- Advertisement -

ҮЛКЕН ЕЛ – ҮЛКЕН ОТБАСЫ

539

- Advertisement -

жалпыұлттық жобасы
жүйелі жүзеге аспақ

«Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы – бүгінде белсенді түрде іске аса бастаған, Елбасы ұсынысымен қолға алынған тың бастаманың бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамымыздағы беделін арттыра отырып, еліміздегі ұлт, ұлыстардың ауызбіршілігін нығайтуды басты мақсаты еткен бұл жобаның берері мол.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте мәлім болғандай, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы үш тұжырымдамалық бағытқа негізделетін болады. Жобаның бірінші тұжырымдамалық негізі қайырымдылыққа арналған. Қашаннан қайырымдылықты басты құндылығымыздың бірі санайтын қазақ халқы үшін мұқтаждарға қолұшын созып, қорғансызға қамқор пейіл таныту жат емес. Ендеше, осы асыл қасиетті әрбір азаматтың бойында дамыта отырып, «Қайырымды ел тұрғыны» болуға талпыну – құптарлық және қуана қолға алатын іс. Ал екінші тұжырымдамалық негіз – медиация институтын дамыту. Яғни, қазақ қазақ болғалы араағайындық жолмен араздасқан тараптарды ортақ мәмілеге келтіру. Жалпы, ел тәуелсіздік алғалы медиацияны дамытуға талпынып, осы бағытта талмай еңбектеніп жүрген бірді-екілі қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар бар. Алайда, «жалғыздың үні шықпайтыны» секілді, олардың бастамасы жаппай қолдау таппай жататын. Ендігі жерде бұл іс жалпыхалықтық сипат алып, туындаған мәселені ауызбіршілікпен шешуге ерекше ден қойылмақ. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасының үшінші бағыты қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту болып табылады.
Қоғамдық-бұқаралық, қайырымдылық, ғылыми-танымдық сипаттарда кешенді түрде жүргізілетін жоба нақтылы кезеңде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан қолдау табуда. Ассамблея мүшелерімен қатар, барлық қоғамдық ұйымдар мен жалпы халықтың ерекше ықыласына ие болған бастама, айналып келгенде, Елбасы ұсынған «100 нақты қадамды» іске асыруға бағытталып отыр.
«Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» – 100 қадам – Ұлт жоспарының негізгі ережелерін тиімді іске асыру мақсатында және 86-қадамға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы әріптестермен бірлесе отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырған болатын. Сол 86-қадамда «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру қазақстандықтардың бірегейлігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызады. Бұл барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасымен (ішкі туризмді дамытуды ескере отырып) және «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің бірлігі», «Алтай інжулері», «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» және «Каспий қақпасы» өңірлік мәдени-туристік кластерлер құрумен байланысты болады» деп көрсетілген болатын.
Яғни, жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру жұмыстары күні кеше Тараз төрінде дүбірлеп өткен хандықтың тойы тұсындағы «Ұлы Дала елі» және «Жібек жолының бойындағы сұхбаттасу» сынды іс-шаралармен басталып кетті.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support