- Advertisement -

Ауылдың ажары — «Ақ ниет» ансамблі

114

- Advertisement -

«Ақ ниет» әжелер ансамблі. Бұл өнер ұжымының қатысуынсыз бүгінде Кеңес ауылында ешқандай мәдени шара өтпейді. Ансамбль жетекшісі Рыскүл Таубаеваның айтуынша, отбасының күнделікті күйбең тіршілігіне қарамай, өнерді серік еткен әжелер кәнігі өнер иелері сынды күнделікті дайындық жұмыстарына да бірі қалмай қатысады екен. «Ақ ниетті» алға жетелеп келе жатқаны да сол біздің бірлігіміз бен өнерге деген құштарлығымыз», – дейді Рыскүл әже.

Құрылғанына он жылға жуықтаған ансамбльдің құрамында сегіз әже өнер көрсетеді. Олардың барлығы да жастық шақтарында колхоздың ауыр жұмысынан бастап, отбасы ошақ қасындағы қыруар міндеттерді қатар атқарған ардақты аналар.
– Өнер деген өзі киелі болады. Соның шағын бір бөлігінде жүргеніміз менің және барлық әріптестерім үшін үлкен мәртебе. Концерт алдындағы дайындықтардың өзіне құлшына қатысатынымыз содан. Ән айтсаң көңілің де тасып, бір марқайып қаласың. Өзім қырық жыл ұстаздық еңбек еттім. Бірақ бала күнімнен ән айтатынмын. Үлкен сахнаға шықпасақ та бүгінде облыс көлемінде ән салып, өнердің ортасында жүргенімізге дән ризамыз. Жастарға айтарым өмірде биік мақсаттарды бағындыру үшін тек аянбай еңбек ету керек. Репертуарымызда көбіне халық әндері бар. Одан бөлек, ауылдың алты ауызын орындаймыз. Түрлі мерекелік шаралардың тақырыбына орай оның сөзін ансамбль мүшелерінің өзі жазады, – дейді Рыскүл апа.
Рыскүл әженің өмірлік қосағы Бақыт Көбәсілов ақсақал да өнерден құр алақан емес екен. Жас кезінде осы ауылдағы халық театрының құрамында өнер көрсетіп, бірнеше образды сәтті сомдапты. Бүгінде отанасы екеуі ұл-қыздарының, немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты отбасының бірі.
«Ақ ниет» ансамблінің аудан көлемінде жеткен жетістіктері де жоқ емес. Алғаш құрылған кезде-ақ оза шығып, бірнеше ауылдың әжелері қатысқан байқауда бірінші орынды еншілегені бар. Осыдан кейін оларға ауданда, облыс көлемінде өтетін концерттерге тапсырыс түсіп тұрады. Айтпақшы, өнерпаз әжелер сахналық киімге де бейжай қарамайтын болып шықты. Оны өнерден тапқан табыстарына арнайы тапсырыс беріп тіктіреді екен. Бір тамашасы, тігінші де алыста емес. Ол – осы ансамбльдің белді мүшесінің бірі Шолпан Белдікбаева.
Біз де еселі еңбегімен, өз өнерлерімен ауылдың ажары болып жүрген «Ақ ниет» ансамбліне, ардақты әжелерімізге риза кейіппен сәттілік тілейміз.

Фариза Әбдікерімова, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support