- Advertisement -

Ұлымның отаншыл болып өскеніне қуанамын

86

- Advertisement -

Дейді кәсіпқой бокстың төрт нұсқасы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина

Астана қаласында өткен «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» атты жалпыұлттық патриоттар форумы аясында ұйымдастырылған «Жыл патриоты» байқауында әлемге әйгілі былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина «Ана жүрегі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Ат – биеден, алып – анадан» деген. Головкиндей алтын сақа ұлды қазағыма сыйлаған анаға қандай құрмет көрсетсе де артықтық етпейді!
Шынын айтқанда, баласына жұмсалған әрбір соққы анасының жүрегіне қадалған қанжар ғой. Соның бәрін көтеріп жүрген ана жүрегінің мықтылығын айтсаңызшы! Жүрегіне мейірім ғана тұнбай, ерлік те ұя салған ананы «Ана жүрегі» сыйлығының адаспай тапқанына біз де қуандық.

– Елизавета Сергеевна, «Жыл патриоты» конкурсында жеңіске жеткеніңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Жүлдені алып тұрып, қандай сезімді бастан кештіңіз?
– Ең алдымен мені төбелеріне көтеріп, сый-құрметке бөлеген аса қайырымды және ілтипатты жандарға аналық алғысымды айтқым келеді. Бұл, сөз жоқ, менің қымбатты ұлым – Геннадийге көрсетілген құрмет. Жүлдені алып тұрып мен Геннадийдей бүтін бір елдің мақтанына айналған ұлды тәрбиелеп өсіргеніме қуандым әрі өзімді бақытты сезіндім!
– Сіздің жүлдеге ие болғаныңызды Геннадий естіді ме?
– Біз телефон арқылы жиі хабарласып тұрамыз. Сондықтан да, бір-біріміздің қандай жаңалықтарымыз бар – бәрін де сол заматта біліп отырамыз. Балам мені құттықтап, өзінің мен үшін өте қуанышты екенін жеткізді. Маған Генамның «Ана, біз бірлігі жарасқан елде тұрамыз. Құдайға шүкір деуіміз керек» деген сөздері ұнады. Ол шынында өзінің елін, Елбасын өте қатты құрметтейді.
Содан кейін ұлым қазанның 17-сі күні болатын кезекті жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып жатқанын айтты. «Сіздің жеңісіңізге мен де жеңіспен жауап беремін. Теледидардың алдында қаттырақ айқайласаңыз, даусыңызды естіп, күш-қуат алуым мүмкін», – деп қалжыңдап та қойды (Сұхбат 17 қазанның қарсаңында алынған болатын – ред.).
– Жалпы, Геннадий жас кезінде қандай бала болды? Боксты таңдауына қарағанда, тентектігі бір басына жетерлік болған шығар?
– Рас, жұрттың бәрі Геннадийді жас кезінде бұзық болған шығар деп ойлайды. Шынын айтсам, мен оның ауладағы балалармен шекісіп, не болмаса төбелескенін көрмеппін. Ол өте бауырмал, көпшіл бала болып өсті. Ауладағы, көшедегі кез-келген баламен тіл табысып, достасып кететін. Әйтеуір, үнемі жайраңдап, көңілді жүретін.
Геннадий 11 жасында боксқа барды. Негізі, Гена егіздің сыңары – Максим екеуінің кіндігі бір. Геннадийдің бақытына орай оған жақсы бапкерлер кездесті. Алғашқы бапкері Виктор Дмитриев, одан кейін Ғалым Кенжебаев оның бойына ізгіліктің, ізеттіліктің дәнін сіңіре білді. Спорт адамды жақсы бағытта тәрбиелейді ғой. Бокспен үзбей айналысып жүргендерінде Гена мен Максимнің өздігінен барып біреуге ұрынғандарын естіген емеспін.
– Бір кездері көрші елдің спорт комментаторлары Геннадий Головкинді өздеріне иемденіп, біздің намысымызға ши жүгіртіп қойды. Сіздің бұл жөніндегі пікіріңізді білсек деп едік…
– Геннадийге қатысты мұндай дақпыртты естідім. Бұған мен күле қараймын. Жақсыны әркім өзіне тартып жүреді ғой. Жалпы, мұндай қаңқу сөздерге Геннадийдің өзі жақсылап тұрып жауап берді деп ойлаймын. «Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен өзім қазақпын!» деген жоқ па?!
Гена шынында да өз Отанын жан-тәнімен сүйеді. Ол мұны құрғақ сөзбен емес, ісімен дәлелдеп жүр. Баламның отаншыл болып өскеніне мен де қуаныштымын.
– Елизавета Сергеевна, өзіңіз жөнінде, отбасыңыз туралы бір-екі ауыз айта кетсеңіз…
– Менің жұбайым Геннадий Иванович былтырғы жылдың ақпан айында дүние салды. Ол кісі көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері болған. Спортты жақсы көретін. Қыста шаңғы теуіп, күнделікті жаттығуларын жасап, өзінің денсаулығына ықтиятты қараушы еді.
Мен өзім де жас кезімде жеңіл атлетикамен айналыстым, аздаған жүйріктігім бар болатын. Кейін отбасын құрып, балалы-шағалы болғаннан кейін қол үзуге тура келді. Ұзақ жылдар химиялық зертханада ассистент болып қызмет еттім.
Біз Майқұдықта жер үйде тұрып келдік. Жұбайым қайтыс болған соң балаларымның ұйғарымымен қаладағы жайлы пәтерге көштім. Ендігі қалған ғұмырымда елімнің амандығын, балаларым мен немерелерімнің тілеуін тілеп отырмақпын.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Жүрегіңізге жүк түспесін.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.

(«Егемен Қазақстан»,
20 қазан 2015 жыл).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support