- Advertisement -

Қант қызылшасын өсіру қайта қарқын алды

318

- Advertisement -

бүгінде облыс бойынша 3333 гектар қызылша алқабынан өнім алынды. Жиын-терін барысындағы өнімділік көрсеткіші бойынша гектарына 164,9 центнерден айналды.

Рас, қант өндірісін өркендету – өте күрделі технологиялық үдеріс. Өнімділік – егілген қант қызылшасының сұрпына тікелей тәуелді. Ал түсімнің мол болуы агротехникалық шаралардың сақталуына да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, біздің өңір балтамыр өсіруге қолайлы аймақ болып есептеледі. Бір сөзбен айтқанда, қант қызылшасын өзімізде өсіріп, өңдеуге мол мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан да көрсетілер көмек аз емес. Сондықтан, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қант қызылшасы егілетін алқап көлемін арттыруды ұдайы тапсырып келеді. Жоспар бойынша биыл бұл көрсеткіш 10 мың гектарға жеткізілуі керек еді. Бірақ, нәтиже ауыз толтырып айтарлық емес. 

Нақты айтсақ, қызылша өсіп тұрған алқап көлемі 3914 гектарды құраған. Қызылша өсірілетін аудандар дегенде, тізімнен ең бірінші Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандары сызылып тасталатыны белгілі. Өйткені, бұл аудандарда жер жағдайы сәйкес келмейді. Олар қызылша өсіру міндетінен сонау кеңестік кезеңнің өзінде босатылған. Ал Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу ауданының жері техникалық дақылдың осы түрін өсіруге қолайлы.
Сондықтан да, Қордай ауданы 250 гектар қызылша егуі қажет болса, олар 222 гектарға тұқым сеуіп, жоспарды 90 пайызға орындап отыр. Жуалы тапсырманы 108,3 пайызға артық орындаған. Жамбыл – 31,2, Байзақ – 68,4, Т.Рысқұлов ауданы 60,1 пайызға жеткізсе, Меркі ауданының шаруалары жоспарланған 3100 гектардың 1350 гектарын ғана пайдаланған.
Кейінгі кезде тәтті түбір өсірушілер суару әдісінің жаңа технологиясын қолдану арқылы мол өнім алуға көздері жете бастады. Әйтсе де, кей аудан бұл жаңалықтан қалыс қалып жатыр. Алысқа бармай-ақ қояйық, Жамбыл ауданының шаруалары қызылшаға келгенде қаржының қолбайлау екенін алға тартып, жаңалыққа аса құштарлық танытпай отыр. Ал Меркі өңіріндегі жекелеген кейбір шаруа қожалық иелері жаңбырлатып суару әдісін енгізудің арқасында табысқа кенелуде. Солардың бірі – «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Биыл 200 гектарға қант қызылшасын ектік. Бірақ, қанша жерден тау-тау тәтті түбір жинасам да, қант зауыты үшін бір айға ғана азық болатыны белгілі. Сол үшін Елбасы тапсырмасына сай, егіншілік кәсіппен айналысушылар суды үнемдеуші тәсілге көшіп, жоғары өнім беретін сұрып­тарды егу арқылы өнімділікті арттыруы керек. Негізінен балтамырды өсіруге дайындықты ерте күзден бастау керек. Анығы, қара күзде сүдігер көтеріп, тұқымды наурыздың 10-ы мен сәуірдің 10-ы күндері аралығында себуі керек. Себебі, құрт-құмырсқа тірілмей жатып, тұқым өнуі тиіс. Қамыс секілді зиянкес шөптер тамырынан жойылса, мол өнім алудың кепілі сол болмақ. Одан кейін қант қызылшасының түбін 4-5 рет 30-40 сантиметр тереңдікте қопсытып отыру қажет», – дейді аталмыш серіктестік басшысы Қанат Шайхиев.
Қ.Шайхиев Түркияға барып, тәжірибе алмасып келгенін айтады. Жаңбырлатып суару технологиясын енгізу арқылы былтыр гектарына 50-55 тоннадан өнім алғанын әңгімеледі. Ерінбей еңбектенсе, қызылшаның қыруар пайда әкелетінін де жасырмады.
