- Advertisement -

АҒЫН СУҒА ЗӘРУЛІК

69

- Advertisement -

егіншілікте ылғал үнемдеу технологияларын жаппай енгізгенде ғана шешімін таппақ

Жұмыр жердің 70 пайыздан астамын су басып жатқанына қарамастан, әлем халқының 70 пайызы суға зәру екен. Бұл жағдай 2025 жылға қарай тіптен ушыға түседі деген де болжам бар. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс та судан шығуы мүмкін. Су мәселесі Орта Азияда да қатты сезілуде. Осы саланы зерттеп жүрген АҚШ профессоры Аароном Вольф-фом: «Әлемнің 45,3 пайызында өмір сүретін 145 мемлекет 263 транс-шекаралық өзендерді пайдаланады. Қазір осы мемлекеттер арасында су дауы қатты көтерілуде», — деп жазды.
Көрші елден ағып келетін суға телміргендердің қатарында қордайлықтар да бар. Ағын судың қадірін аудан дихандары өздерінің көп жылғы ащы тәжірибелерінен жақсы біледі. Шу өзенінің басында отырған айырқалпақты ағайындар суару маусымы сайын шөміштен қысып, өзара қырқыстырып қоятыны бар. Тек биыл ғана облыс әкімінің араласуымен көршілермен бітімге келгендей болып, өзеннің суы келісім-шарттағыдай бөлінуде. Бірақ, сонда да су жетпей, дихандардың реніші тыйылар емес. Өткен аптада ауданға жұмыс сапарымен келген Кәрім Көкірекбаев осы мәселенің бір шешімін табу үшін егістік алқаптарын аралап, егіншілерімен кездесті.
Ауданның «совхоздар» аймағына Шу өзенінің Шөміш бөгенінен секундына 27 текше метр су берілуде. Бұрынғы кездермен салыстырғанда жағдай едәуір жақсарған. Бірақ, каналдың төменгі сағасында орналасқан агроқұрылымдардың егістіктері судан тапшылық көріп отыр. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, каналдар мен тоғандардың ескіруінен су ысырабына жол беріліп жатыр. Екіншіден, «оң тармақ» каналдың бойында суды көп қажет ететін дақылдардың үлес салмағы артқан.
Жалпы, ауданда екі бірдей су шаруашылығы бар. Облыстық су шаруашылығы басқармасының филиалы «Қордайсушар» (басшысы Денис Коновалов) негізінен Қырғызстаннан суды сатып алып, ішкі каналдарға салып берумен айналысады және су қоймаларының жағдайына жауап береді. Ал, алынған суды агроқұрылымдардың егістіктеріне дейін жеткізіп, су қорын сұранысқа сай үйлестіріп бөліп беру – «Қордай берекесінің» (басшысы Салиха Қасабекова) міндеті. Сол үшін су пайдаланушылар оларға ақы төлейді. Жылда агроқұрылымдармен келісім-шарттар жасалады. Бірақ, судың тапшылығынан бұл келісім-шарттар су бөлушілер тарапынан толық орындалмай қалуда.
Ауданда «Қордай берекесі» КМК су жүйелері қамтитын суармалы жерлердің жалпы көлемі 28 мың гектар болса, оның 18 мың гектары «сол тармақ» каналдың астында орналасқан. Бұл – аудан орталығының батыс жағындағы Қасық, Степное, Бетқайнар, Қақпатас, Сарыбұлақ ауылдық аймақтарына қарайтын агроқұрылымдардың жерлері. Каналдың жалпы ұзындығы 66 шақырымды құрайды. Оның 17 шақырымы ғана 1972 жылы қойылған бетон науалар да, қалғаны – жетпіс жылдай бұрын жерден қазылған ескі канал.
