек байлап қойғанмын. Күніге үйіме бір шелек бидай барып тұр. Өзім болмасам да, көлігім ұрлық жасайды. Сол да жетер деген, – екен.
Содан кейін колхоздың басқа шоферлері де тонналап бидай ұрлауын қойыпты.
«Сіз
қарызға беріңізші!..»

Бір жолы мектепте оқитын баласы Нұрғазыдан ақша сұрапты. «Сынып бөлмесін сырлаймыз деп мұғалім апай сұратып жатыр», – дейді. Қиындау кез. Колхозшыларға ақша түрінде айлық берілмейді. Шөппен, жеммен есептеседі. Мал береді. Бере қояйын десе ақша таппай, Нұрғазы қиналады. Сөйтіп, мектепке баруға жиналады. Ал мұғалімдер уақтылы айлыққа қол жеткізе бастаған. Тәжірибелі мұғалімдердің жалақылары жаман емес. Баласының сынып жетекшісі Сәуле Ағыбаева деген кісі еді. Ол Нүкеңді құрметтеп қарсы алады. «Неге әуре болдыңыз, ақшаны баладан-ақ бере салмадыңыз ба?» – деп бәйек болады. Сонда Нұрғазы: «Айналайын, Сәуле, айлық ала бастадыңдар ғой. Маған 2 мың сом қарыз берші, осы сыныптағы барлық ата-ананың орнына сыр алып берейін. Көп болса екі банкі сыр кетер. Қарызыңды бір қайтарармын», – депті. Сонда Сәуле мұғалім: «Түсіндім, аға, айтарыңызды. Менен бір ағаттық кеткен екен. Сыныпты сырлауға жететін сырды өзім сатып аламын. Ата-анаға салмақ салмаймын», – деп жөнге келіпті.

Сәт Мәлібекұлы.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support