- Advertisement -

Он саусақтың өнері

120

- Advertisement -

«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер». Бұл тәмсілдің сөзсіз өмір шындығынан алынғандығына, Меркі ауданы, Кеңес ауылының тұрғыны, қолөнер шебері Шолпан Белдікбаевамен тілдескенде анық көз жеткіздік.
Қолөнер бұйымдарын тігуге деген қызығушылығы бала күнінен басталған Шолпан апай әңгімені де тереңнен қозғады.
– Алты жасар кезім. Колхоз шаруашылығында еңбек ететін анам күндіз көптеген тапсырыс қабылдап, түнде тігін машинасын қолға алатын. Мен сол кезде анамның қасына жүгіріп келіп, тігін машинасын сабақтап, ол кісі тіккен уақытта машинаның құлағын бұрап отыратынмын. Жұмысымыз таң алаулап атқанша жалғасушы еді. Сонда да ұйықтамай, анаммен бірге отыра беретінмін. Жаз мезгілінде текемет басатынбыз. Оған да түрлі ою-өрнек салуды лезде үйреніп алдым. Содан бері осы өнерден қол үзбей айналысып келемін, – деді бүгінде жетпіс жасқа жеткен кейіпкеріміз.
Балалық шағы Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылында өткен Шолпан Белдікбаева он жеті жасында Құмық Белдікбаевпен өмірін түйістіріп, Кеңеске келін болып түседі. Содан бері Шолпанның қолынан шыққан бұйымдарды осы ауылдың тұрғындары тұтынып, қызығын көріп келеді. Күніге көптеген тапсырыс қабылдайды. Оның дені ұзатылған қыздардың жасауы. «Менің қолымнан шыққан жасау ауылымыздың аруларымен бірге, еліміздің көптеген аймақтарына тарап кетті» дейді апайдың өзі марқайып. Одан бөлек, қолөнер шебері Тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейтойына арнап, матадан қабырғаға ілетін кілемше жасады. Сонымен қатар, Сыпатай батырдың бейнесін тігіп шықты. Бұл дүниелердің барлығына аудан деңгейінде өткен мәдени шараларда тапсырыс көптеп түседі екен. Қазір де Шолпан апа қарап отырмайды. Күнде ол кісіге шымылдық, перде сынды тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс берушілердің қатары көп.
– Бұрынғыдай жас емеспін. Дегенмен, тігінсіз отыра алмаймын, – дейді қолөнер шебері. Ол кісі жасаған бұйымдарды тамашалап отырып, көзіміз қабырғада ілулі тұрған тұскиізге еріксіз қадалды. Күрделі тігістен шыққан дүниеге таңданыспен қарап қалдым.
– Бұл тұскиізді осыдан бірнеше жыл бұрын тіккенмін. Тура бір жыл айналыстым. Нәтижесінде, ойымдағыдай шықты, – деді апай одан сайын қызығушылығымызды оятып. Шолпан апа өнерден де құралақан емес екен. Әуелетіп ән айтатыны бар. Өзі – осы ауылдағы «Ақ ниет» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Әрі ансамбльдегі өнерпаздардың сахналық киімін тігу де осы кісінің мойнындағы шаруа.
Шолпан Белдікбаева – екі ұл, төрт қыздың анасы. Олардың барлығы – бүгінде өмірден өз орнын тапқан бір-бір отбасының иесі. Мұның барлығы үшін Шолпан апа Аллаға шүкірлік етеді.

Фариза 
Әбдікерімова, 
«Ақ жол». 

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support