Соңғы жиырма жылдан аса жөндеу көрмегендіктен, тазаланбағандықтан, каналдың өн бойын қамыс басып, шөгінділер тұнып, таяздалып кеткен еді. 2010 жылы аудан бойынша каналдарды тазартуға, гидротораптарды жаңартуға бес нысанға «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 99 миллион теңге бөлініп, игерілді. Соның нәтижесінде осы каналдың 30 шақырымы механикалық тәсілмен тазартылды. Алайда, жер каналдарды тазартудың зиянды жақтары да жоқ емес екен. Экскаватор шөміші канал бүйіріндегі өскіндерді тамырымен қопара қазып шығаратындықтан, оның түбі босап, судың жер астына сіңіп кетуі артып отыр. Каналдың табаны қайта тапталғанша судың ысырап болғаны – болған. Судың жол-жөнекей жырылып кетуіне бұл да бір себеп. Оның тапшылығын тудырып отырған тағы бір себеп – Қақпатас өзені тұсындағы бақылау дюкерінен төмен қарай жалғасқан 17 шақырымдық бетон науаларда көрінеді. Қырық жылдай бұрын қойылған науаның сау-тамтығы қалмаған екен. Кетілген, ойылған жерлерінен су айдалаға кетіп, көлшікке айналып жатыр. Бетонның шөгіп кеткен жерлерінен су сыртқа ақтарыла бергесін, соңғы жылдары қолдан құйып биіктетіпті. Бірақ, қанша жамап-жасқағанмен ескі бетонның жырығы көп. Осы дюкерден (бақылау орны) бөлінген су – Сарыбұлақ ауылдық аймағындағы екі агроқұрылым мен жүзден аса ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының тіршілік нәріне айналып отыр. Ауылдық аймақ іштей Сарыбұлақ және Қайнар болып (бұрынғы әкімшілік бөлініс аумағымен) екіге бөлінеді. Екеуінің әрқайсысында үш мың гектардан суармалы жерлері барын ескерсек, каналдың ең аяғында отырған бұл аймақ тұрғындарының суға деген ділгірлігі түсінікті.
Шындығында, аудандағы суландыру жүйелері тозығы жеткен. Ширек ғасырдан бері жөнделмеген жерлері бар. Мұндағы бір түйткілді мәселе – кезінде мемлекет күшімен салынған ішкі шаруашылық суландыру жүйелерінің бір бөлігінің жекеменшікте болуы. Ал қайта жарақтандырудың мемлекеттік бағдарламасына енгізу үшін олар республика меншігінде болуы тиіс.
Тағы бір мәселе. Кезінде ауданда бір ғана қант қызылшасының алқабы он мың гектардан асатын. Оның ішінде «Көкқайнар» кеңшарында (қазіргі «Благовещенка» ЖШС) 1700 гектар қызылша егілетін. Одан бөлек, 2500 ірі қара, 5000 шошқа өсіріліп, оның азық қорын дайындауға 1200 гектар жоңышқа, 1000 гектардан жүгері, басқа да жемшөптік дақылдар өсірілетін. Ол кезде де «Шөміш» бөгенінен ауданға бөлінетін су көлемі қазіргідей секундына 27 текше метр шамасында болатын. Сол су бәріне жететін, өйткені, жаппай жаңбырлатқыш қондырғылар қолданылатын. Әр кеңшарда жиырма-отызға дейін тракторға тіркелетін ДДА-100 жаңбырлатқыштары болғанын білеміз. Мұны бекерге еске түсіріп отырған жоқпыз. Суаруда мейлінше үнемді технологияға жаппай көшпейінше, қазіргідей су тапшылығын еңсеру қиын-ақ.
Соңғы жылдары ауданда қазіргі замандық жаңа технологияны дәріптеуге арналған облыстық семинарларды, «Егінжай күндерін» өткізу дәстүрге айналған. Ондағы мақсаты облыстан жиналған ауыл шаруашылығы мамандарына көрсетілген жаңа техника қатарында суды мейлінше үнеммен жұмсауға болатын жаңбырлатқыш қондырғылардың түрлері мен соңғы кездері жаппай қолданыла бастаған тамшылатып суару технологиялары да болған еді. Бұл каналдың аяғында отырып үнемі судан тапшылық көріп келе жатқан Сарыбұлақ ауылдық аймағындағы дихандарға арналғандай емес пе?!
