«Балқадиша» әнінің бастапқы мәтіні қайда?

Бала күнімізде Ақан серінің «Балқадиша» әнін радиодан, теледидардан естігенде қатты тамсанушы едік. Себебі, біз естіген ән «Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша, Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп басталатын еді. Осы мәтін айтылғанда «Қыздың өмірі қор болған екен. Балқадишаның ғұмыры өмір бойы қорлықпен, зорлық-зомбылықпен өткен екен», деп, жанымыз ауыратын. Сосын Ақжүніс пен Қарт Қожақтың арасындағы жағдайларды еске алып, сол қатал заманның кейбір көріністеріне ренішпен қараушы едік.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Серік Негимовтың құрастыруымен шыққан ән-күйлер жинағы қолыма түсті. Жинақ 1989 жылы «Өнер» баспасынан жарық көріпті. Сол жинақ ішінде Ілия Жақановтың «Балқадиша» туралы жазған мақаласы назарымды аудара берді. Алғашында бұл трагедиямен аяқталатын мақала шығар деп ойладым. Ол ойымнан тез айнып, басқаша сипатта болуы да мүмкін ғой деген тұжырымға келдім. Түйсігім алдамапты. Бұл мақалада ән тарихының айтылып жүргеннен басқаша өрбігенін байқағанда, бас алмай оқи бердім. О, мына кереметті қараңыз! Балқадишаның күйеуі сексен бес жаста емес, өз теңі екен ғой. Көңілім қуанып, сананы бір сергітіп алдым.
І.Жақановтың зерттеу мақаласында айтылғандай, Шөкейдің Ыбырайы деген – аса қадірлі, зиялы кісі екен. Өзі орта дәулет жиыпты. Үйіне игі жақсылар, ақын-жыраулар көп түскен деседі. Тумысынан турашыл, әділ кісі болған. Ел ішіндегі дауларды дұрыс шешуімен жұртқа қадірі артқан. Әннің өзі «Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша» деп құрмет сезіммен басталды ғой. Ақан сері Ыбырайдың Балқадишасын елу жеті-елу сегіз жасында көрген. Ол кезде Балқадишаның жиырмадан енді асқан шағы.
Балқадишаның көркі әкесіне тартқан көрінеді. Шешендігі, әншілігі бар Балқадишаға тәкаппарлық қасиет те жараса кеткен. Сондықтан болуы керек, оған кейбір сері жігіттердің өзі сөз айта алмаған. Атастырған жігіті Мұсабайдың Сүлеймені жібі бос жуастың өзі болады да, Балқадишаға өздігінен беттей алмай көп бөгелген. Сүлеймен де айтулы әулеттің ұрпағы еді. Мұсабайдың әкесі – елге найзагер, батыр болып аты шыққан жан. Ыбырай оның әруағын сыйлап Мұсабаймен құда болған.
Балқадиша 1883 жылы туылған. 1904 жылы 21 жасында Сүлейменге тұрмысқа шыққан. Сүлеймен 1877 жылы туылған, жылы – сиыр. Балқадишадан алты жас үлкендігі бар. Балқадиша! Ақан серінің сергелдең өмірін нұрландырып, күңгірт көңілінде шырақ болып жанып:
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге, дүние-ай, зар Қадиша.
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боларсың қандай жанға жар, Қадиша!
Баласы Ыбекеңнің Балқадиша,
Бұралған белің нәзік тал, Қадиша.
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден cізге бар, Қадиша! – дегізген махаббат періштесі!!!
Сүлеймен мен Балқадишадан Күлия, Кәкім, Төребай, Гүлсім, Нағима, Жетібай деген ұл-қыздар тарайды. Сүлеймен мен Балқадиша тату-тәтті, мағыналы ғұмыр кешкен.
Мақалада Ақмола облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің бас редакторы Жанайдар Мусин: «Хасен деген етікші жездеміз бар еді. Сол кісінің үйіне бойы тіп-тік аққұба бәйбіше келіп жүрді. Киген киіміне, көркіне қызығып: «Бұл кісі кім болады?» – деп сұрадым жездемнен. Ол жайбарақат қана «Балқадиша ғой, маған сәнді кебіс тігіп бер деп келіп жүр деді» деп пікір айтады.
І.Жақановтың мақаласын оқығаннан кейін менің Балқадиша өміріне деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Балқадиша тұрмысқа шыққанда, күйеуі Сүлейменнің жасы 27-де болған. Бұл кезде Ақан сері 58-де. Сүлейменнің өзінен 31 жас үлкендігі болған Ақан серінің. Ал осы әнді орындаушылар «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп, 27 жастағы жап-жас жігіт Сүлейменді шалға теңеп қояды. Бұл жерде Сүлейменнің өзі «Айналайын, әншілер, мен ешқандай 85 жаста емеспін, 27 жасымда Балқадишамен отау құрдым. Бақандай 58 жасты қайдан қостыңыздар?» деп мұңын шағып тұрғандай болады. Қайткенде де солтүстіктің жігіттері, әншілері Балқадиша тарихынан хабардар. Бұл әнді көбіне оңтүстіктің әншілері бұзып, өзгертіп айтады.
Былтырғы желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай елге кеңінен танымал «Жігіттер» квартеті телеарналардың бірінен мерекелік концерт беріп жатты. «Балқадишаны» да орындады. Баяғыша! «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп… Сол әнші жігіттердің әлгіндей мәтінді айтқанын естігенде, Балқадишаның моп-момақан күйеуі Сүлеймен: «Сіз біздің өмір дерегімізден хабардар едіңіз ғой. Мына әншілер біздің әруағымызды қорлады. Қашанғы сексен бестегі шал бола беремін. Балқадишаға үйленгенімде 27 жаста едім ғой. Екінші дүниеде қалай ақталасыңдар. Тарихты білмесеңіз, бізді қорламаңыздар!» – деп тұрғандай болды.
Ендеше, әйгілі «Балқадиша» әнінің мәтінін бұзбай айтайық!

Майлыбай Смағұлов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

1 Comment
  1. Aybec says

    Болса, өзгертілмеген толық мәтінін қосып жібермедіңіз бе мақалаға, іздеген жұрт оқып білсін.
    Қазақша мақала жазатын адамдарға таң қаламын, толық анығын ашып жазбайды, содан шатыс туады.

Comments are closed.

микро займ на карту