– Тұқым себілгенде мемлекет гектарына 50 мың теңге субсидия береді. Жиын-терін кезінде «Тараз қант» зауыты тоннасына 13 мың теңге тағы төлейді. Субсидия өндірілген өнімге байланысты беріледі дегеннің өзінде, орта есеппен әр гектарға шаққанда, түсім 100 мың теңгеден кем болмайды. 2008 жылдан бері қызылша егуді кәсіп еттім. Кешеге дейін кеңестік кезеңнен қалған қарапайым әдісті қолданып келдік. Бүгінде егу, суару, түбін қопсыту, тыңайтқыш беру, жиын-терін жұмыстарын да арнайы шығарылған шетелдік техника күшімен атқарамыз. Техника өзімізден болған соң, шығын аз. Тұқым сапасына да баса мән берілгендіктен, түсім жақсы. Француз елінен әкелінген, әр гектарға себетін тұқымның құны 15 мың теңгеден айналады. Бізді аса қатты қинайтыны – тұқымның мамыр айында себілетіндігі. Онымен қамтамасыз етуші қант зауыты осыны ескерсе, – деген тілегін де жеткізді серіктестік басшысы.
Тамшылатып суарудан, біріншіден, су үнемделсе, екіншіден, арамшөптердің өсуі азаяды. Арамшөптер арық суымен ағып келіп, алқапқа қаптап шығады. Ал жаңа технология бойынша артық су жіберілмейді. Сондықтан да топырақ құнарлылығы сақталып, жер күн қызуын мол қабылдағандықтан, өнім арта түседі дейді мамандар. Байзақ ауданы «Талап» шаруа қожалығының басшысы Маут Фазулов жаңбырлатып суарғаннан гөрі тамшылатып суару әдісінің тиімді екенін айтады. «Біріншіден, жаңбырлатып суарғанда судың булануы көбейеді. Әрі алқаптағы желектердің түбі қатып қалады. Тамшылатып суарғанда арамшөп атаулы болмайды. Былтырға дейін қарапайым әдіспен қызылшаны арықпен суарып, түсімді гектарына 40-50 тоннадан асыра алмаушы едім, Алла қаласа, келешекте гектарына 80-100 тоннадан өнім алатынымызға сенімдімін» – деді ол.
Қос шаруашылық басшылары бірі тамшылатып, бірі жаңбырлатып суарудың тиімді екенін дәлелдеуге тырысты. Қалай десек те, олардың интенсивті технологияға көшудің пайдасын көріп отырғаны өзгелерге үлгі. Өйткені, өңірімізде әлі де қарапайым ескі әдістен қол үзе алмай жүргендер баршылық. Жамбыл ауданының шаруашылық алқаптарына себілген тәтті түбір тұқымының әркелкі өнетінін көріп, жаңа технологияның тиімді екенін түсіндік.
Ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жеке шаруашылық серіктестігі Жамбыл аудандық филиалының директоры Ерлан Құлкеев те егіншіліктегі ескі әдістің өте тиімсіздігін айтады. Он гектар қызылшасын бір рет жекелеуге, үш рет шөбін шабуға адам күшін жалдағанын тілге тиек ете отырып, ол: «Егер тамшылатып суарсақ, мұндай машақатқа кез болмас едік. Бір гектарға 800 текше метр су жұмсалатын болса, тамшылатып суару әдісімен 250-300 текше метр жұмсау арқылы су мөлшері 3 есеге үнемделеді. Бір гектар суаруға ескі әдіспен бір күн уақыт кетсе, жаңа технологиямен бұл жұмысты жарты күнде еңсеруге болады. Қазіргідей шөбін шауып, түбін қопсытып әуреге түспей, мол өнімге кенелер едік. Осының бәрін білгенімізбен жаңа технологияға көшуге қаржы жағы қолбайлау болып келеді. Келер жылы жер көлемін 25 гектарға ұлғайтып, тамшылатып суару әдісін енгізу жоспарымда бар», – деді.
Шаруалар қант қызылшасын көбірек өсіруге ден қойса, жаңалықты жаппай қабылдаса, түсім де мол болар еді. Өңіріміздегі қант зауыттары да тоқтаусыз жұмыс істеп, қаншама тұрғын жұмыспен қамтылар еді. Бастысы, импортқа деген тәуелділік азаяр еді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support