Шу өзенінен бөлінетін суды ысырапсыз кәдеге асырудың ірі жобаларын қолға алатын кез жетті. Аудан егістіктеріне су жеткізетін жалпы ұзындығы 133 шақырым каналдардың бәрінің тозығы жеткен. Осыдан бірер жыл бұрын «сол тармақ» каналдың бас жағынан екі мәрте су жырылып кетіп, аудан орталығының «Поле чудес» тұрғындар аймағын лайлы су басып қалып, жұртты әбігерге салған болатын. Сондықтан, жер каналдар біртіндеп бетондалуы тиіс. Оны кезең-кезеңмен қыруар шығын жұмсап, механикалық жолмен тазалай отырып, түбін босатып, су ысырабын болдыра бергенше, біржолата бетондап тастаған тиімді. Сарыбұлақ ауылдық аймағы тұсындағы қырық жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 17 шақырымдық темірбетон науалар да жаңартылуы қажет.
Бұл – «совхоздар» жағындағы проблема. «Колхоздар» аймағының бір бөлігін асырап отырған «Қарақоңыз» су қоймасының жайы да мәз емес. 1986 жылы салынған 8,45 миллион текше метр су сыятын тоғанның сыйымдылығын 19 миллион текше метрге дейін арттырып, суландыру аймағын он мың гектарға жеткізу көзделген екінші кезегінің құрылысы да жоспар күйінде қалған. Бірінші кезегі пайдалануға берілген ширек ғасырдан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген су қоймасында осыдан үш жыл бұрын орын алған төтенше жағдайдан кейін ғана плотинаның ішкі механизмдері түгел ауыстырылды. Бұл үшін республикалық бюджеттен 326 миллион теңге бөлініп, тараздық «Биномводстрой» ЖШС жұмысты тез әрі сапалы атқарып шыққан болатын. Су қоймасының тап аузында Масаншы, Қаракемер (22 мың тұрғын) елді мекендері жақын қоныстанған. Алты шақырым жерде Сортөбе, Ауқатты (30 мың тұрғын) ауылдық аймақтары орналасқан. Екінші кезегі салынар болса осы төрт ауылдық аймақтар тұрғындарының егістік суына зәрулігі біржақты шешімін тапқан болар еді.
1988 жылы салынған сыйымдылығы 10,5 миллион текше метрлік «Қақпатас» су қоймасы да 2010 жылы көктемде ернеулей толып кетіп, бірнеше тәулік бойы аңырай соққан Қордай желінің әсерінен айдын бетінде пайда болған толқындар бөгеннің бір жақ жиегін қуалай соққылап, су бөгеннен ақтарыла төгіліп, оның жырылып кету қаупі туған болатын. Шұғыл түрде күндіз-түні жүргізілген бекемдеу шараларының арқасында мұнда да қауіптің беті қайтарылды.
Аудан аумағында ірілі-ұсақты бес су тоғаны болса, соның ішінде ірілері – «Қарақоңыз» және «Қақпатас» су қоймаларын облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев көктемде арнайы барып көрген. «Қақпатас» су қоймасының да сыйымдылығын арттыру керек. Өйткені ауданның ішкі су көздері қажеттіліктің тек 12 пайызын ғана өтейді. Қалған 80 пайызға жуық су Шу өзенінен алынады. Жаздың аптап ыстық кездерінде көрші республикадан берілетін судың кемітілуінен егіншілер зор бейнетпен еккен егістіктің өнімі азайып немесе мүлде күйіп кететін кездері де аз емес. Егер «Қақпатас» бөгенін биіктеп, мұндағы су көлемі ең болмағанда он бес миллион текше метрге көбейтілсе, төмендегі Бетқайнар, Қақпатас, Сарыбұлақ ауылдық аймақтарындағы қаншама диханның тынысы кеңейер еді. Қазір осы жұмыстардың жобасы жасалуда.
Ал Ноғайбай ауылдық аймағында Ырғайты өзені бойында салынуы тиіс жаңа су қоймасының тағдыры әзірге қағаз жүзінде қалып отыр. Жалпы құны 7,7 миллион теңгеге бағаланған бұл жоба іске асар болса, 30 миллион текше метрлік жаңа су қоймасын іске қосу арқылы «совхоздар» аймағынан 6 мың гектардан аса жер суландырылып, қырғыздарға тәуелділік анағұрлым жеңілдеген болар еді. Жалпы, ауданның су қоймаларын кеңейту және жаңадан салу бойынша төрт жоба республикалық тиісті ведомстволардың қарауында жатыр. Облыс басшысы оларды жүзеге асыру арқылы ауданда қолдан жинақталатын су көлемін 100 миллион текше метрге дейін жеткізіп, қордайлықтарды су тапшылығынан арылту жолында жұмыстар жасалып жатқанын айтты.
Ағын судың тапшылығынан жыл сайын маңдайлары тасқа тиіп жүрген аудан егіншілері соңғы жылдары ылғал үнемдеу технологияларына барынша ден қоя бастады. Егер былтыр тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері қолданылған егістік көлемі 1070 гектар болса, биыл 2000 гектардан асуы – осы сөзіміздің дәлелі. Жаңа технологияның артықшылықтары Масаншы ауылдық аймағындағы «Щенхо» және Сарыбұлақ ауылдық аймағындағы «Самғау» шаруа қожалықтарының мысалынан айқын көрінеді. Мәселен, «Щенхо» ШҚ биыл 120 гектар жерде дақылдарды тамшылатып суаруға көшті. Былтыр осындай әдіспен өсірген пияздың әр гектарынан 64 тоннадан өнім жинаған. Ал бұрынғыша қолмен суарылған жерде ол 16-18 тоннадан аспас еді әрі су ысырабына жол беріледі.
«Тамшылатып суаруда су, тыңайтқыш және уақыт айтарлықтай үнемделеді, егістікті арамшөп баспайды» дейді жаңа технологияға ден қойған дихандардың қай-қайсысы да. «Самғау» шаруа қожалығының басшысы Евгений Трубников израильдік компаниямен ынтымақтасудың арқасында олардың тамшылатып суару технологиясын үш жылдың ішінде жақсы игеріп алғанын айтады. Израиль демекші, дихандармен кездесуде Кәрім Нәсбекұлы бұл елді бекерге мысал ретінде келтіріп отырмағанын айтты. «Сарқырап ағып жатқан суы, не шұрайлы жері жоқ, таулы, шөлейтті аймақта орналасқан Израиль елі тамшылатып суару тәсілін тиімді қолдану арқылы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде алдына жан салмай келеді. Оған қарағанда Қордайдың топырағы құнарлы, табиғаты қолайлы емес пе?» – деген Кәрім Нәсбекұлы алдағы уақытта суару жүйелерінің бірқатарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі су қорын молайту бойынша да жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сол күні облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев аудан әкімдігінде облыстық және аудандық су шаруашылықтары басшыларының, ауыл әкімдері мен агроқұрылым жетекшілерінің қатысуымен облыс басшысының талабынан туындайтын егістік суының тапшылығын жою тақырыбында жиын өткізді.
Қысқасы, Қордай ауданының егіншілік саласын табысты арнаға бұру үшін суармалы егістік жүйелерін толықтай жаңартып, жаз күнінде «қасқалдақтың қанындай» қат болатын ағын суды мейлінше үнемді пайдалануға жол ашатын жаңа технологияларды жан-жақты және батыл ендіре бастау керек. Жыл сайын қырғыздармен арада үлкен дау-дамаймен, есеп айырысумен бөлінетін Шудың суына біржақты тәуелді болмас үшін ішінара жергілікті мүмкіндіктерді іске қосу жолдарын да қарастырған жөн. Үкімет тарапынан қаржыландырылатын ондай іргелі жобалардың тиімділігін дәлелдеп, оларға осы бастан сұраныс берілуі қажет.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support